Алатаудың етегіндегі саяжайымызда жазушы-ғалымдар Рымғали Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев, Танаш Дәуренбековтермен өткен ғасырдың сексенінші жылдары ұзақ уақыт құдайы көрші болдық. Демалыс күндері көбіне түстігіміз бір үйде, кештігіміз бір үйде өтетін. Бесінші көршіміз көзі шарасынан шығып кете жаздап тұратын бүкір шалды да көбіне асқа шақырып алатынбыз. Не отбасына, не ағайындарына қадірі жоқ пенде еді. Баласы аптасына бір келіп, азық-түліктің ырымын әкелетін.
Бірде Тәкеңнің үйінде түстеніп отырғанымызда төрде отырған сол шал әңгіме айтып: «Е, біз не көрмедік? Үш әріптің белді қызметкері ретінде талай-талай марқасқалардан жауап алдық қой» десін.
– Мен Бейімбеттей итжандыны көрмедім, – десін жайбарақат қана. – Тырнағына ине жүгіртіп жатқанда көзінің жасын бырт-бырт тамызып, жағын ашпайтын...
Сағи көкем орнынан атып тұрды.
– Без...об...раз! Неткен қаскөй, сұмырай адам едің, – деді ол ашуланғанда айтатын сөзін нығыздап. – Сенімен бірге дастарқандас болып жүрген қандай көрсоқыр едік. Қарт адам ғой деп ортамызға шақырып жүрсек, Бейімбеттің бір тамшы көз жасынан садаға кеткір-ай, – деп тысқа шығып кетті. Ал шал болса, «Менің кінәм не?» дегендей жапақтап, бізге қарай берді...
Жуырда ғана басылып шыққан «Алашорда ісі. 1920–1940 жж. Құжаттар мен материалдар» деп аталатын 12 томдық жинақтың әр томын ашып қарай бастағанда күні кешеге дейін ортамызда жүрсе де, өзінің қанқұйлы жаратылысынан айнымай өткен сол бір бүкір шал ойыма орала берді. Тарихымыздың 30–40 жылына созылған «алашшылсың» деп атып-асқан, одан қалса жұрттың тігерге тұяғын қалдырмай тәркілеп, сыпырып әкетіп, халықты ашаршылыққа ұшыратып, қынадай қырған келімсек жазалаушылар мен жауап алушылар ғана емес, өз ортамыздан шыққан бүкір шал сияқты халқын сатқандар да аз болмаған-ау деген ой келеді. Өйткені қуғынға ұшырағандардан қазақша жауап алған қазақтар да баршылық екен. Туған анасына опасыздық жасағандай қаны бір ағайынға жауша тиетін сатқындар аз болмағаны көрініп тұр. Ол кездегі мұртты көсем бастаған, Жалтыршекин (Голощекинді қазақшалағаным ғой) қостаған кеңестік коммунистік идеология қандай пәрменді еді. Әлде... әлде, «батыр халықпыз», «ақылды халықпыз, әділ де адал жұртпыз» деп кеудемізді қаққанмен, кісілік рухымызды әлсіретіп алдық па екен...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы саяси репрессия құрбандарын толық ақтауға байланысты аса маңызды Жарлығының нәтижесінде қазіргі кезеңге дейін темір есікті үйдің ішіндегі темір сандықтарға құпиялап тыққан архив қорлары ашылып, бізге беймәлім болып келген құжаттар көлемі 46–50 баспа табақ болатын 12 кітап түрінде қолға тиіп отыр. Айтқанға оңай болғанмен, пішімі үлкен, әр бетіне мол мәтін сиятын осынау 12 кітаптың жалпы көлемі 7 мың беттің арғы жағында. Ал кітаптардың әрқайсысында қамтылған құжаттар – материалдардың ұзын саны 2,6 миллионнан асады екен. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңның аясында жұмыс жүргізген кітаптарды құрастырушылардың еңбегі ұшан-теңіз. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің бас редакторлығымен, академик Мәмбет Қойгелдиевтің ғылыми жетекшілігімен және жобаны жүзеге асыруға 35 тарихшы-ғалым, археографтар, архившілер, сонымен қатар ҰҒА академиктерінің ерен еңбектерімен жүзеге асқан бұл кітаптарды өте құнды қазына деуге болар. Адам баласы қашанда жабық есіктің ішінде не барын білуге, ғасырға жуық құпия болып келген дүниелердің сырын ашуға құмар ғой. Оның үстіне «саяси тұтқын» деген анықтамадан басқа бар жай-жапсары белгісіз біреудің атасы, біреудің ағасы дегендей, оларды білгісі келетіндер, әрине, аз емес.
Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мың тағдырдың рухы сұраусыз емес. Ең болмағанда, арттарында қалған ұрпақтары олардың қалай айдалып, қалай атылғандарынан хабардар болады. Көптомдықта қамтылған ұшан-теңіз дүниелер Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архивінде сақталған құжаттар қамтылған.
Көптомдық іздегеніңді оңай табатындай оңтайлы құрылыммен қарастырылыпты. Жинақтың 1, 2-томдары 1927–1930 жылдың оқиғалары, үш әріптің және Ішкі істер министрлігінің архивтерінде жатқан қазақ зиялыларының тарихы, оларды айыптау тәсілдері баяндалады. Ал 3, 4-томдар 1930, 1932-жылдардағы оқиғаларға арналған. Қазақ азаттық қозғалысы қайраткерлеріне қарсы жүргізілген тергеу ісі құжаттарын қамтиды. 5, 6-томдары 1933–1938 жылдардағы Алашорда үкіметі мүшелеріне қатысты архив құжаттарын берген. Жинақтың 7-томы кеңестік тарихтың 1920–1930 жылдарда жер ресурстарын игеруге байланысты өктем саясатына қазақтардың қарсылық әрекеттері туралы материалдар топтастырылса, 8-томда ұлт-азаттық қозғалысымен байланысы үшін қуғын көрген тұтас әулеттер мен отбасыларға қатысты құжаттар топтастырылған. Мұндай зорлықтың нағыз қияметін ұлы ақынымыз Абайдың айрандай ұйыған әулетін қалай тоз-тозын шығарып құртқанын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ақынның өз әулеті ғана емес, айналасындағы ағайын-туыстарына дейін жым-жылас, жоқ қылғандары шындық қой. Бүкіл ел болып, киелілеріміз санаған Абай мен Шәкәрімнен қалған бірді-екілі ұрпақты медет етеміз. Бұдан кейін кеңестік қаскөй саясатқа қалай іш жылиды? 9-томда заманында Алаш Орда үкіметін қаржылай да, рухани да қолдаған қазақ байларын жазалауға арналған құжаттар топтастырылыпты. Ал 10-томда «Сопы» операциясы аталып, дін иелеріне, әсіресе мұсылман дінбасыларына қарсы, тіпті оларды біржола жоюға арналған құжаттар, 11-томда 1929–1931 жылдар аралығында Кеңес үкіметіне қарсы Халық көтерілістері туралы құжаттар жинақталса, соңғы 12-том әр жылдары айдалған, атылған алаштықтардың ақталғандарына қатысты құжаттар мен материалдарға арналыпты. Иә, олардың көбін уақыт таразысы өлідей болса да, асыл сүйектері қай түкпірде қалғандары белгісіз болса да ақтап алды. Өйткені олардың тарих алдында да, туған халқы алдында да, үкімет алдында да кінәлары жоқ еді.
Осынау суреттер мен құжаттардың көшірмелері әр кітапқа беріліп отырған өте құнды көптомдықтан келешек ұрпақ іздеген мәліметтерін табар.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы