What are you looking for?

Мұнай өңдеушілердің рекордтық көрсеткіші

29.03.2025

Қазақ жерінен өндірілген «қара алтынды» өңдейтін кәсіпорынның бірегейі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған жылы іске қосылған зауытта тауарлық мұнай өнім­ дерінің 20-дан аса түрі шығарылады.

Мұнайлы өңірдегі байырғы зауыттың бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, бұл – қазақ мұнайын өңдеу үшін салынған алғашқы өн­діріс орны. Екіншіден, мұнда жа­нар-жағармай түрлерімен бір­ге бензол мен параксилол шы­ғару қолға алынған. Байырғы кәсіп­орынның бас директоры Ғалым­жан Жусанбаевтың айтуынша, былтыр мұнай өңдеушілер елеулі жетістікке қол жеткізді. Оның ең маңыздысы – мұнай өңдеу бо­­йын­ша тіркелген тарихи көрсеткіш.

«Ел ішіндегі сұраныстың үштен бірін қамтитын кәсіп­орын­да 2024 жылы 5 млн 547 мың тоннадан астам мұнай өңделді. Бұл – рекордық көрсеткіш. Былтыр өңделген мұнай 2023 жылғы көрсеткіштен 71 мың тоннаға артық. Бір жылда 5 млн 55 мың тоннадан асатын тауарлық өнім шығарылды. Оның ішінде 1 млн 646 мың тонна автобензин, 1 млн 658 мың тонна дизель, 213 мың тонна сұйытылған мұнай газы, 188 мың тонна әуе отыны бар. Өңірлерге 4 млн 910 мың тоннадан астам өнім жөнелтілді», дейді Ғ.Жусанбаев.

Кәсіпорын мамандары­ның айтуы­на қарағанда, К-4 эколо­гиялық санатында шығарылып жатқан жанармайдың бірі – АИ-95. Мұнай өңдеушілер тәулігіне аталған жанармайдың 1 100 тоннасын шығарады. Оның өзге жанармайдан бірнеше артықшылығы бар.

пр

Біріншіден, аталған жанармайда күкірт, хош иісті көмірсутектер мен қоспалардың мөлшері төмен. Мәселен, күкірттің үлесі 11 мг/кг болса, октан саны – 97,2. Құрамында бір пайыз мөлшерінде бенол, 32,54 пайыз шамасында хош иісті көмірсутектер бар. Екіншіден, жанармай шығыны мен коррозияны азайтады. Үшіншіден, қозғалтқыштың іске қосылуын жылдамдатып, жұмысына оң әсер етеді. Бұл жанармай Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Абай, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарына жөнелтіліп отыр. Тұтынушысы көп жанармайға Атырау облысында да сұраныс көп.

Бас директордың мәліметіне қарағанда, өңделген көмірсутекті шикізаттың 69,2 пайызын ашық түсті мұнай өнімдері құрайды. Зауытта мұнай өңдеу тереңдігі 85 пайыздан асты. Сондай-ақ отынды тұтыну және мұнай өнімдерінің шығынын азайту деңгейі 10,9 пайызға төмендеді.

«Өткен жылы зауыттың эколо­гиялық көрсеткіштері шекті нор­мадан асқан жоқ. Мәселен, Атмо­с­фераға ластаушы заттарды шығару көлемі 11 мың 459 тоннаны құрады. Ал шекті көрсеткіш – 16 мың 225 тонна. Ағынды су құрамындағы шығарындылар көлемі 5 мың 702 тонна болды. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 526 тоннаға аз», деп мәлімдеді бас директор.

Мұнай өңдеудегі рекордтық көрсеткіш кәсіпорынның қаржы­лық тиімділігіне оң әсерін тигі­зіп­ті. Өйткені мұнда операциялық шығындарды оңтайландыру қолға алынып отыр. Мәселен, 1 тонна мұнайды қайта өңдеуге жұмсалатын шығын 74 мың 376 теңге көлемінде жоспарланған. Ал нақ­тысында 55 мың 757 теңгені құра­ды. Осылайша, 103 млрд теңге үнемделген. Ел бюджетіне 151 млрд теңгеден асатын салық төленді.

Атырау мұнай өңдеу зауыты­ның мұнай коксын қыздыру, жылу және электр энергиясы өндіру, каталитикалық рифор­минг және хош иісті көмірсутек­тер қон­дыр­ғысында қоршаған ортаға бөлінетін эмиссияларды мони­торингтеудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Экологиялық бақылау құралдары пештер мен қазандықтардан шығатын түтін газындағы күкірт ангриді, күйе, азот және көміртегі оксидтерінің шығарындыларын нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік береді. Деректер 20 минут са­йын «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі арқылы бақылаушы орган­дарға жіберіледі.

Бұл жүйенің қандай тиімділігі бар? Мамандардың түсіндіруін­ше, біріншіден, автоматтандырыл­ған мониторинг жүйесін орнату шығарындылар көрсеткішін ұдайы қадағалауға жол ашады. Екіншіден, технологиялық көрсеткіштерді жақсарту үшін қондырғылардың жұмысы жедел реттеледі.

«Қазір бұл зауытта 21 техноло­гия­лық қондырғы бар. Сол қондыр­ғылардың тек төртеуі ғана ауаға шығарындылардың негізгі көзі саналып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауыты қоршаған ортаға шығарындыларды азайту жөніндегі жұмысын жалғастыра береді. Осы мақсатта кәсіпорында энергия және ресурс үнемдеу, 2031 жылға дейін есеп­телген атмосфералық ауаға шыға­рын­дыларды азайту бойынша ны­са­налы көрсеткіштері бар іс-ша­ра­лар жоспары әзірленді», дейді ол.

Былтыр жоспарланған жөндеу аясында 15 технологиялық қон­дыр­ғы сәтті жаңартылды. Бұл жоға­ры октанды бензиндер өндірі­сін тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Мәселен, «PEP Solomon» бағдарламасы аясында операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған 24 ұсыныс іске асырылыпты. Жаңа тәсілдерді енгізудің экономикалық әсері жылына 1,5 млрд теңгеден асқан.

Қазір зауыттағы қызметкерлер саны 2 525 адамға дейін ұлғайды. Оның 43 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар.

Атырау облысы

Social Link

Follow Me On Social Media