8-наурыз күні басталған әлем чемпионаты 17-наурызға дейін жалғасады.
Бүгін, 12 наурызда қазақстандық боксшы Надежда Рябец Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатының 1/8 финалдық жекпе-жегін Сьерра-Леонеден келген Амината Коромаға қарсы өткізуі тиіс еді.
IBA-ның мәліметінше қарсыластың шаршы алаңға шықпауына байланысты боксшымыз бірден келесі кезеңге жолдама алды.
Айта кетейік, 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Надежда 2015 жылы Тайбэй (Тайвань) қаласында өткен әйелдер арасындағы бокстан жасөспірімдер әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. 2018 жылы Бангкокта (Таиланд) өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Сол жылы Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен III Жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы және 2022 жылғы Қазақстан чемпионы.
Сондай-ақ бүгін күндізгі сессияда Қазақстан уақыты бойынша 18:00-де Карина Ибрагимова, Назым Қызайбай, ал кешкі сессияда 22:00-де Наталья Богданова шаршы алаңға шығады.