АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі ресми түрде жұмысын тоқтатты. Осыған дейін ұйым әлемнің 130-дан астам еліндегі түрлі салаларды қаржыландырып келген. Енді көмектің тоқтауынан алдағы 5 жылда 14 миллион адам жұқпалы аурулар немесе аштықтан қырылып қалуы мүмкін. The Lancet журналының сарапшылары осылай деп болжап отыр.
USAID жұмысын тоқтатты
Дональд Трамп Ақ үйге келген сәтте АҚШ саясатындағы бірқатар заңға өзгеріс енгізіп, ұйым жұмыстарына шүйлікті. USAID – соның бірі. Трамп агенттікті «қылмыстық ұйым» деп атап, «мемлекет қаржысын шетелде трансгендерлер мен бір жыныстылардың ұстанымын насихаттау және есірткі өндірісіне де жұмсап келген», – деп айыптаған болатын. Сөйтіп, агенттіктің жұмысын тоқтату туралы толқулар биыл ақпанда басталды. Сол кездің өзінде ұйым қаржыландыратын бағдарламалардың 80% жабылып, мыңдаған қызметкер жұмыстан кетті. Енді алдағы уақытта АҚШ-тың сыртқы көмегі алдымен «Америка» қағидатына сай әрекет етпек. Бұл мемлекеттік хатшы Марко Рубионың мәлімдемесі. Ол америкалық салық төлеушілердің қаражаты өзге елдердегі тиімсіз үкіметтерді қолдауға жұмсалмауы тиіс екенін айтты.
«Әкімшілік курсына сәйкес келетін және америкалық мүдделерді насихаттайтын шетелдік көмек бағдарламалары енді мемлекеттік департамент аясында жүзеге асады. Бюджеттегі қаражат тек тұрақты жеке секторды, соның ішінде америкалық компаниялар мен жаһандық инвестицияларды ынталандыратын салаларға жұмсалады» — Марко Рубио, АҚШ мемлекеттік хатшысы.
USAID – 1961 жылы президент Джон Кеннеди әкімшілігі кезінде құрылған, бюджеті 50 миллиард доллардан асатын әлемдегі ең ірі ресми гуманитарлық агенттік. Жыл сайын түрлі ауруларды емдеуге, аштық пен табиғи апаттар, кедейлікпен күресуге миллиардтаған доллар бөліп келді. Сондай-ақ ұйым демократиялық институттардың дамуына қолдау көрсетіп, үкіметтік емес ұйымдарды, тәуелсіз БАҚ-ты және азаматтық жобаларды қаржыландырған.
Әлемдік көмектің 40% USAID үлесінде
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, халықаралық гуманитарлық көмектің 40% USAID-тің үлесінде. Ал әлемде 300 миллион адам көмекке мұқтаж. Әсіресе Африка, Азия, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы ахуал күрделі. Былтыр агенттік Африка құрлығындағы елдерге 6,5 миллиард доллар көлемінде жәрдем көрсеткен. Ұйым азық-түлік, тұрмыстық заттар, дәрі-дәрмектен бөлек, халықтың ем алуын, әсіресе АИТВ, яғни адамның иммун тапшылығы вирусымен күрес жүргізуге қолғабыс еткен. Қазір Африканың оңтүстігінен Сахараға дейін қауіпті дертті жұқтырған 5 миллионнан астам науқас бар. «Енді жағдай одан сайын ушығып, осынша адамның ем алуы тоқтайды», – дейді мамандар.
«USAID-тің қаржыландыруды тоқтатуы қауіпті инфекциялардың алдын алуда жасалып жатқан шаралардың, зерттеулердің ары қарай жалғасуына кедергі келтіреді. Миллиондаған адам ем қабылдауын тоқтатады» — Кеннет Нгур, халықаралық АИТВ-мен күрес қоғамдастығының президенті.
USAID әлем елдеріне қыруар қаржы бөлген
Былтыр агенттік 7,84 млрд доллар бөліп, әлем бойынша түрлі салаларды қаржыландырды. Ең көп қаражат – 5 миллиард доллардан астамы Украинаға жұмсалған. Бұдан кейін Иордания, Эфиопия мен Конго Демократиялық Республикасы – әрқайсысына 1,2 млрд доллардан бөлінді. Ал Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында былтыр қомақты қаржы Тәжікстанға берілген. Армения – 55,1 млн доллар, Өзбекстан – 40,3 млн доллар, Қырғызстан – 35,5 млн, Беларусь – 30 млн доллар. Түрікменстан – 2,9 млн доллар, Ресей – 451,2 мың доллар. Ресейде USAID қызметіне 2012 жылдан тыйым салынғанына қарамастан, көмек үзілген жоқ. Ал Қазақстанға былтыр бөлінген қаражат құны 9,5 миллиард доллар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 28,9% көп. Қаржы денсаулық сақтау саласына, басқару мен азаматтық қоғамға, адам құқықтары жөніндегі жобаларға бөлінген.