Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Франциядағы қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақстандықтар туралы жаңа деректер табылды, деп хабарлайды 24kz.
Бесінші республиканың мұрағаттарында сақталған тарихи құжаттарды Қазақстанның осы елдегі дипломатиялық өкілдігінің қолдауымен Сәтбаев университетінің профессорлары зерттеді.
Нәтижесінде көп жылдар бойы белгісіз болып келген қазақ жауынгерінің сүйектері табылды.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Сұрапыл соғыс жылдары Қазақстаннан майданға аттанған 600 мыңға жуық сарбаздың денесі әлі күнге дейін қайда жатқаны белгісіз. Тарих профессоры Гүлнара Меңдіқұлова ғылыми жолын – сол майданнан туған жердің топырағы бұйырмаған қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздеуге арнаған. Зерттеуші дипломаттармен бірге Францияның бірнеше аймағына барып, түрлі мұрағаттарды ақтарып, бірқатар зиратты аралады.
Гүлнара Меңдіқұлова, Satbayev University қоғамдық пәндер кафедрасының профессоры:
- Ғылыми жаңалықтың барлығын Жеңістің 80 жылдығына арнаймыз. Өйткені біздің еліміздің бұл соғысқа қосқан үлесі зор. Өкініштісі сол, кез келген соғыстың ауыр салдары болады. Біз мұны ұмытпауымыз керек.
Нормандияда тұтқынға түсіп, қаза тапқан Ақтөбе өңірінің тумасы Бимұхамед Құрмантаевтың бейіті табылды. Лотарингияда 20 қазақстандықтың жатқан жері белгілі болды. Олар ұлттық Шамбьер зиратында жерленген. Оның жанындағы бұрынғы әскери тұтқындар лагерінің аумағынан Атырау облысының тумасы Сахип Түлековтің сүйегі табылды. Соғыс кезінде Францияда фашизмге қарсы қозғалыс құрылып, күрес жүргізілгені аян. Оның сапында неміс басқыншаларына қарсы күрескен қазақстандықтар да көп. Мұны дәлелдейтін тарихи құжат Францияның мұрағаттарында сақталған. Соның бірі – Орал қаласының тумасы Борис Назаров. Жаумен ерлікпен шайқасқан жауынгер «Еркін Франция» медалі және генерал Де Голльдің дипломымен марапатталған. Алайда Қарсыласу қозғалысына нақты қанша қазақстандық қатысқаны әлі күнге дейін беймәлім.
Андрэ Ракото, Франция Ұлттық ардагерлер және соғыс құрбандары істері басқармасы аймақтық қызметінің директоры:
- Меніңше, қазақстандықтардың Қарсыласу қозғалысына қатысуы – Франция жерінде неміс әскеріне қарсы күрескенінің сөзсіз дәлелі. Мұны барлығы білуі тиіс деп ойлаймын.
Амин Лаггун, Франция Жоғары әлеуметтік ғылымдар мектебінің зерттеушісі:
- Франциядағы Қарсыласу қозғалысы туралы сөз болғанда, Кеңес жауынгерлерінің рөлі көбіне Ресей және Украина сарбаздарының атымен байланыстырады. Бұл жоба қазақстандық жауынгерлердің рөлін көрсету үшін аса маңызды.
Зерттеу нәтижелері француз тарихшыларына таныстырылды. Іздеу жұмыстарының сәтті жүргізілуіне Қазақстан елшілігі өкілдері мен әскери атташе және Страсбургтегі Бас консулдықтың қолдауы көп көмегін тигізген.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Әлия Сыздықова