Уәлиханов ауданында учаскелік полиция инспекторы Серік Әмірбеков пен табыншылар жоғалған жылқыларды іздеп жүріп күтпеген жағдайға тап болды. Қарда жүргіш техникамен жүріп отырып Селетітеңіз көліндегі аралдың адам аяғы бара алмайтын бөлігіне жетті.
Сол жерден олар батпаққа батқан түйені көрді. Сол маңайда ботасын ерткен түйе де болды. Жануарлар адамдардан қашқақтағанымен, батпақта жатқан жануарды тастай алмады.
Адамдар ересек түйенің әлсіздігінен, оның бұл жерде жатқанына біршама уақыт болғанын байқады. Түйенің аяқтарын кезек-кезек тартып, полиция қызметкері мен табыншылар оны шығарып алды.
Түйелер әзірге еркіндікте. Полиция майоры Әмірбеков олардың иесін анықтады, бірақ ол жануарларды алып кетуден бас тартты.
Іздеушілер жоғалған жылқыларды да осы аралдан тапты, бұдан бөлек, бұл жерде "ангус" тұқымды бұқа да жүр екен.
Сыртқы белгілеріне, салынған таңбасына қарап полиция қызметкері мен табыншылар жануардың Павлодар облысының тұрғынына тиесілі екенін түсінді. Өйткені бұқа бір жылға жақын уақыт бұрын жоғалып кеткен. Иесіне жоғалған түлігінің табылғаны туралы хабарланды.
Кейін ол Уәлиханов ауданының тұрғындары мен учаскелік инспекторға алғысын айтып, жануарды алып кетті. СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, 11 наурыздан бастап облыста "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Полицияның барлық бөлінісі мал ұрлығы фактілерінің жолын кесу және оларды ашу бойынша күшейтілген түрде жұмыс істеп жатыр. Іс-шараның алғашқы екі күнінде ветеринария саласындағы заңнаманың 18 бұзушылығы және жануарлардың еркін жайылымда жүруінің 50 дерегі анықталды.