What are you looking for?

Бизнес пен мемлекеттің синергиясы маңызды

14.03.2025

«CFO Summit» дәстүрлі басқосуында сарапшылар орнықты әрі инновациялық экономиканы қалыптастырудағы технологияның, банк секторы мен венчурлік капиталдың рөлі туралы пікір алмасты.

Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының басқарма төрағасы Райымбек Баталов негізгі са­лалардағы басым бағыттарды дамыту стратегияларының әлсіздігін айтты.

«Басым бағыттарды дамыту орта­­­лық мемлекеттік орган­дардың, жергі­лік­ті атқарушы органдардың, даму институттары қолдау құралдары­ның сине­ргиясын қамтамасыз ете отырып, кешенді түрде жүзеге асырылуға тиіс. Мемлекеттік бағдарламалар мақ­сат­тарды жариялап қана қоймай, сонымен қатар бизнесті ашуға жағдай жасаудан бастап, түп­кілікті өнімді нарыққа шығаруға дейінгі бүкіл өн­дірістік циклді қамтуы маңызды», деді Райымбек Баталов.

Осы мәселелерге жауап ретінде «Атамекен» ҰКП стратегия мен іске асыру арасындағы алшақтықты жоюға және мемлекеттің толық қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәсілді әзірледі. Айтуынша, мемлекет экономикаға орасан зор қаражат – 11 трлн теңгеден астам қаржы құюды жос­парлап отыр. Бұл қаражатты тиім­ді пайдалану үшін ол салалық клас­тер­лерді дамытудың жаңа тұжы­рым­да­масын ұсынды. Ұсынылып отыр­ған модель – жұмыс істеп тұрған өндірістерді дамыту мен жаңаларын құрудың бүкіл тізбегін ашық ететін цифрлық экожүйе.

«Қазақстан қор биржасы» (KASE) төрағасының орынбасары Дана Аман­жолова цифрландыру, IPO-ны жандандыру және «жасыл» технологияларға инвестицияның өсуі сияқты әлемдік трендтерді атап өтті. Биржа 1,6 млрд доллар сомаға ESG-облигациялардың 30 шығарылымын тіркеген, сондай-ақ орнықты даму бойынша білім беру бастамаларын енгізген. 2024 жылы KASE Index 33% өсім көрсетті, ал сауда-саттықтың жалпы көлемі

261,5 трлн теңгеге жетті, бұл биржалық нарықтың серпінді дамуын көрсетеді.

Саммит барысында криптовалюта үрдісі де сөз болды. Тұрақсыздығына қарамастан, активтердің бұл класы қарқынды дамуын жалғастырып жатыр. Әділгерей Намазбаев («EA Group») атап өткендей, соңғы 12 жылда криптовалюта саны 66 есе өсті. Бұдан басқа, криптоактивтерді капиталдандыру бо­йынша 10 ірі компанияның 9-ы кейінгі бес жылда жоғары құбылмалылығына қарамастан тұрақты өсімді көрсетті. Максим Барышев пен «Учет.kz» командасы салық жүйесін жеңілдетуді және бизнесті ынталандыруды ұсынатын баламалы «Халықтық салық кодексін» ұсынды. Басты идея – кәсіпкерлерге таңдау еркіндігін беру және бюрократияны азайту, бұл 2029 жылға қарай салықты көтермей, ІЖӨ-нің 450 млрд долларына жетуге мүмкіндік береді.

Саммит соңында «Қаржы секторы», «Ірі және орта бизнес» және «Шағын бизнес» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, «Beeline Kazakhstan» компаниясының бас қаржы директоры Гауһар Әділова, «Лотте» АҚ қаржы директоры Марат Нұрғазиев, «RG Brands Kazakhstan» қаржы директоры Тимур Жанғожановтар «The Best CFO – 2025» жүлдесіне лайық деп танылды.

Social Link

Follow Me On Social Media