Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар жандар үшін әлеуметтік нысандар қолжетімсіз.
Өңірде мұндай 61 мекеме бар. Тіпті кейбір әкімшілік және медициналық мекемелердің өзінде пандус жоқ. Уәкілетті органға олардың үстінен жиі шағым түседі. Мекемелер олқылықтың орнЫн толтыруы үшін қандай жаза қолданылды?
Құлап жамбас сүйегі сынған Күнзипа Жампейісоваға бірнеше ай мүгедектер арбасымен жүруге тура келген. Зейнеткер тіркеуде тұрған медициналық мекемеде көп қызмет көрсетілмейді. Сол себепті жеке клиникаға жіберген. Алайда мұнда кіріп-шығу қиындық туғызыпты. Себебі ғимараттың не жеделсатысы, не дұрыс пандусы жоқ.
Алтынбек Қабделов, Орал қаласының тұрғыны /немересі/:
- Пандустары өте ыңғайсыз. Онымен көтерілу өте қиын. Тегіс емес. Арба дөңгелегі кедергіге тіреліп, құлауыңыз мүмкін. Әупірімдеп кіріп едік рентген жертөле қабатында екен. Жеделсаты жоқ, оған да әрең түстік.
Күнзипа Жампейісованың немересі медициналық мекемеде мүгедектігі бар жандар үшін ешқандай жағдай жасалмағанын айтып уәкілетті органға шағымданған. Әлеуметтік қорғау саласының мамандары тек сол арыз негізінде ғана тексеріс жүргізе алады.
Бауыржан Әбілов, БҚО Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Әлеуметтік кодекстің 154-бабының 1-тармағында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету қарастырылған. Және азаматтық кодекстің 188 бабында меншік иелері сол жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Және әкімшілік-құқық бұзушылық туралы бабында жаза қарастырылған.
Жақын күндері әлеуметтік қорғау департаментінің мамандары мекемелерге тексерісті бастайды. Олар рейдке жиі шығады. Соңғы екі жылда 200-ден астам мекеме, сауда орындары мен дүкендерді тексерген.
Бауыржан Әбілов, БҚО Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Біздің департамент 2024-2025 жж аралығында 203 тексеріс жүргізді. Соның қорытындысы бойынша 61 мекемеде кемшіліктер анықталып, 20 миллион 500 мың теңге айыппұл салынды.
Алдағы уақытта адамдардың шағымына қатысты шұғыл әрекет ету мәселесі шешімін табады. Ол үшін ай-ти мамандары мобильдік қосымша дайындап жатыр.
Жанат Нұрмағанбетова, БҚО бойынша адам құқықтары жөніндегі өкіл:
- Егер барған жерінде пандус болмаса, өзге кемшіліктерді байқаса бірден мобильдік қосымша арқылы арыз жазуына болады. Емхана, дүкен, сауда үйінің нақты мекен-жайы көрсетілуі тиіс. Фото, видео айғақтарды да жүктеген жөн. Әрі қарай колл орталық әрекет ететін болады.
Өңірде қазір 25 мыңнан астам мүгедектігі бар жан тұрады. Олардың құқығы өзгелермен тең сақталуы тиіс, дейді мамандар.
Руслан Нұрланұлы, Альбина Қумарғалиева, Калыбек Акрап, Эльдар Аюпов