What are you looking for?

Бес жасында төрт тіл меңгерген Айша көпшілікті тәнті етті

01.06.2025

Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн – әлемдегі әрбір баланың бақытты өмір сүруге, білім алуға, қамқорлық пен махаббатқа лайық екенін еске салады. Осы бір керемет мереке аясында бір ерекше дарынды бүлдіршін жайлы сыр шертпекпіз. Айша Мергенқызы жасы небәрі бесте болғанына қарамастан, қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде еркін сөйлейді. Әрине, бұл жетістікке оңай қолжеткізбегені анық. Бұл – қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің, сондай-ақ ата-анасының саналы тәрбиесінің жемісі. Осы орайда біз Айшаның көп тілді меңгеруіне себеп болған, өзі де бірнеше тілді меңгерген, кішкентай полиглот қыздың анасы Мадина Хасановамен сұхбаттасқан едік.

Мадина бірнеше тілді қалай меңгерді?

Мадина Хасанова – Абай облысының Үржар ауданында дүниеге келген. Мамандығы – фармацевт-провизор. Әу бастағы таңдауы тіл саласына арналмаса да, өмір жолы мен ішкі қызығушылығы оны көптілділік бағытқа жетелеген.

Мамандығым тікелей тілдермен байланысты болмаса да, өмірімде тілдердің алатын орны ерекше, – дейді ол.

Мадина төрт тілді, атап айтқанда қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілін еркін меңгерген. Қазақ және орыс тілін бала күнінен жақсы білген. Ал мектепте ағылшын тілінің негізгі білімін алып, кейін қызымен бірге күнделікті өмірде қолдану арқылы дамытты. Әндер, ойындар, кітаптар арқылы ағылшын тілінде сөйлесіп жүріп, өз білімін тереңдеткен.

Кейін «Семей медицина университетінде» оқып жүргенде қытай тіліне бет бұрып, «HSK» емтиханына дайындалады. Сөйтіп, 2023 жылы жұбайымен бірге Қытайға магистратураға грант жеңіп алып, сол жаққа қоныс аударады. Ол кезде жас отбасы қандай да бір нақты жоспары болмаса да жаңа ел жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді болады.

Бес жасында төрт тіл меңгерген Айша көпшілікті тәнті етті

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жолдасым Қытайда өз кәсібін бастады, мен де осы мүмкіндікті пайдаланып, баламыздың дамуына баса назар аудара бастадым. Қазір осы мемлекетте тұрып жатырмыз. Ал болашақта, әрине, Қазақстанға оралу ойда бар, – дейді Мадина Хасанова.

Жаңа орта, жаңа тілдік кеңістік, мәдениет – мұның бәрі бала үшін де, ата-ана үшін де тың тәжірибе болған.

Қызы Айшаға тілдерді қалай үйретті?

Мадинаның айтуынша, Айшаның ең алғашқы тілі – қазақ тілі. Бұл – отбасындағы басты қарым-қатынас құралы. Шетелде тұрса да, ана тіліне деген адалдық олар үшін басты ұстаным болып қала беруде.

Бес жасында төрт тіл меңгерген Айша көпшілікті тәнті етті

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Үйде 80% қазақша сөйлесеміз. Ана тіліміз – негізгі тіл болып қалады. Қалған уақытта басқа тілдерді де белсенді қолдануға тырысамыз, – дейді анасы.

Ағылшын тілімен Айша 8 айлығынан бастап танысқан. Анасы саусақ ойындарын ойнап, әндер айтып, кітап оқып, күнделікті іс-әрекеттерге тілді қосу арқылы ағылшын тілін табиғи жолмен үйреткен. Екі жасында орыс тіліне, ал үш жасында қытай тіліне бет бұра бастайды.

Қытайға алғаш көшкен кезде Айшаны бірден балабақшаға бермей, анасы алдымен үйден тілдің негізін үйретуге ден қойған. Бұл әдіс өз жемісін беріп, бүгінде Айша Қытай балабақшасында еркін сөйлеседі.

Бұл – өте дұрыс шешім болды. Соның арқасында қазір Айша балабақшаға қуана-қуана барады, айналасындағылармен еш қиындықсыз әңгіме құрады, – дейді Мадина Хасанова.

Қандай қиындықтармен кездесті?

Көп тілді үйрену – әрине оңай жұмыс емес. Әсіресе балаға тіл үйретуде ата-ананың өзінің білім деңгейі де маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Мадина өз тәжірибесімен бөлісті.

Айша тілдерді тез қабылдады. Бірақ өзіме келсек, ең үлкен қиындық – ағылшын тіліндегі білімімнің жеткіліксіздігі еді. Кейде сөйлеу жағынан да, грамматикалық жағынан да қате жіберетін едім. Бірақ сол кемшіліктермен жұмыс істеу арқылы өзім де өстім, балам да өсті, – дейді ол.

Тілдерді шатастыру жайлы

Көптілді балалар көбіне тілдерді шатастырып, бір-біріне қосып жатады. Бұл көп ата-ананы алаңдатуы мүмкін, бірақ Мадина бұған түсіністікпен қарайды.

Бастапқыда Айша кейде тілдерді араластырып сөйлейтін. Бұл – көптілді балалар үшін қалыпты жағдай. Бірақ біз әр тілді таза қолдануға тырыстық. Бала не естиді, соны қайталайды. Уақыт өте келе, Айша әр тілді нақты ажыратып сөйлей бастады, – дейді ол.

Бес жасында төрт тіл меңгерген Айша көпшілікті тәнті етті

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шетелде тұрып, ана тілді ұмытпау – үлкен жауапкершілік. Осы орайда Мадина мен оның отбасы қазақ тіліне арналған оқулықтар, ойындар, кітаптар мен ертегілерді жиі қолданады.

Шетелде тұрып, қазақ тілінде ғана сөйлесу қиын. Себебі, Қытайда қазақ тілі жиі қолданылмайды. Алайда біз үйде тек қазақша сөйлесеміз, қазақ тіліндегі кітаптарды жиі оқимыз. Әр кеш сайын қазақша ертегі оқып, тақпақтар жаттаймыз. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі оқулықтар мен ойындарды да пайдаланамыз, – дейді Мадина.

Тілдің мінез-құлыққа әсері

Айшаның анасы әр тіл – тек қарым-қатынас ғана емес, ол – баланың дүниетанымын, мінезін, құндылығын қалыптастыратын құрал екенін айтады.

Бес жасында төрт тіл меңгерген Айша көпшілікті тәнті етті

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Тіл арқылы бала тек жаңа сөздер үйренбейді, ол сол ұлттың мәдениетін, ойлау жүйесін, құндылықтарын да бойына сіңіреді. Мысалы, қазақ тілі балаға жылылық, байсалдылық, сыйластықты береді. Ағылшын тілі – еркін ойлауға, креативке үйретеді. Қытай тілі тәртіпке, нақтылық пен шыдамдылыққа баулиды. Сондықтан көп тіл көп қырлы тұлға қалыптастырудың ең тиімді жолы, – деп түсіндіреді ол.

Тіл үйренудегі басты қағида – сапа

Жас отбасы бүгінде төрт тілге – қазақ, ағылшын, қытай, орыс тіліне басымдық беріп отыр. Бұл тілдер Айшаның күнделікті өмірінде нақты қолданыс табуда.

Айша ағылшын тілінде мультфильм қарайды, кітап оқиды. Қытай тілін балабақшада, орыс тілін туыстарымен сөйлескенде қолданады. Қазақ тілі үйіміздегі негізгі тіл, – деп атап өтті ол.

Мадина Хасанова болашақта қызына жаңа тілдерді үйретуді жоспарлап отыр. Бірақ бұл жердегі басты қағида – ол әрине, сапа болмақ.

Бес жасында төрт тіл меңгерген Айша көпшілікті тәнті етті

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Болашақта Айшаның қызығушылығын ескеріп, араб және түрік тілдерін де үйреткіміз келеді. Бірақ бұл тек қызымыздың қалауына байланысты. Біз үшін ең маңыздысы – көп тіл білу емес, терең меңгерілген, сапалы тілдік база құру. Сондықтан әр тілді берік әрі сенімді түрде меңгеру – басты мақсатымыз, – дейді Айшаның анасы.

Ата-аналарға кеңес

Сұхбат соңында Мадина Хасанова өз тәжірибесінен түйгендерін бөлісіп, жас ата-аналарға пайдалы кеңесін айтты.

Көп ата-ана «алдымен өзім жақсылап үйренейін, сосын балаға үйретемін» деп ойлайды. Бірақ менің тәжірибемде керісінше: балаңызбен қатар үйрену өте тиімді тәсіл. Міндетті түрде мінсіз сөйлеудің қажеті жоқ. Балалар қарапайым, шынайы қарым-қатынасты жақсы көреді, – дейді ол.

Айшаның анасы тілді бастысы күнделікті тіршілікте қолдану керек екенін атап өтті.

Мәселен, жуыну, тамақ ішу, ойнау секілді барлық процестерді тілмен байланыстыруға болады. Бала тілді жаттап емес, сезініп, қолданып үйренуі керек. Сонымен қатар, баланың қызығушылығын қолдау, оны мадақтау, еркін сөйлеуге мүмкіндік беру – тіл үйренудегі басты құрал, – деп сөзін түйіндеді Мадина Хасанова.

Social Link

Follow Me On Social Media