What are you looking for?

Тоқаев: Қазақстан – жас әрі білімді азаматтардың елі!

14.03.2025

«Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны», — деді.

Осыған дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Президент не деді? Қараңыз:

«Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды», — деді.

***

«Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады», — деді.

***

«Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосты. Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды. Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы», — деді.

***

«Енді бірқатар мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірімді айтайын. Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сондай-ақ Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс», — деді.

***

«Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған», — деді.

***

«Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген. Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек», — деді.

***

«Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн. Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз», — деді.

***

«Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», — деді.

***

«Сондай-ақ бүгін Бекзат Алтынбеков, одан бұрын Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Светқали Нұржан қоғамдық әдеп мәселесін қозғады. Бұл өте орынды деп ойлаймын. Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет таратушылар бар. Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек», — деді.

***

«Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде. Бұдан бөлек, қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс», — деді.

***

«Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн», — деді.

***

«Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек», — деді.

***

«Тағы бір маңызды мәселе. Маған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдады. Ол өз хатында күрделі тақырыпты қозғап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударды. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек», — деді.

***

«Дмитрий Павленко дұрыс мәселе көтерді. Кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс. Сарапшылардың айтуынша, біраз жылдан соң солтүстіктегі халықтың саны едәуір азайып, оңтүстіктегі тұрғындар әлдеқайда көбеюі мүмкін. Бұл – өте өзекті мәселе. Себебі аймақтардың еңбек нарығында теңсіздік одан әрі ушыға түседі деген сөз. Осы мәселемен Үкімет мұқият айналысуы керек. Қостанайдағы колледждің тәжірибесін солтүстік аймақтарда кеңінен қолдану қажет», — деді.

***

«Жалпы құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді үнемі көтеріп жүр. Бәрін сынап-мінеп отыратын бәзбіреулер басты түйткіл – бұл емес, мемлекет назар аударуға тиіс басқа да проблемалар бар деуі мүмкін. Азаматтарымыз күнделікті тіршілікте көптеген қарапайым түйткілге тап болады. Оны елемей, назардан тыс қалдыру дұрыс емес екенін ескерген жөн. Біз азаматтардың тұрмысына қатысты мәселелерді алдағы уақытта да көтереміз, ең бастысы, бұл проблемаларды шешетін боламыз», — деді.

***

«Біз біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалуда. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру. Алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру. Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқтатылады. Үкімет мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауы керек», — деді.

***

«Ел болашағы үшін айрықша маңызы бар салалар бойынша жұмыс үздіксіз жалғасуға тиіс. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы кешенді жоспардың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жылы менің тапсырмаммен әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қажет екені анық. Өйткені осы қауіпті кеселге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Жаңа құжатты дайындауға қазірден бастап кірісу керек», — деді.

***

«Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды», — деді.

***

«Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Бұл құжатты алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін», — деді.

***

«Құрылтай мүшелері Зүлфия Байсақова мен Бану Нұрғазиева мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың критерийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтты. Азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманның талаптарына сай келетін жеке заң керек. Әрине, заң жобасын әзірлеу барысында құжатқа терең және жан-жақты сараптама жасалуға тиіс. Құзырлы органдар сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, бұл мәселемен айналысуы керек», — деді.

***

«Біз соңғы жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық (мекемелік) марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ. Соның кесірінен кейбір марапаттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті, бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі. Ведомстволық награда – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын», — деді.

***

«Менің бастамаммен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталды. Көшелер мен елді-мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Депутаттар бастамаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет», — деді.

***

«Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды. Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы бұл жұмысты ретке келтіру керек», — деді.

***

«Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет», — деді.

***

«Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім», — деді.

***

«Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін», — деді.

***

«Ұлттық құрылтай мүшелері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов және басқа да азаматтар осындай ұсыныс айтты. Олар өз бастамасын іске асырып, ішкі саясат тұжырымдамасының жобасын да әзірледі. Мемлекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зерделеп, барлық мәселені пысықтауы қажет. Құжатта құзырлы органдар мен мүдделі тараптардың қызметі бір арнаға тоғысуы керек. Онда мемлекеттік идеология жұмысының мақсат-міндеттері мен басымдықтары нақты белгіленуге тиіс. Тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипаттайтын жалпыұлттық құндылықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құндылықтар мен нышандарды қоғамда орнықтыру, оларды кеңінен дәріптеу және қорғау үшін қажет», — деді.

***

«Келесі мәселе. Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек», — деді.

***

«Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», — деді.

***

«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек. Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Бұған қоса, түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет. Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет. Бүгінгі таңда мәдениет және идеология саласы жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгере бастады. Бірақ оған толық үміт артуға болмайды. Адам факторы әлі де маңыздылығын жоғалтқан жоқ», — деді.

***

«Танымал сервистерге қазіргі заманғы Қазақстан туралы сурет немесе видео әзірлеуге сұраныс берсек, көбінесе шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады. Себебі жаһандық нейрожүйелер біздің тарихымызды, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді толық білмейді. Әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі, әсіресе, ағылшын тіліндегі ақпараттар көп емес. Үкімет қолда бар орасан зор деректерді, соның ішінде мұрағаттар мен анықтамалық мәліметтерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап кетті. Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керек», — деді.

***

«Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын», — деді.

***

«Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс», — деді.

***

«Осы орайда, мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, орынды пікірін айтты. Осы жерде айтарым: өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек. Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп, тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ. Жалпы біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады», — деді.

***

«Қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет парадигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр. Ашығын айтсақ, көптеген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұрғысынан қарайды. Бұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады. Біз барынша кең әрі терең ойлауымыз қажет», — деді.

***

«Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз. Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді. Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес. Сонымен бірге бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін жүйелеу керек», — деді.

***

«Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындаймыз. Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр», — деді.

***

«Қазір бүкіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу жоспарланған. Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салады. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатын болады. «Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді. Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі», — деді.

***

«Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады. «Достық-Мойынты» темір жол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады. Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады. Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді. Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор», — деді.

***

«Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес», — деді.

***

«Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады. Осы арқылы біз мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз. Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық мүмкіндігін арттырады. Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Жалпы айтқанда, ірі жобаларды жүзеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол», — деді.

***

«Біз 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы өңірлердің дамуына күшті серпін бердік. Бұл ақыры дұрыс шешім болды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артты, аймақтарға инвестиция келе бастады. Соның арқасында жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түсті. Дегенмен Үкімет жаңа облыстардың ахуалын бақылауда ұстауға тиіс. Оларға көмектесу қажет. Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсара бастады. Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді-мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру керек», — деді.

***

«Amanat партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырамын. Әдетте шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады», — деді.

***

«Аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып экологиялық көрсеткіштер, инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да маңызды өлшемдер бойынша артта қалған өңірлерді анықтау қажет. Орталықтың күш-жігерін осындай алшақтықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылады. Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан іс-жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Бұл – барлық салаға қатысты мәселе. Мысалы, солтүстікке көктем енді келіп жатыр. Қар еріп, елді мекендерді қарғын су басу қаупі туындайды. Былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те тиісті қорытынды жасады деп ақпарат алып отырмын. Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Табиғат апаттарының алдын алу, сақтану шаралары үнемі назарда болуы керек», — деді.

***

«Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады», — деді.

***

«Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Мен бұл мәселені ерекше бақылауда ұстаймын», — деді.

***

«Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады. Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандырудың шұғыл шараларын қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ, цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді», — деді.

***

«Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр. Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек», — деді.

***

«Ғалымдардың пікірінше, тиісті дәстүрі мен тәжірибесі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Сұрауы қатты болады», — деді.

***

«Келесі мәселе. Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді», — деді.

***

«Жалпы әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйымдастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет. Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды. Кеше жұмыс секциясы кезінде «Ауыл» партиясының өкілдері киіктер туралы мәселе көтергенін білемін. Аймақтардан да осыған қатысты өтініштер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту үшін менің бастамаммен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың арқасында еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Бірақ, енді, басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын. Біз Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Бұл – шаруашылық қызметке байланысты шешуге тура келетін көптеген мәселемен қатар жүретін күрделі міндет. Келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейтуіміз керек», — деді.

***

«Адамзаттың бүлдіргі іс-әрекетінің кесірінен Каспий итбалығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерекше жан-жануарларға қатер төніп тұр. Біз табиғаттың осы бір сыйына барынша назар аударып, оны сақтай білуіміз қажет. Сондықтан Биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керек деп санаймын. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл ауқымды жұмыстың маңызы орасан зор екенін көрсету үшін осы қоғамдық ұйымға өзім жетекшілік етуге дайынмын. Бұған қоса, біз тағы бір қазынамыз – тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды айта кеткім келеді. Аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем біледі», — деді.

***

«Сонымен бірге тазалық мәселесі әрдайым назарда болуға тиіс. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бастамаға азаматтар жаппай қолдау білдірді. Акция жалпыұлттық сипатқа ие болды. Күн жылынып келеді, енді жұрт сенбілікке шығып, айналасын тазалайды. Бұл – өте дұрыс. Мен бұған дейін де айттым, «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет», — деді.

***

«Баршаңызға мәлім, екі жыл бұрын менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталды. Жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тапшылығын жою, сондай-ақ, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды. Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін», — деді.

***

«Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», — деді.

***

«Бүкіл ел бойынша медицина инфрақұрылымын барынша дамыту жұмыстары жалғасады. Осы жылдың соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынады. Риддерде көпбейінді аурухананы, Өскеменде гематология орталығын, Ақтауда жедел жәрдем стансасын, Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығын, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимаратын пайдалануға беру қажет. 2026 жылы 32 аудандық орталық аурухананы жаңғырту, сондай-ақ Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы ауруханаларды салып бітіру керек. Жұмысты аяқтау мерзімін бұзуға болмайды», — деді.

***

«Тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш. Былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алды. Соңғы екі жылда бірқатар қалада (Семей, Тараз, Кентау, Орал) ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтерді. 2026 жылдың аяғына дейін Ақтөбеде, Атырауда, Көкшетауда, Шымкентте және Талдықорғанда дәл осындай орталықтар ашу қажет», — деді.

***

«Бұдан бөлек, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек. Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар. Демеушілердің және «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаны жандандыруы қажет. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Менің тапсырмаммен бүгінгі басқосуға Ақмола облысының бір топ азаматы қатысып отыр. Олардың ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар бар. Мен осы аймақтың дамуына айрықша мән беремін. Сондықтан Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударғым келеді. Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім», — деді.

***

«Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек. Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкімдігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуға кірісуі қажет. Қаланың Астана іргесінде тұрғанын және тұрғындарының саны тез өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл – өте өзекті мәселе», — деді.

***

«Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар. Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының жартысына жуығы – жеке инвестициялар. Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді сапалы орындауға тиіс. Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек», — деді.

***

«Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын. Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет», — деді.

***

«Аймақтағы көрікті әрі киелі орындардың бәрі өзара кіріктіріліп, үйлестірілген ауқымды туристік кластер қалыптастыру маңызды. Бұл ретте жеке туристік нысандар салу үшін жер телімдерін бөлген кезде заңның сақталуын мұқият қадағалау керек. Облыстағы ерекше табиғи-климаттық жағдай заманауи сауықтыру кешендерін ашуға зор мүмкіндік береді. Спорттың түрлі саласынан, әсіресе, қысқы спорттан ұлттық құрамаларды даярлау үшін өңірдегі спорт базаларын дамыта беру керек», — деді.

***

«Ақмола облысының өкілдері қысқы спорт түрлері бойынша әлемдік және құрлықтық бәсекелерден ел қоржынына жүлде салуға үнемі мол үлес қосып жүр. Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн. Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз», — деді.

***

«Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады. Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек. Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек», — деді.

***

«Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады. Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ, бұл – жеткіліксіз. Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын», — деді.

***

«Астанада шығармашылыққа арналған үйірмелерді де, жекелеген спорт секцияларын да ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік Балаларды дамыту орталығы бар. Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да қолданған жөн. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады», — деді.

***

«Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын. Үш жылдың ішінде екі триллион теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылды. Бұл қаржының аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі», — деді.

***

«Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін», — деді.

***

«Әлемдегі ауқымды өзгерістерге баршамыз куә болып, тіпті, оған өзіміз де қатысып жатырмыз. Бұл үрдістің жалғаса берері сөзсіз. Басты халықаралық мәселелерді шешуге қатысты жаңа пайымдар мен нарративтер, ерекше көзқарастар мен тәсілдер пайда болды. Бұрын-соңды болмаған қақтығыстар, ушыға түскен сенім дағдарысы, қадір-қасиеті кете бастаған халықаралық құқық, экономикалық шайқастар қазіргі әлемнің басты сипатына айналды. Мұның бәрі жаңа технологиялық қалып орныққан, маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейе түскен, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқан, техногендік және табиғи апаттар туындаған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Беделді саясаткерлер мен сарапшылар «дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр» деген пікір білдіре бастады. Басқаша айтқанда, әлемдегі ескі тәртіп күйреп жатыр, ал жаңа дәуірдің сұлбасы әлі нақты айқындалған жоқ. Көз алдымызда тарихтың жаңа айналымы басталып жатыр», — деді.

***

«Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты. Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен. «Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық. АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім», — деді.

***

«Біз тарих, дәстүр және қазіргі заман құндылықтарын әрдайым бірдей ұстанып келеміз. Жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды екенін бұрыннан айтып жүрміз. Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар біздің бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Әрине, шетелдегі жағдайды үнемі ескеріп отыру маңызды. Бірақ біз алдымен өз еліміздің ішкі мәселелеріне ден қоюымыз керек. Біз ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуіміз керек», — деді.

***

«Талай заманнан келе жатқан өкпе-реніштерден, өткенге құр мақтанудан және бәрін орынсыз сынап-мінеуден арылу қажет. Әлеуметтік масылдық пен саяси таяздыққа мейлінше жол бермеуге тиіспіз. Шектен шығып, тым асыра сілтейтін көзқарастарға барынша тосқауыл қойған жөн. Өйткені бұл дүние ақ пен қарадан ғана тұрмайды. Кез келген мәселеде өзгелерді айыптап, қара бұлтты төндіре беруге болмайды. Қоғам санасындағы осындай құбылыстар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті, еліміз қазіргі қатігез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек. Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз», — деді.

***

«Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз. Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет», — деді.

***

«Әр азамат мына бір қарапайым қағиданы терең ұғынуға тиіс: бір орында тұрып қалмай, үнемі өзін жетілдіре білген адам міндетті түрде табысқа жетеді. Бәсекеге қабілетті ұлт дегеніміз – осы. Біз қолға алған реформалар елдің дамуына зор серпін берді. Қоғамның өзгерістерге деген үмітін оятып, әділдікке деген сенімді қалпына келтірді», — деді.

***

«2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,5 пайыз болды. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 288 миллиард долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46 пайызға жуық артып, 14 мың доллардан асты. Сыртқы сауда айналымы 45 пайызға жуық өсіп, 140 миллиард доллар болды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 триллион теңгеден асты. Инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынды. Осы уақытта 500-ден астам мектеп бой көтерді. Көптеген денсаулық сақтау, спорт және басқа да әлеуметтік нысандар ашылды. 4400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдауды барынша күшейтті. Былтыр күзде 27 миллион тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым баса назар аударылады. Тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік. 2019 жылдан бері елімізде 250-ден астам жатақхана салынды. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды. Студенттер саны ұдайы көбейіп, жоғары оқу орындарында 624 мың азамат білім алып жатқанына қарамастан, осыған қол жеткізе алдық. Еліміздің 90 мыңнан астам азаматы шетелде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашықтығын көрсетеді. Азаматтарымыз демалу үшін шетелге жиі шығатын болды. Біздің көк төлқұжатымыз әлемдегі 92 мемлекеттің аумағына визасыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді. Қазақстан – халықаралық аренада зор құрметке ие мемлекет, біздің елімізді «орта держава» деп атайтын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады. Осы шешім еліміздің әлемдегі ықпалы мен беделі зор екенін аңғартады», — деді.

***

«Бұл деректер бәріміз бір ел болып атқарған жұмыстың бір парасын ғана көрсетеді. Біз барлық сын-қатерді сенімді түрде еңсеруді және мәселенің бәрін байыппен, іскерлікпен шешуді үйрендік. Ешқашан популизмге, менмендікке және жалған ұранға жол берген жоқпыз», — деді.

***

«Әрдайым әділ диалог орнатуға ұмтылдық, қиындықтар пен қауіп-қатерлерді жасырмай, турасын айттық. Нақты ахуалды боямасыз көрсеттік, бос уәде де берген жоқпыз. Ащы шындық бәріне бірдей ұнай бермейді. Бірақ мұндай қадам жағдайға тура қарап, жалған үмітке алданбау үшін керек. Әдемі сөйлеп, уәдені үйіп-төккендер емес, мақсат жолында үздіксіз алға ұмтылып, жұртқа жаға бермесе де, аса маңызды шешім қабылдай білетіндер табысқа жетеді. «Еңбек жолы мұратқа жеткізеді». Бұл – біз атқарып жатқан жұмыстың басты қағидасы», — деді.

***

«Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр. Мұндай кезде ел бірлігін, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл – тұрақты дамуға қажетті ең басты шарт. Еліміз терең әрі жан-жақты реформаларға енді ғана кірісті. Алдымызда күрделі жол тұр. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек. Алдағы бірнеше он жылдыққа көз тігіп, ауқымды шаруаларды кезең-кезеңімен атқаруымыз қажет. Біз ұзақ мерзімге арналған мақсатқа ұмтылуымыз керек. Келешегіміз қандай болуы керек екенін нақты білуге тиіспіз. Себебі дұрыс мақсат қоя білсек қана, табысқа жете аламыз», — деді.

***

«Тәуелсіздігіміздің 40 жылдығы жақындап келеді. Осы маңызды белеске қандай жетістікпен жетерімізді, оған дейін қандай тарихи міндеттерді орындауға тиіс екенімізді нақты білу маңызды. Біз шындыққа тура қарауымыз керек. Еліміз бәрінен оза шауып, барлық салада және барлық бағытта бірінші қатарда бола алмайтынын түсінуіміз қажет. Сондықтан біз өзіміздің басқалардан басым түсетін мықты тұстарымызды жақсы білуге тиіспіз», — деді.

***

«Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Осы салаларда біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы негіз болады», — деді.

***

«Цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алады. Біз қазірдің өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатарына кіріп тұрмыз. Бірақ, мұнымен шектеліп қалуға еш болмайды. Жоғары технологиялар экономиканың және мемлекетті басқару ісінің барлық саласын дамытуға тың серпін беріп, алға бастайды. Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс», — деді.

***

«Біз мәліметтерді сақтайтын және өңдейтін мықты желі түзіп, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауға кірісуіміз керек. Цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты. Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек. Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энергия тапшылығы үздіксіз арта береді. Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энергетика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл – уақыт талабы», — деді.

***

«Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», — деді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

***

«Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», — деді.

***

«Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екені белгілі. Енді соны тиімді пайдаланатын кез келді. Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі алпауыт аграрлық мемлекеттің бірі болуға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруашылығына жеткілікті қаржы салынған жоқ. Бұл саланы жемқорлар мен алаяқтар иемденіп келді. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Қазір қордаланған мәселенің бәрін шешіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін көп жұмыс жасалып жатыр. Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс», — деді.

***

«Мен «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті» деп үнемі айтып келемін. Өйткені білімді, еңбекқор әрі мақсатшыл азаматтар елімізді табысқа жеткізеді. Қазірдің өзінде Қазақстанда азаматтарға дүниеге келгеннен бастап өмір бойы жәрдем беретін тиімді мемлекеттік қолдау жүйесі бар», — деді.

***

«Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары, тегін орта білім, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінетін өте көп гранттар – мұның бәрі өскелең ұрпақтың қадамы нық болуына септігін тигізетін сан алуан шараның бір бөлігі ғана», — деді.

***

«Адамға салынған инвестиция – мемлекеттің ең сенімді әрі дұрыс салымы. Біз білім-ғылым, медицина, спорт, креативті индустрия салаларына қомақты қаржы бөлуді жалғастыра береміз. Азаматтардың өзін жан-жақты дамытуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Себебі қазіргі заманда жекелеген адамдардың табысты болып, бақуатты өмір сүруі нағыз қуатты мемлекеттің көрсеткіші саналады. Мен жоғарыда атап өткен басымдықтар, яғни цифрландыру мен жасанды интеллект, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталы Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлар болатыны анық», — деді.

***

«Тағы да қайталап айтамын: қазір адамзат жаңа дәуірдің сипаты айқындалатын тарихи жолайрықта тұр. Алға қарай қарыштап дамуға Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Қазір жер шарының тұрғындары қартайып бара жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанды жас әрі білімді азаматтардың елі деп айтуға болады. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы, көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт», — деді.

***

«Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық», — деді.

***

«Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз. Заң және тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп. Ал біздің идеологиямыз – қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау деген сөз. Мемлекеттіміздің тағдыры мен ұлтымыздың берекелі өмірі осыған тікелей байланысты», — деді.

***

«Сіздер Ұлттық құрылтай аясында көптеген бастама көтеріп, игі істерге ұйытқы болып жүрсіздер. Отаншыл азаматтардың арқасында еліміз тұрақты дамып келеді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін біршама өзекті мәселелер талқыға түсті. Алдағы уақытта да осылай береке-бірлікте болып, еліміздің болашағы үшін маңызды жұмыстарды бірге атқара береміз деп сенемін! Ораза қабыл болсын! Баршаңызға амандық тілеймін!», — деді.

Social Link

Follow Me On Social Media