What are you looking for?

Ұлы даланың мәңгілік қазынасы

29.03.2025

Биыл ҚазКСР халық әртісі, этнограф-ғалым, композитор Александр Затае­ вичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының жарыққа шыққанына – 100 жыл.

Жақында М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутының ұйым­дастыруымен «Әлем халық­та­рының мәдени мұрасы: этномузыка, этнофор, этнограф» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік симпозиумда ғалымдардың зерттеулері негізінде жарық көрген «ХХ-ХХІ ға­сыр­лардың құндылығы мен ма­ңыз­дылық кеңіс­тігіндегі А.Затаевичтің мұрасы: ғылым – мәдениет – қоғам» академиялық еңбегі таныстырылды.

Өміршең қазынаның маңызына тоқталған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының уақыт өте келе мәні әдебиет, тарих, тіл білімі және басқа да ғылым салаларына құнды дереккөз ретінде арта түсті, деп атап өтті. Себебі бұл жинаққа ұлт зиялылары мен Алаш қайраткерлерінен бас­тап, қарапайым халық өкілдері үлесін қосқан.

ап

«Бүгінде институт қоры фольклорлық мұраға, үнтаспа, көне қолжазбаларға бай. Сирек қорда ғалымдар, фольклортанушы, өнертанушы мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде фольклорлық үлгілерден бастау алатын қазыналар бар. Мұндай қазынаны, яғни қобыз, домбыра күйлері мен ән-жырларды жазып алып, бір ғасыр бұрын халықтық мұраны жинақтауда жанкешті қызмет еткен Александр Затаевичтің есімі қазақ халқы үшін аса қымбат. А.Затаевич қазақ пен қырғыздың көне ұлттық мұралармен қатар, жалпы түркі халықтарының, оның ішінде өзбек, башқұрт, қарақалпақ, дүнген, татар, тува, қалмақ, т.б. әуен­де­рін тірнектеп жинап, нотаға түсіріп, жарыққа шығарып, әлемдік деңгейде таныстырды. А.Затаевичтің 100 жыл бұрын шығарған «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында, одан алты жылдан кейін шыққан «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақ­тарында мол мұрадан бөлек, қаншама тарих және тағдыр жатыр. Бұл еңбектерді ерекше бағалаған инс­титут ғалымдары 1963 жылы ғалымның ең бас­ты еңбегінің бірі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабын қайта басып шығарды. Бұл идеяның бастамашысы академик Ахмет Жұбанов болса, 2007 жылы «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағының факсимилесі мен толықтырылған түрін жарыққа шығару жұмысын қолдаған академик Сейіт Қасқабасов болды. А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында ұлт зиялылары, Алаш қайраткерлері, дәстүрлі өнерпаздар жайында ашылмаған мәселе көп. Олар­дың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқан, т.б. өнерге қосқан қыры жаңа тараптан зерделенуі керек» дейді К.Матыжанов.

Қазіргі кезде институт жобала­ры аясында халқымыздың рухани құндылықтарына айналған көне үн­таспаларды және ғалымдар шығар­ған еңбектерді цифрлық форматқа ауыстыруға байланысты ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Оның барысында А.Затаевич жинаған музыкалық үлгілердің баспалық нұсқасы ғана емес, үлгілердің аудио нұсқасын жасақтау жұмыстарын жүргізу де жос­парда тұр.

Институттың «Музыкатану» бөлімі­нің меңгерушісі, өнертану ғылымдары­ның кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанованың ­айтуынша, ұлттық мұра жауһарла­рын жеткізушілердің ішінде дүлдүл әншілер мен күйшілердің тікелей ізба­сарлары болған дәстүрлі өнер өкіл­дерімен қатар, қазақтың тәуелсіздігі үшін күресіп, жанын пида еткен ұлт зиялыларының орындауындағы үлгілер тасқа қашалғандай А.Затаевичтің еңбек­терінде көрініс тапты.

«А.Затаевичтің еңбегі хақында Максим Горький 1929 жылы жария­ланған «Кеңестер одағы бойынша» деген мақаласында: «Менің алдымда «Қазақ халқының 1000 әнінің» жинағы жатыр, оның өзгеше соны мелодиялары – болашақтың Моцарттары, Бетховен­дері, Шопендері, Мусоргскийлері мен Григтері үшін ғажайып бай материал. Зыряндардың, буряттардың, чуваштардың, марилардың, тағы басқа шартараптың болашақ ұлы музыканттары үшін бұл жинақта ғажайып әдемі мелодиялардың бұлақ-жылғалары кү­міс­ше сыңғырлап ағып жатыр», деген. Ал жазушы Ромен Роллан «Бірінші­ден, Затаевичтің еңбекқорлығына басымды иемін. Өйткені індет пен ашар­шылық жай­лаған уақытта мұндай орасан жұ­мысты жасау үшін қаншама қайрат керек. Бұл, сөз жоқ, музыкадағы ерлік, сонымен қатар адам жанының қуаты, мұны ұмытуға әсте болмас. Өз басым осынау сұлу да сырбаз дала әуендеріне деген таңданысымды жасыра алмаймын» десе, кезінде академик Ахмет Жұбанов та «А.Затаевичтің «1000 әні» қазақ музы­­касына жаңа жылбасы болды. Сол арқылы дүниежүзі қазақ музыкасымен танысты. Қазақтың музыкасына, халқына деген үлкен махаббаты арқылы ұлы мұра қалдырып кеткен орыстың ұлы адамының ағалық қамқорлығын әр кезде есте сақталық» деп жазған болатын.

Айнұр Қазтуғанова атап өткендей, А.Затаевич туралы жазған жарияланымдар кітапханалардағы сирек қорлар мен мұрағаттардағы материалдар күннен-күнге ұмытылып, парақтары жыртылып, ізсіз жоғалып барады. Сондықтан ғалымдар игі істі қолға алып, осының бәрін академиялық басылымға топтастырып, оқырманға ұсынып отыр. Басылымда бұрын-соңды жарық көрмеген деректерді кездестіруге болады. Олардың қатарында архив­терден табылған, ғылыми және мәде­ни құндылығымен ерекшеленетін мақалалар мен фотоматериалдар бар.

АЛМАТЫ

Social Link

Follow Me On Social Media