Батыс Қазақстан облысында гидрологиялық мониторинг деректеріне сәйкес өзендердегі су деңгейі біркелкі еместігі байқалады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, Жайық өзені Орал қаласындағы гидробекетте бір тәулікте 40 см көтеріліп, 255 см (қауіпті шегі — 850 см), Бәйтерек ауданы Январцев ауылында 295 (+22 см, 1 000 см), Көшімде 222 сантиметрге (+ 23 см, 850 см) жетті.
Сондай-ақ Шаған өзені Бәйтерек ауданы Чувашин ауылы тұсында 778 см (+147 см, 1 280-1 300 см), Мичуринде 333 см (+59 см, 1 100 см), Жайықтың тағы бір саласы Елек Шыңғырлауда 220 сантиметрді (+71 см, 750 см) көрсетті.
Жайыққа құятын Деркөл өзені Тасқала ауылы тұсында 39, Бәйтерек ауданы Зелёный ауылында 12 сантиметрге төмендесе, Белесте 53 см өсті (қазіргісі — 552 см, қауіптісі — 600-650 см). Ал 1-Шежін бірден 80, 2-Шежін өзені 99 сантиметрге түсіп, қауіптің беті қайтқан.
Есесіне Сырым ауданында Шідерті өзені Аралтөбе ауылында бір күнде 232 см көтеріліп, 492 сантиметрге (қауіпті шегі — 960 см) бір-ақ жеткен. Сондай-ақ Өлеңті аудан орталығы Жымпиты ауылы тұсында 326 см (+146 см, 490-520 см), Көпіраңқаты Алғабаста 565 сантиметр (+181 см, 945 см) болды.