What are you looking for?

Абаттандыру аясында

05.07.2025

Астана – ел айнасы. Оның тазалығы мен көркемдігі бүкіл елдің мәдениеті мен тәртібін көрсетеді. Сол тұрғыда қала әкімдігі тазалық пен абаттандыруға ерекше көңіл бөліп келеді.

Елордада қыста қар тазалау, жазда көшелерді жуып-шаю, қоқыс жинау үздіксіз жүргізіледі. Қоқыс контейнерлері жаңартылып, қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіліп жатыр. Тұрғын үй аула­ларында сенбіліктер тұрақты өткізіліп, халықтың өз аумағына жауапкершілігі артып келеді.

Қалада жыл сайын мың­даған ағаш, гүл мен көгал отыр­­ғызылады. Жаңа саябақтар, гүлзарлар мен демалыс орындары салынып жатыр. «Жасыл бел­деу» жобасы аясында қала ай­наласындағы орман жолақ­тарының қатары қалыңдап келеді.

Тазалық, абаттандыру, көгал­дандыру шараларына соңғы кезде Мемлекет басшысының бастамасымен басталып, бұқаралық сипат алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еселеп екпін берді. Айталық, биылғы жаз маусымы басында ауқымды экофестиваль өтіп, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының қоры­тындысы шықты. Жалпы, эколо­гиялық бастамаға осы күнге дейін қатысқандардың саны 6 миллион адамнан асыпты. Бұл дегеніңіз, әрбір үшінші отандасымыз тазалық сақтауға үндейтін бастамадан құр қалмады деген сөз.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында түрлі іс-шаралар дәстүрлі түрде өтіп келеді. Олардың барысында тұрғындар 1,8 млн гектар аумақты күл-қоқыстан тазартты, 1,6 миллионға жуық тал-дарақ отырғызды. Экологиялық акциядан құр қалмай, өз ауласын тазалауға шыққан тұрғындар бүгінге дейін шамамен 1,1 млн тонна қоқыс шығарған.

Еліміздің бас қаласында та­залық, абаттандыру жұмыстары жылдың барлық мезгілінде бір де толастаған емес. Елордалықтар жыл соңына дейін миллионға жуық тал-дарақ, көшет егуді жос­парлап отыр. Жақында «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық ак­циясы аясында ауқымды жал­пықалалық сенбілік өтті. Оған 100 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері, спортшылар, мәдениет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары қатысты. Сенбілік барысында 12 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 16 мың шаршы метрден астам аумақ абаттандырылды. 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл 100-ден астам ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.

Жыл басынан бері қаладағы Ақбұлақ өзенінің жағалауы, Р.Қошқарбаев даңғылы мен С.Нұрмағанбетов көшелерінің қиылысы, Ж.Омаров көшесі, Абай даңғылы, Ш.Уәлиханов көшесі, Кирпичный тұрғын алабы, сондай-ақ Керей, Жәнібек хандар, Ұлы Дала көшелерінің бойы, Бейбітшілік, К.Күмісбеков, Е.Серкебаев көшелерінің бойы, Жаға­лау саябағының аумағы таза­ланған. «Жастар» саябағында, Бота­никалық бақта, Көктал сая­бағында, Абай алаңында, басқа да қо­ғам­дық орындарда көптеп көшет егілген.

Жуырда өткен экологиялық акцияға қаланың барлық алты ау­даны жұмылды. Абаттандыру жұ­­мыстарынан Байқоңыр ауда­ны­ның тұрғындары да шет қал­ма­ды. Олар қала орталығындағы Ж.Тә­ше­нов көшесінің бойына, Есіл өзе­ні­нің жағалауына 500 түп ағаш екті.

«Біз абаттандыруға шыққан аумақты қаланың қақ ортасы деп айтсақ болды. Себебі мұнда Есіл өзенінің жағалауы бар. Сол сияқты Ақбұлақ өзені ағып жатыр. Өзен жағасы саламатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары­ның жиі қатынайтын аумағы. Кешкі уақытта жастар көп келеді. Осыны ескере келе, біз түрлі ағаш тұқымдарын отырғызуды ұйғардық. Олардың арасында қылқан жапырақты ағаштардан шырша, қарағай, қайың әкелдік. 100 түп алма, алмұрт ағашы бар», – деді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.

Биыл абаттандыруға қатысты ауқымды инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жалғасады. Мәселен, Қабанбай батыр даң­ғылындағы көпірден Амман көше­сіндегі көпірге дейін Есіл өзенінің жағалауын абаттандыру басталады. Жоба тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауды, спорттық инфрақұрылым­ды дамытуды көздейді. Сондай-ақ, Есіл өзенінің бойындағы саябақ аймағын көгалдандыру, жаңарту жұмыстары жалғасады. Бұл кластерге Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон паркі, Президенттік саябақ, «Қалалық романс» паркі кіреді.

Тазалық, абаттандыру жұ­мыстары аясында қала тұр­ғын­дары, еңбек ұжымдары өз аула­ларын ғана емес, қаладағы арықтарды, көшелерді, тротуарларды, қоғамдық орындарды да тазалап отырады. Көшет отыр­ғызу, оны күтіп ұстау жөнін­де­гі маусымдық агротехника­­­лық жұ­­мыстар жүйелі жүріп жатыр. Сауда алаңдары тазарып, рұқсат етілмеген үйінділер шы­ғарылған. Мердігер ұйымдар шағын сәулет нысандарын, ес­керткіштерді, қоқыс орындары мен контейнерлерді жуып, қалпына келтірген.

Бұл Астана қаласында іске асып жатқан қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана. Елорданың таза әрі жайлы қала болуында әр тұрғынның үлесі маңызды. Тазал­ы­қ – тәртіптің, абаттандыру – өркендеудің белгісі.

Social Link

Follow Me On Social Media