Бірнеше жыл бойы өз баласына алимент аудармаған Степногорск қаласы тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оның қарызы 5 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі 34 жастағы азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алғанын жеткізді. Бұрынғы жұбайының айтуынша, ер адам 2021 жылдан бері сот белгілеген төлемдерді төлемеген.
"Кәмелетке толмаған балаларды немесе сот шешімінде көзделген материалдық қолдауға мұқтаж басқа адамдарды асырауға алимент төлемеу елеулі құқықтық салдарға әкеліп соғады. ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабында қоғамдық жұмыстарға 600 сағатқа дейінгі мерзімге тарту түріндегі жаза не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделеді", — деп түсіндірді тәртіп сақшылары.
Бұған дейін Өскеменде алимент төлемеген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.