What are you looking for?

"Қарапайымдылық қайда?": Ауызашар мәзірінің тым қымбаттауы қоғамның наразылығын тудырды

12.03.2025

Сондай-ақ ауызашар беру үшін халықтың қарызға немесе несиеге батып жатқаны да алаңдайтын жағдай .

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар мейрамхана мен дәмханаларда ауызашар мәзірінің бағасы шарықтап кеткеніне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

“Өкінішке қарай, кейінгі уақытта еліміздегі кейбір мейрамхана, дәмхана және асханаларда ауызашар мәзірінің бағасы тым жоғары. Бұл қоғамда түсініспеушілік тудырып отыр”, – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Осыған байланысты басқарма қоғамдық тамақтану орындарын қарапайым әрі қолжетімді ауызашар мәзірін ұсынуға шақырды. ҚМДБ қасиетті Рамазан айының басты мәні қарапайымдылық пен қайырымдылыққа негізделгенін еске салды.

Сондай-ақ басқарма ауызашар ұйымдастыруда ысырапшылық пен баға бәсекесінен аулақ болудың маңыздылығын атап өтті.

“Исламда ысырап ету құпталмайды. Құранда: “…ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді әсте ұнатпайды” (Ағраф сүресі, 31-аят)”, – делінген мәлімдемеде.

ҚМДБ Рамазан айында жасалған әрбір ізгі істің ерекше сауапқа кенелтетініне назар аударып, мейрамхана мен дәмхана иелерін қасиетті айда қолжетімді әрі қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырды.

Бұған дейін көпшілік арасында «тиктокер-имам» аталып кеткен Нұрлан Байжігітұлы “Алматы ақшамы” газетіне берген сұхбатында қазақтар ауызашар беруді дастархан бәсекесіне айналдырып жібергені туралы айтқан еді.

Имамның айтуынша, ауызашардың негізгі мәні – қарапайымдылықта, берекелі дастарханда, адамдардың шынайы ықылас-пейілінде жатыр.

Алайда соңғы кезде ауызашар беру байлық пен әлеуметтік мәртебені көрсетудің бір құралына айналған.

«Біз ауызашарды жарысқа айналдырып жібердік. Бір күні маған бір облыстың әкімі хабарласып, «700 адамға ауызашар жасаймын» деді. Мен одан: «Сізге жарнама керек пе?» деп сұрадым. Ол «жоқ, керек емес» деді.

Бізде ауызашар берген шенеуніктерді орынсыз дәріптеу, мақтау әдетке айналған. Сонда халықты бір рет тамаққа шақырмаса, олар аштан қатып қалатын сияқты. Шын мәнінде, халық бұл ауызашарға қарап отырған жоқ. Сондықтан мұндай іс-шараны мақтаныш не бәсекеге айналдыру дұрыс емес. Ауызашардың мәні – шынайы ықыласта», – дейді имам.

Нұрлан имам сондай-ақ ауызашар беру үшін халықтың қарызға немесе несиеге батып жатқанына алаңдайтынын жеткізді.

«Бір қарызды жабамын деп, екінші қарызды мойынға ілудің ешқандай жақсылығы жоқ. Хадисте де: «ауызашарға бір жұтым су мен құрма болса да жеткілікті» деп айтылады. Ауызашардың берекесі дастарханның молдығында емес, адамның шынайы ниетінде», – деді ол.

Имамның сөзінен түсінетініміз, Рамазан айында ас та төк дастархан емес, қарапайымдылық, шынайы ықылас және имандылық алдыңғы орынға шығуы тиіс. Бұл қазақ халқының төл құндылықтарымен толық үйлесетін көзқарас.

Social Link

Follow Me On Social Media