Шағаласы шулаған, ақ шабағы тулаған айдын көлдердегі ахуал да көңіл көншітеді. Елімізде балықты бағып, кәсібінен нәсіп көріп отырған 600-ден астам шаруашылық бар, деп хабарлайды 24kz.
Алда бұл көрсеткіш көбеюі бек мүмкін. Себебі сектордағы заңға өзгертулер еніп, бірнеше апта бұрын Мемлекет басшысы жаңа құжатқа қол қойған еді.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Бірнеше апта бұрын, анығырақ айтсақ, 12 маусымда Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды. Солардың сабында агросекторды дамытуға бағытталған құжаттар бар. Мәселен, құжатта аквашаруашылықтың әлеуетін арттыру мәселесі қаралды. Онда балық өсіру, балық өнімін өндіру, сектордағы бизнес өкілдерін қолдау тетіктері қаралған.
Елде балық шаруашылығымен айналысатын 600-ден астам бизнес өкілі бар. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш айтарлықтай аз еді. Алайда, алда кәсіпкерлердің қатары көбеюі мүмкін. Себебі мемлекет мезірет танытуға бейіл. Айтайық, биыл сектордағы бизнес өкілдерін қолдауға бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл шаруаларға субсидия түрінде беріледі. Бүгінгі күнге дейін 500 млн теңге үйлестірілген. Бұдан бөлек, 1,1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріледі.
Мирас Ғаббасов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Осы заң аясында балыққа жем сатып алғанда 30%, сосын мынау шабақтарын сатып алғанда 30% субсидия сақталды Шабақ және дәрі-дәрмек және биологиялық негіздеме жасағанда шығандарының 50%-ін субсидия түрлері қазіргі кезде бар.
Қазақстандықтар 94 мың тонна балық етін тұтынды
Былтыр қазақстандықтар 94 мың тоннадан астам балық етін тұтынды. Оның 42 мыңы айдын көлдерден ауланса, 18 мың тонна балық жасанды бассейндерде өсіріліп, өндірілді. Сондай-ақ 54 мың тонна өнім сырттан әкелінді. Айтайық, отандық өндірушілер ішкі сұраныстың 67%-ін ғана өтейді. Қалғанын көрші елдерден тасымалдауға мәжбүрміз. Сөйте тұра, былтыр біздегі бизнес өкілдері 23 мың тонна балық етін экспорттаған. Сыртқа сұранысты арттырумен қатар импортқа тәуелділікті азайту биліктің басты назарында.
Мирас Ғаббасов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Бізге көбінесе келетін мынау лосось, семга дейміз ғой, сол сырттан келіп отыр. Соның көлемі көп болып отыр. Соны алмастыратын мынау іште өзіміздің бақтақ балығының көлемін көбейту керек. Соның көлемін қарасақ, 2023 жылға қарағанда 2024 жылы 4,5 мың тонна бақтақ балығын өсіргенбіз. Оның көлемі жыл санап көбейіп келе жатыр.
Алда балықты қолда өсіріп, етін өндіру ісі ілгерлейді. Жауаптылар осы әдіспен 2030 жылға дейін өнімділік көлемін 270 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Айтайық, былтыр 18 мың тонна балық еті өндірілді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 11 тоннаға аз еді. Бұл балық қорын сақтауға, заңсыз су жануарларын аулау жағдайларын азайтуға сеп болмақ.