What are you looking for?

Күйзелістен арылудың тиімді әдісі

29.03.2025

Өнердің адам денсаулығына оң әсер ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Көптеген адам оны тек эстети­ка­лық ләззат алу құралы деп есептейді. Шын мәнінде шы­ғар­машылық күйзелісті азайтып, есте сақтау қабілетін жақсартады, неврологиялық аурулардың алдын алуға да көмектеседі.

Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйы­мы­ның мәліметінше, әрбір төртінші адам өмі­рін­де кем дегенде бір рет пси­хи­калық, психологиялық қиын­дыққа тап болады екен. Ал неврологиялық аурулар салдарынан адамның мүгедек болу қаупі жоғары. Осындай жағдайда өнер терапиясы – күйзелістен арылудың тиімді әдісі ретінде қолданылады. Мысалы, бар болғаны 45 минуттық шығармашылық жұмыс қан құрамындағы күйзеліс гормоны кортизолдың деңгейін төмендетіп, жүйке жүйесін тыныштандырады. Психиатр Бессель ван дер Колктің зерттеуінше, ауыр психологиялық жарақат алған адамдарда сөйлеуге жауап беретін ми аймағы уақытша істен шығып қалады. Сондықтан олар өз жағдайын сөзбен жеткізе алмайды. Мұндай науқастарға сурет салу, музыка, би, мүсін жасау сияқты шығармашылық әдістер емдік әсер береді. АҚШ-та осы бағытта «Creative Forces» бағдарламасы іске қосылған. Ол әскери қызметкерлер ара­сындағы психологиялық жарақаттарды емдеуге бағыт­талған. Бағдарламаның ең тиімді әдістерінің бірі – маска жасау терапиясы. Әскерилер өз сезімдерін маска түрінде бейнелеп, бастан өткерген оқиғаларын шығармашылық арқылы жеткізеді. Сонымен қатар би мен музыка есте сақтау қабілетін жақсартады. Ғалымдар физикалық бел­сенділіктің 11 түрін зерттей келе, олардың ішінде бидің қартаю үдерісін баяулатып, деменция қаупін азайтатынын анықтаған. Себебі билеген кезде музыка мен қимыл-қозғалыс бірігіп, мидың бірнеше аймағын бір уақытта жұмыс істетеді. Паркинсон ­ауруымен ауыратын адамдарға арнайы «Dance for PD» бағдарламасы жасалған. Би терапиясы олардың қозғалыс қа­білетін жақсартып, көңіл кү­йін көтеруге көмектеседі. Музы­ка да есте сақтау қабілетін жақ­сар­тады. Деменциямен ауыра­тын адамдар үшін ән айту және музы­калық аспаптарда ойнау ми­дың танымдық функцияларын жақсартады. Қазіргі таңда өнердің адам миына әсерін зерттейтін жаңа ғылыми бағыт – нейроэстетика қарқынды дамып келеді. Бұл сала 1990 жыл­дардың соңында қа­­лып­тас­қан. Кейінгі жылдары оған деген қызығушылық ар­тып, 2020 жылы бұл бағытта 700 ғылыми зерт­теу жариялан­са, 2023 жылы олар­дың саны 900-ден асты. Ға­лым­дар болашақта өнердің тера­­пиялық мүмкіндіктерін меди­цинада кеңінен қолдануды жоспарлап отыр.

Social Link

Follow Me On Social Media