Жылыту пунктіне 77 адам, оның ішінде үш бала орналастырылды .
Абай облысында қатты боран салдарынан көліктер жолда қалып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазавтожол" ҰК мәліметіне сүйенсек, кеше сағат 23:00-ден бастап "Алматы – Талдықорған – Өскемен" тасжолының Таскескен ауылы мен Аягөз қаласы аралығындағы жол жабылды.
– Әуелі жүк көліктерінің, кейін жеңіл көліктердің қозғалысына тыйым салынды. Барлығы 100-ге жуық көлік қар құрсауында қалып қойған. Оларға көмектесу үшін 20-ға жуық ауыр техника жұмылдырылды, – делінген ақпаратта.
Жол қызметтері 60-тан астам көлікті қардан шығарды. Аягөз қаласына 3 автобус жеткізілді.
Қазіргі уақытта Таскескен мен Аягөз арасындағы жол учаскесі әлі де жабық тұр.