Отандық қаржы нарығында жаңа тәртіп орнамақ. Рейтинг агенттіктерінің қызметін реттейтін заң жобасы олардың жұмысын жүйелеп, ашықтық пен әділдік орнатуды көздейді. Бұл өзгеріс тәуелсіз бағалау жүйесін нығайтып, кәсіп иелерінің қор нарығы арқылы қаржы тартуын оңайлатпақ. Десе де, құжаттың қалай жүзеге асатыны мен оның нақты әсері уақыт еншісінде.
Бүгінде еліміздегі рейтингтік қызметтер нарығы бірқатар түйткілге тап болып отыр. Ең әуелі, салада реттеуші заңнаманың жоқтығы айқын сезіледі. Яғни рейтингтік агенттіктердің қызметін кім бақылайтыны, олардың жауапкершілігі мен жұмыс істеу қағидаттары заң жүзінде анықталмаған. Екіншіден, бізде әзірге жергілікті рейтингтік агенттіктер жоқ. Оларды құру мен дамытуға құқықтық негіздің қалыптаспауы кедергі болып отыр. Ал бұл жағдай саладағы шетел агенттіктерінің үстемдігін одан әрі күшейтеді. Үшіншіден, рейтингтік қызметтердің құны тым жоғары, әсіресе орта кәсіп иелеріне – үлкен ауыртпалық. Отандық компаниялар рейтингтік бағалау жасайын десе, қолдары қысқа.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықаралық тәжірибеге сүйеніп, рейтинг агенттіктерінің қызметін реттейтін заң жобасын әзірледі. Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Бақытқанұлының айтуынша, әлемдік рейтингтік қызметтер әлдеқайда алға жылжыған.
– Қаржы саласында компаниялардың, мемлекеттердің міндеттемелері мен қаржы құралдарының сенімділігін бағалауда рейтингтік қызметтердің маңызы зор. Олар инвесторларға дұрыс шешім қабылдауға, реттеуші органдарға нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге, ал бизнеске қолайлы шарттармен қаржы тартуға мүмкіндік береді. Әртүрлі бағалауларға сәйкес, әлемдік рейтингтік қызметтер нарығында халықаралық рейтинг агенттіктері – «Moody’s», «Fitch» және «Standard & Poor’s» басымдыққа ие болып, олардың үлесі 90-95%-ды құрайды. Қазақстанда да осындай үрдіс байқалады. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 75 отандық компанияның 101 кредиттік рейтингі болған. Ірі компаниялардың бірден бірнеше агенттіктен алған рейтингтері бар, оның ішінде 25 рейтинг – «Moody’s» агенттігіне, 42 рейтинг – «Fitch»-ке, ал 34 рейтинг «Standard & Poor’s» компаниясына тиесілі, – дейді ол.
Рейтингтік қызметтер нарығы бүгінде үш қана шетелдік агенттіктің қолына қараған. «Moody’s», «Fitch» және «Standard & Poor’s» сынды алпауыттардың үлесі 25%, 42% және 34%-ды құрайды. Бұл ахуал саланың шектен тыс шоғырланғанын әйгілеп, қаржы бағалауларының бар тізгіні сырттың уысында екеніне дәлел болып отыр. Алайда бұл қызметтің өрістеуіне алдағы уақытта мүмкіндік бар. Себебі жоғарыда айтқан құжатты даярлау барысында халықаралық ұйымдардың ұсынымдары ескерілген. Мәселен, Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық комиссиялар ұйымы (IOSCO) ұсынған қағидалар рейтингтік агенттіктердің кәсіптік мінез-құлқы мен реттеу стандарттарын айқындайды. Сонымен қатар Базельдік банктік қадағалау комитетінің талаптары, атап айтқанда, Базель II мен Базель III шеңберіндегі рейтингтік агенттіктерге қойылатын біліктілік өлшемдері есепке алынған. Бұған қоса, Еуропалық Одақтың рейтингтік қызметтерге қатысты директивалары да назардан тыс қалмаған. Яғни заң жобасының негізгі мақсаты – елімізде әділ, тәуелсіз һәм ашық рейтингтік бағалау жүйесін қалыптастыру. Агенттік өкілі Әділ Асқарұлының сөзінше, бұл заң қаржы секторына аса маңызды өзгеріс әкелмек.
– Заңның қабылдануы рейтингтік қызметтерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, қаржы нарығының ашықтығын арттыруға бағытталған. Қазір рейтинг агенттіктері компания, банк және мемлекеттердің қаржылық тұрақтылығын бағалай отырып, инвесторлар мен несие берушілер үшін шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан заң жобасы әділ, тәуелсіз және кәсіби рейтингтік бағалауды қамтамасыз етуді көздейді. Бұл өз кезегінде бизнестің капиталға қолжетімділігін кеңейтіп, сыртқы және ішкі инвестициялардың тартылуына оң әсер етеді, – деп түсіндірді ол.
Аталған өзгерістер шын мәнінде отандық компанияларға қолдау бола ма, әлде жаңа бюрократиялық кедергілер тудыра ма – оны уақыт көрсетпек. Өйткені қазір рейтингтік нарықта шетелдік алыптардың ықпалы басым, ал жаңа ережелер олардың үстемдігін бұза ма, жоқ па, бұл – әлі күнге күмәнді сұрақ.