What are you looking for?

Қазақстанда тоқыма өнімдеріне міндетті таңбалауды енгізуге дайындық басталды

28.03.2025

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында саладағы міндетті таңбалауды енгізудің өзекті нәтижелері жарияланды.

Қазақстанда міндетті цифрлық таңбалау жүйесі енгізіліп, жеңіл өнеркәсіп нарығы айтарлықтай өзгеруде.

Бүгінде аяқ киім өнімдерін таңбалау жүйесінде 4,5 мыңнан астам қатысушы тіркелген, ал жүйе іске қосылғаннан бері 130 миллионнан астам жұп аяқ киім таңбаланды.

2021 жылғы 1 қарашадан енгізілген аяқ киім өнімдерін цифрлық таңбалаудың негізгі әсерлерінің бірі – салықтық түсімдердің айтарлықтай өсуі. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, сол кезеңнен бастап аяқ киім сатудан түсетін салық кірістері 300%-дан астам өсіп, 8 миллиардтан 25 миллиард теңгеге дейін ұлғайған.

Tanba бірыңғай операторының жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаевтың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Сауда және интеграция министрлігі жеңіл өнеркәсіп тауарларының тағы бір тобына міндетті таңбалауды енгізуді жоспарлап отыр.

«2020 жылғы 15 желтоқсаннан 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқыма өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба өтті. Бүгінде міндетті таңбалауды енгізу үдерісі мемлекеттік органдардың бақылауында. Қажетті шешімдер мен нормативтік-құқықтық актілер қабылданған соң, Қазақстан Республикасында таңбалауды енгізу және кодтарды алу үдерісін жүзеге асыруды Бірыңғай оператор өз қолына алады», – деп нақтылады Ерлан Қарабаев.

Импорттаушылар таңбалаудың тиімсіздігін алға тартса да, отандық өндірушілер оның пайдалы екеніне сенімді. 300-ден астам нарық қатысушысын біріктірген «QAZ TEXTILE INDUSTRY» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық қауымдастығы басқармасының төрайымы Гүлмира Уахитованың айтуынша, таңбалау тұтынушыларды контрафактілік өнімдерден қорғап, адал бәсекелестіктің дамуына ықпал етеді.

«Егер сіз базарға барсаңыз, тауарларда өлшемінен басқа ешқандай ақпаратты көре алмайсыз, қай жерде өндірілген, сапасына қатысты кімге шағымдануға болады, қандай зауыт шығарды, қай елде жасалған туралы мәліметтер болмайды. Таңбалау – тұтынушыға өнімнің құрамын ашық көрсететін маңызды құрал. Бұл азық-түлік өнімдерінің құрамын толық көрсету тәжірибесімен ұқсас», – деп атап өтті Уахитова.

Сонымен қатар, спикер Қазақстан нарығындағы импорттық өнім кейде шетелдегі ұқсас тауарларға қарағанда неге арзанырақ болатынын түсіндірді. Уахитованың айтуынша, бұл – отандық өндірушілер бәсекелесе алмайтын «сұр» импорттың салдары.

Нарық қатысушыларының пікірінше, таңбаланбаған өнімге толық тыйым салу елдегі импортқа тәуелділікті азайтып, ашық әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ.

2020 жылдан бастап Қазақстанда тауарларды таңбалау және бақылаудың Бірыңғай операторы ретінде «Казақтелеком» анықталды. Бүгінгі таңда міндетті таңбалау үш тауар тобына енгізілді: аяқ киім, темекі бұйымдары және дәрілік заттар. Таңбалау бойынша пилоттық жобалар қатарына мотор майлары, сыра өнімдері және зергерлік бұйымдар қосылды.

Social Link

Follow Me On Social Media