Қазақтың кең даласына көктемнің алғашқы лебі есіп, табиғат қайта оянғанда, ел ішінде ерекше мейрам тойланады. Бұл – Амал мерекесі. Оны халқымыз ықылым заманнан бері қасиетті дәстүр ретінде қастерлеп келеді. Себебі Амал – табиғат ғана емес, адам жаны да жаңарып , жүректердің тоғысып, бауырмалдықтың бекемделетін күні.
Амал күні ерте таңнан есік ашылып, төр көрікті болады. Кіші үлкеннің алдына барып, сәлем беріп, «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп ақжарма тілегін арнайды. Ал ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар бата беріп, елдің бірлігі мен берекесін тілейді. Бұл күні тек қол алысып, төс қағыстыру емес, жүректен шыққан шынайы сөз бен мейірімнің толқыны адамдарды жақындастырады. Жыл бойы көріспеген ағайын қауышып, бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, ақ көңілмен жаңа жылдың есігін ашады.
Ертеде бір дана қария болыпты. Ол әр көктем келген сайын ауылдағы жастарды жинап:
— Балаларым, күннің шуағы жерді жібітсе, адам баласының жүрегін не жібітеді, білесіңдер ме? – деп сұрапты.
Жастардың бірі:
— Жылы сөз, ақ тілек, — десе, бірі:
— Шынайы кешірім мен мейірім, — деп жауап беріпті.
Қария күлімсіреп:
— Дұрыс айтасыңдар, қарақтарым. Көктем табиғатты түлетеді, ал Амал – адамның жанын жаңғыртады. Көрісу – тек қол алысу емес, жүректің тазаруы, реніш пен өкпені ұмытып, ағайынмен қайта табысу. Жаныңдағы адамға жылу сыйлай алсаң – нағыз адам болғаның, — депті.
Содан бері бұл сөз ел ішінде даналыққа айналып, Амал күні адамдар бір-біріне кешірім мен ізгілік сыйлап, ренішті ұмытып, жаңа жылды ақ көңілмен қарсы алуды дәстүр еткен екен.
Сонымен қатар бұл күнді Ұлы Дала төсінде еркін өмір сүрген халықтың табиғатпен үйлесім тапқан өмір салтының көрінісі десекте болады. Себебі қар еріп, жер бусанып, тіршілік атаулы қайта түлеген шақта, адамзат та жанын тазартып, ішкі дүниесін жаңғыртады. Жүрекке жылылық ұялатып, татулық пен мейірім салтанат құрған осынау мереке ғасырдан ғасырға жалғасып, қазақ халқының рухани байлығын еселей түсті.