Таяуда медицина ғылымынан кандидаттық диссертация қорғаған, өз саласында ортанқол маман, орта жастағы азаматтың әлеуметтік желідегі сирек металдар туралы жазбасына көзім түсті. Әрі қарай үңілсем, әскери тақырыпқа, әлемдегі саяси ахуалға қатысты пікірін жазған болыпты. Соны дүние емес, талай мәрте БАҚ арқылы да, ғылыми ортада да айтылған, талқыға түскен таптаурын әңгіме. Бәлкім, өз саласына қатысты кәсіби ойын білдірген болар деп қарап едім, таппадым. Жазсын, ой қозғасын. Кең уақыт, әркімнің «өз сөзі өзінде» болған заман ғой.
Айтқым келгені, кейінгі уақытта осы үрдістің кеңінен белең алғаны: түрлі саланың маманы әр нәрсеге бір пікір білдіріп, «сарапшы» болып алды. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» болғанының салдарынан нағыз мамандар, өз саласының жілігін шағып, майын ішкен майталмандар мәдениеттілігінің «кесірінен» көлеңкеде қалып бара жатқан жайы бар. Тіпті мұндай «сарапшылардың» әрекет алгоритмі де белгілі: Таяу Шығыс дүрліге қалса, сол аймақ жөнінде «толымды» пікір білдіріп, шығыстанушыға айналады. Жаһандық жылыну, мұздықтардың еруі, атом энергетикасы, шетелдегі ереуілдер, билік ауысуы туралы сөз қозғалса, сол саланы «жаңғақша шағады», еш шімірікпей, «мен осылай боларын болжап едім» дейтіндері де бар.
Өзіміз экономист болған соң, экономика саласында да мұндай «сарапшыларды» көптеп байқаймыз. Салалық ерекшелігі, табиғаты мен даму жолдары мүлде әрқилы экономика салалары: макроэкономика, әлемдік экономика, экономикалық география болсын, салық-кеден, кәсіпкерлік, сыртқы экономикалық саясат болса да, табиғи монополияларды реттеу, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту, статистика – бәрі-бәрі жөнінде пікір «білдіруге» маманданып алған.
Статистика мен ғылыми дәлелдерге, әлемнің озық тәжірибелері мен қазіргі тенденцияларға негізделген пікір болса жарар еді, тіпті оған мүлде кереғар, еш жаңалығы жоқ, қайталама пікірлер. Өздері озық деп санайтын қойыртпақ ойларды барлығына таңып, халықтың қалған бөлігін сауатсыз деп санайды. Осындайда Абайдың «...Шіркінде ес болсайшы сезед деген» жолдары еріксіз ойға оралады.
Әрі осындай «жолбике» сарапшыларға кейбір журналистер де үйреніп алып, олардың әрбір сөзін ешбір талғап-тексерусіз абсолютті шындыққа балайтынын қайтерсіз? Осы ретте салалық журналистерді даярлау және олардың сараптамалық қабілеттерін дамыту мен фактчекингке үйретуге жоғары оқу орындары баса мән берсе, құба-құп болар еді.
Халқымыз ежелден ауыздан шыққан әр сөзге жете мән берген, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деп оның дәйекті, мазмұнды болуына баса назар аударған. Оралымды ой, саналы сөз аузына түспеген кезде үндемей-ақ қоя салудың өзін даналыққа балаған. Жыр алыбы Жамбыл: «...Сырлы, сұлу сөздері маған тартқан сыйындай», деп ұстазы Сүйінбайдың сөз өнеріне тамсана отырып, «Жақсы сөзді ел жаттар, ел жаттар сөзде салмақ бар» деп ел алдында айтылар әр сөзді елеп-екшеуге ерекше мән береді.
Сондықтан да ел болып, осы мәселеге мән берер кез келді деп ойлаймын. Әрине, кеңес кезінен қалыптасқан оқыған адам барлық дүниеден хабардар деген универсализм парадигмасынан бірден арылу қиындау, дегенмен қазір тек өз саласын жетік меңгерген кәсіби мамандардың дәуірі екеніне күллі әлемнің көзі анық жетіп отыр.
Жеңіл сөзге жел беріп, әр нәрсеге бір желпілдей берер болсақ, замана көшінің соңында шаң жұтып қаларымыз анық. Ұлтымыздың ұлы қуатын қызыл сөзді сапырғаннан гөрі ұлтты ұйыстыратын салиқалы, сарабдал істерге жұмсалық.
Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ,
экономист