What are you looking for?

Қазақстанда жол апатын ұйымдастырып, ақша бопсалайтын алаяқтар көбейіп барады

13.03.2025

Полиция мұндай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін көлікке бейнетіркеуіш орнатып алған дұрыс дейді.

Елімізде жол апатын ұйымдастырып, ақша бопсалайтын алаяқтар көбейіп барады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Олар әдейі көлік астына түсіп, полицияны шақырмай мәселені өзара шешуге итермелейді. Тіпті, алдын ала келісіп алған куәгерлері де дайын тұрады екен. Полиция қызметкерлері бұл жағдай бизнеске айналып кеткенін жасырмайды. Сондықтан сақ болып, машинаға бейнетіркеуіш орнатуға кеңес береді.

Алаяқтар оңай ақша табу үшін көлік астына түсіп, қойылым жасаудан да тайынбайды. Ең сорақысы, айланың бұл түрі елімізде белең алған. Олар жолдың ортасымен жүйткіп келе жатқан көліктің астына әдейі жата қалып, жарақат алғандай кейіп танытады. Жол апатының куәгерін де дайындап қояды. Осылайша, оқиға орнында шешейік деп көлік иесінен қыруар қаражатты сыпырып алады.

Полиция мұндай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін көлікке бейнетіркеуіш орнатып алған дұрыс дейді. Бұл құрылғыдағы дерек арқылы полиция шақырып, кінәсіз екеніңізді ақтап алуға болады. Оған қоса, видео-дәлел болмаса алаяқтарды ұстау өте қиын.

"Мысалы жаяу жүргінші жолға өзі жүгіріп шығып, тиісті емес жерде жолды өтпек болып машинаға секірді деген бір болжам бар болатын болса онда түсініктемесінде міндетті түрде атап өткен жөн. Егер осындай дерек алатын болып, өз бетінше шешуге тырыспай-ақ қойсын. Өйткені ол заңға қайшы әрекет. Сондықтан қандай жағдайда да 102 пультіне хабар берген дұрыс", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар мамандар көшедегі көлікке пластик немесе басқа да зат лақтырып, жүргізушіні өздері мінген көлікті соқтың деп айыптайтын алаяқтар да бар деп отыр. Тіпті, олар тәртіп сақшыларымен сөз байласып жұмыс істеуі де мүмкін екенін ескертеді.

Алаяқтық жолмен ақша бопсалағандардың әрекеті әшкереленсе 7 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеп, екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ұйымдасқан топтың жазасы бұдан да ауыр. Олар 10 жылға дейін жаза арқалайды.

Social Link

Follow Me On Social Media