Жыл санап елде ұлттық киімге қызығушылық артып келеді. Кейінгі жылдары мереке күндерінен бөлек, күнделікті тұрмыста бешпет, тақия киіп жүретіндер көбейді, деп хабарлайды 24kz.
Білім ошақтарында, кеңселерде қызметкерлердің қазақы киіммен жүруі дәстүрге айналды. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ұлттық киімді дәріптеуге назар аударды. Президенттің бастамасы халық тарапынан қызу қолдауға ие болды. Наурыз мейрамында айтулы іс-шаралар ұйымдастырылып, рекорд та жасалды.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Наурыз мейрамы аясында ұлттық киімге ерекше мән берілді. Маңғыстауда бір мезгілде мыңдаған адам ұлттық киіммен алаңға жиналып, рекорд қойса, Көкшетауда мыңнан астам ана кимешекпен шерулетіп жүріп өтті. Жалпы кейінгі уақытта ұлттық киімге қоғам тарапынан қызығушылық артты.
Бұл үрдіске Бурабайда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы да назар аударды. Ұлттық киімді насихаттау күн тәртібінен түспеу қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.
Наурызнама онкүндігінде «Ұлттық киім күні» бекітілді. Бұл бастаманы қоғам зор ілтипатпен қабыл алды. Мәселен, маңғыстаулықтар думанды мерекеге ұлттық киім, қамзол киіп келіп, әлемдік рекорд орнатты. Бір мезгілде 6 мыңға жуық адам шапан, шекпенмен алаңға жиналып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Ләззат Бақытжанқызы, Ақтау қаласының тұрғыны:
- 2000 жылы қайтыс болған туған әжем. Соның шапаны міне, жүз жылдық тарихы бар жәдігер. Сандыққа салып, ұрпақтан ұрпаққа сабақтастығына өзім жаратып, қыздарыма, келіндеріме мұра ретінде сақтап қойған бешпентімді, міне, біссміллә деп көпшілікке киіп шықтым. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын.
Оңайгүл Көшкінбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Бұл ішік қаракөлден жасалған. Қазақтың зерін салып, анам өз қолымен осыны тіккен. Бір ғасыр болған күмістер, бәрі анамнан келген. Термелі жаулықты да өзі тіккен. Ешкімге де бермеймін. Беруге де болмайды. Өзіміз сақтау керекпіз. Деніміз сау болсын, тек тойлай берейік Наурыз тойды.
Маңғыстаулықтардың бастамасын көкшетаулықтар да іліп әкетті. Қаладағы орталық алаңда 1600 әженің басын қосқан «Ақ кимешек» шеруі өтті. Шеруді бастап жүрген аналар: «Көздегеніміз – ұлттық киімді ұлықтап, жастарға насихаттау», — дейді.
Марал Жақыпова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Бүгін Жер-Ананың жылуы мен мейірімін төге келген әз-Наурызда Көкшетауда, Қопа көлінің жағасында, айдын-көлге қонған аққу құстай болып сұлулықтың символы 2 мыңға тарта аналар ақ жаулықпен, ақ ниетпен, адал жүрекпен, ізгі тілекпен «Ақ кимешек» шеруіне шықты. Өйткені әр ананың бірден бір тілегі – ұрпағының амандығы, Отанның амандық-саулығы.
Ұлттық киімді, ақ кимешекті, оюлы шапанды ұлықтаған іс-шаралар елдің басқа да өңірлерінде өтті. Мыңдаған адам сәні мен мәні келіскен киімдерді киіп, мерекенің шырайын кіргізді. Наурыз ұлттық құндылықтарымыз төрге озған мейрамға айналды.
Авторы: Нұрқанат Қанапия