Президент киіктер санының артуына байланысты ауыл шаруашылығының зардап шегіп жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып киіктермен байланысты эпизоотиялық ахуалдың күрделенуін реттеуді тапсырды.
"Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды. Кеше жұмыс секциясы кезінде "Ауыл" партиясының өкілдері киіктер туралы мәселе көтергенін білемін. Аймақтардан да осыған қатысты өтініштер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту үшін менің бастамаммен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың арқасында еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ", – деді президент.
Ары қарай мемлекет басшысы киіктер санының артуы ауыл шаруашылығына зардабын тигізіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол келесі кезекте ілбістерді сақтап, санын көбейтуге назар аударуды тапсырды.
"Бірақ, енді, басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын. Біз Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Бұл – шаруашылық қызметке байланысты шешуге тура келетін көптеген мәселемен қатар жүретін күрделі міндет. Келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейтуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.