What are you looking for?

500 мыңнан астам педагог Қазақстанның болашағын қалыптастырады - Асхат Аймағамбетов

19.03.2025

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім саласында атқарылған өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осыдан алты жыл бұрын, егер мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, Ұлттық қордың қаражаты барлық балалардың шотына аударылып, қарапайым жұмысшы мамандары, Ақордада, мемлекеттік наградаларды алады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды айтты деп сөгер ме еді. Бірақ, заман өзгерді. Қазір енді, бұл бастамаларға таңғалмақ түгілі қалыпты жағдай, норма ретінде қарайтын болдық. Әрқашан, бәрі осылай болғандай қабылданып, тіпті уақытылы орындалмаса, проблема ретінде көтеретін болдық. Бірақ біз бұл бастамалардың қалай басталғанын, қандай қарсылықтар мен кедергілер болғанын жақсы білеміз. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарға апаратын нақты жолды салып, ауқымды реформаларды жүргізіп, іске асырды, — дейді депутат.

Депутат білім беру жүйесіндегі тарихи өзгерістерге тоқталып өтті.

Мұғалімдер – еліміздегі ең ірі кәсіби қауым. 500 мыңнан астам педагог – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын жандар. Білім — бұл жарық. Егер мұғалімнің шамы сөніп қалса, барлық қоғам қараңғыда қалады. Сондықтан да, Мемлекет басшысы реформаларын дәл осы ұстаздардан бастады. Мұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, бүгінде ол екі еседен астам өсті. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мәжбүрлі түрде газет-журналдарға жазылу, көше сыпыру, шексіз есеп беру міндеттері заңмен тоқтатылды. Тіпті бүгін, осындай жағдайлар болса, оған қоғамның өзі қарсылық танытып, резонанс тудыратын жағдайға келдік. Бұрын, мұғалім мамандығын түлектер амалсыздан, абыройлы мамандықтарға түсе алмағанада ғана таңдайтын. Ал қазір ол беделді мамандықтың қатарына кірді. Енді бұл мамандыққа ең мықты түлектер түсіп жатыр, — деді ол.

Мысалы, педагогикаға түсетін талапкерлердің орташа балы 55-тен 100 баллға дейін көтерілді. Педагог мәртебесін көтеру — Президенттің маңызды реформасы, әрі балалардың жарқын болашағына деген айқын қадам.

Екіншіден Президенттің «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асты. Енді, мектептің қай жерде орналасқаны маңызды емес – ауылда ма, қалада ма – барлық жерде бірдей, жоғары стандарттар: заманауи жабдықтар, қауіпсіз орта, ерекше балаларға қолжетімділік. Бұл бұрынғыдай тек облыс орталықтарында ашылатын 20-30 элиталық мектеп емес. Бұл – бүкіл ел бойынша, оның ішінде шалғай ауылдарда салынған 217 жаңа әрі жайлы мектеп. Имидждік объектілер емес, шын мәнінде елге қажет мектептер мен ауруханалар салынып жатыр. Өйткені әр жаңа мектеп – жай ғана ғимарат емес. Әр мектеп ол нағыз болашақтың фабрикасы, — деді Асхат Аймағамбетов.

Social Link

Follow Me On Social Media