Қоғам Ұлттық құрылтайдың нәтижелерінен зор үміт күтеді. Себебі бұған дейін үш мәрте өткен құрылтайдың бәрі бұл мінбердің шын мәнінде мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналып, тиімді дәнекер болғанын дәлелдеді.
Бұған дейінгі құрылтайларда көтерілген мәселелер мен бастамаларға қатысты тиісті шешімдер, заңдар қабылданып, түрлі тың жобалардың дүниеге келгенін көзбен көрдік. Сондықтан да бұқара мемлекеттік деңгейдегі бұл жиынға үлкен үміт артып, қандай елдік мәселелер талқыға түсерін жіті қадағалап отыр.
Мәселен, біздің халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері өткен аптада арнайы жиын өткізіп, құрылтай мүшесі ретінде бізге бірнеше бастаманы аманаттап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін құрылтай мінберінен жеткізуді сұрады. Біріншіден, мұның барлығы – құрылтайға деген үлкен сенімнің нәтижесі. Екіншіден, құрылтай өзінің міндетін өте тиімді атқарып жатқанының айғағы. Сол себепті Бурабайдың төрінде өткен бүгінгі құрылтай да білім, ғылым, мәдениет, әлеумет салаларының дамуына, ауылдың көркеюіне, түрлі бағыттағы мақсат-міндеттеріміздің дер уағында іске асуына өз септігін тигізері сөзсіз.
Құрылтай мүшелері ел-жұртты алаңдатқан басты проблемаларды көтеріп, халықтың көкейіндегі ұсыныстарды күн тәртібіне енгізуі керек. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамы өкілдері қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру ұсынысын жеткізуді сұрады. Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналмай, оның қолданыс аясы кеңімейді. Тілдің болашағын ойлайтын болсақ, ғылыми жұмыстар мемлекеттік тілде қорғалуы керек. Қазір техникалық ғылымдар саласында мемлекеттік тілдегі оқулықтардың жетіспеушілігін көріп отырмыз. Демек нақты қадамдар жасап, ғылыми еңбектердің қазақ тілінде жазылып, қорғалуына бастамашы болуға тиіспіз.
Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болашақ мамандарға арналған қажетті оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарды мемлекеттік тілде шығару ұсынысы Ұлттық құрылтай тарапынан қолдау табарына сенгім келеді.
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,
«Қазақ тілі» қоғамының президенті