20 наурыздан бастап Өзбекстан аумағында танымал қытайлық Temu маркетплейсі бұғатталады.
Бұл туралы бүгін Ұлттық перспективалық жобалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Салық комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұғаттаудың себебі Өзбекстанның резиденттері ғана елде заңды ретінде әрекет ете алады деген талапты сақтамау деп көрсетілген. Ереже онлайн-дүкен операторларына да қолданылады.
«Еліміздің азаматтарына қызмет көрсететін шетелдік электрондық сауда платформаларының қызметін зерделеу барысында жекелеген электрондық сауда платформалары тарапынан Өзбекстан Республикасының электрондық коммерция, бөлшек сауда, жарнама, дербес деректерді қорғау, тұтынушылар құқықтары, авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы заңнамасының талаптары сақталмағаны анықталды«, — деп түсіндірді Ұлттық перспективалық жобалар агенттігі.
Ел азаматтарынан енді Temu-да ештеңеге тапсырыс бермеуді және бұрын тапсырыс берілген, бірақ әлі жеткізілмеген тауарлар үшін ақшаны қайтарып алуды сұрады.
Бұғаттау туралы толығырақ
Temu Өзбекстан нарығына 2024 жылдың қыркүйегінде шықса да тез арада үлкен жетістіктерге жетті.
2024 жылдың соңынан бастап сайт қосымшасы Google Play және App Store-да жүктеулер саны бойынша бірінші және екінші орынға ие болып, елдегі ең танымал қосымшалардың біріне айналды.
Өзбекстан Temu-ге қатысты мұндай шешім қабылдаған алғашқы ел емес. Бұған дейін Вьетнам, Түркия, Индонезия елдерінде де елеулі шаралар жүзеге асқан.
Мысалы, Индонезиялық сарапшылар елдің өнеркәсібі, әсіресе тоқыма саласы субсидиялардың әсерінен бағалары тым төмен болып тұрған Қытай тауарларымен бәсекелесуге дайын емес екенін мойындады. Қосымшаны бұғаттау шешімін қабылдаудағы негізгі факторлардың бірі шағын және орта бизнесті қорғау болды.
Өзбекстанда дәл осы өндіріс саласы дамығанын ескерсек, шектеу қою себебі түсінікті секілді.
Сонымен қатар, бірқатар зерттеулер temu-дағы өнімдердің бір бөлігі денсаулыққа қауіпті екенін анықтады. Ал Еуроодақ сауда-саттықты арттыру мақсатында пайдаланылуы мүмкін болған манипуляциялық әдістерді қолдануды зерттейді. Тіпті «сәттілік дөңгелегі» және шексіз жеңілдік купондары сияқты көптеген механикалар кәсіби маманды былай қойғанда, қарапайым адамның өзіне күдікті болып көрінеді. Сондықтан Еуроодақ мамандары маркетплейске қатысты жақсы қорытынды шығарады деу қиын.
Мысалы, Брюссельде сынақтан өткен балаларға арналған 19 ойыншықтың біреуі ғана қауіпсіз болып шықты. Сеулдегі тексеру кезінде Temu-дегі жаздық жеңіл аяқ-киімдердің құрамындағы қорғасын мөлшері рұқсат етілгеннен 11 есе көп екені, оның денсаулыққа едәуір зиян келтіретіні анықталған. Британдық журналистердің зерттеуі де Temu-дегі көптеген заттардың қауіпті екенін растады.
Мұндай жағдайлар жиілеген осындай сәттерде азаматтардың денсаулығына қамқорлық таныту тағы бір маңызды факторға айналады.
Шеті шығатын тағы бір мәселе – жеке деректерді қорғау. Кез келген онлайн сайт үшін пайдаланушылардың сенімін сақтау маңызды. Дегенмен, Temu-да қолданушылардың сеніміне қатысты мәселе туындаған. Сарапшылар маркетплейстің қосымшасы пайдаланушылардың телефондарынан олардың келісімінсіз байланыс нөмірлері, хабарламалар, геолокация және құрылғыдағы басқа қолданбалардың жұмысы туралы ақпараттар мен деректерді жасырын түрде жинай алатынын атап өтті.
Айта кетейік, аталмыш тыйым өзбекстандықтарға айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені, елде заңнаманы сақтайтын және ірі бәсекелес кеткеннен кейін де бағаны көтеруі екіталай басқа маркетплейстер бар.