2025 жылы 15 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кодекстің бірінші блогы мемлекеттік қаржы туралы ережелерге сай салық-бюджет, ақша-несие және фискалды саясатты байланыстыруға бағытталған, деп нақтылайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Екінші блок мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыра отырып, бюджет процесін оңтайландырды. Бюджет процестерінің мерзімдері мен кезеңдері қысқартылды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігін едәуір кеңейту есебінен блоктық бюджет элементтері енгізілді.
Мемлекеттік органдарға бюджеттік бағдарлама шығыстарының 15 пайызы көлеміндегі қаражатты дербес басқару құқығы берілді. Мемлекеттік органдар биыл жұмсалмаған бюджет қаржысын келесі жылдың қаңтар айынан бастап пайдалана алады. Бұл шығыстарды үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Үшінші блок парламенттік бақылауды күшейтуге арналған. Мемлекеттік кепілдіктерді, мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін, үкіметтік борыш лимитін және жергілікті атқарушы органдар борышын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыз лимитін Парламент қарастырып, бюджет туралы заңмен бекітеді.
Төртінші блок бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын арттыру және бюджет қаржысын тиімді пайдалану жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды көздейді. Кодексте квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты мемлекеттік дивиденд саясатының негізгі ережелері белгіленген.
Бесінші блок жинақ функциясына баса назар аудара отырып, Ұлттық қорды пайдалану шарттарын белгілейді. Ұлттық қорды пайдалану Президент бекіткен мақсатты бағдарлармен шектеледі. Қордың қаражатын ішкі қаржы құралдарына салуға рұқсат етілмейді. Бұл ақшаны бюджеттен тыс пайдалануға жол бермейді. Ұлттық қордың нысаналы трансферті тек жалпыхалықтық маңызы бар нысандар мен жобаларды қаржыландыруға ғана пайдаланылады. Ол үшін тиісті критерийлер енгізілді.
Алтыншы блок квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын қоса алғанда, мемлекеттің қарыз саясатына бақылауды кеңейтуге бағытталды. Уәкілетті органдар мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелеріне болжау, мониторинг және бағалау жүргізу шараларын жүзеге асырады. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борыш лимиті республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.
Түзетулердің жетінші блогы бюджетаралық қатынастарды жетілдіре түсті. Азаматтарды бюджет қаражатын бөлу процесіне белсенді тарту үшін халық қатысатын бюджет тәртібі заңнамалық негізде бекітілген.
Бюджет кодексінің мәтіні баспасөзде жарияланады.
Айта кетсек, 2025 жылғы 19 ақпанда өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Сенаттың Бюджет кодексіне, сондай-ақ бюджет заңнамасын жетілдіру және "Концессиялар туралы" заңның күші жойылды деп тану туралы заңға енгізген түзетулерді мақұлдады.