What are you looking for?

Банктер бизнеске неге болыспайды?

29.03.2025

«Банктер бизнеске несие бермейді» деген пікір осыған дейін де жиі айтылатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін, бұл бағыт қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына себепкер болуы мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен.

«CFO Summit» аясында пікір білдірген Қаржыгерлер қауымдастығынының төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, 2024 жылы экономикаға бөлінген кредит – 20,8%-ға, нақты бизнеске несие 17,9%-ға көбейген. «Банктер, ең алдымен, акционерлер мен салымшылар үшін жұмыс істейді. Олардың тікелей міндеті – салымшылар алдындағы міндеттемелерді орындау және акционерлер табысын қамтамасыз ету», дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы қаржы институттары бизнес ортада анағұрлым ашық, себебі олар қаржылық есептілік­тің халықаралық стандарттары бойынша есеп береді деп мәлімдеді.

«Соңғы 5-6 жылда қаржы секторының салық түсімі кейбір ірі компаниялардың табысынан жоғары болды. Банк секторы салықтан жалтару үшін табысын бөлшектеген жоқ. Әділ, ашық ойын ережесін жүргізді. Былтыр олардың корпоративті табыс салығы 451 млрд теңгені құрады және ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 39%-ға өскен», деді.

Сарапшылардың айтуынша, екінші деңгейлі банктер салық жеңілдіктері кезінде де бизнеске қолжетімді несие ұсына алмаған. Мемлекеттің «бизнеске несие беріңдер» деген уәжіне «біздегі ақшаның бәрі салымшыларға тиесілі, оны экономикаға сала алмаймыз» деп қарсылық танытып келген. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, нарықта шағын және орта бизнесті несиелендіру бойынша банктер арасында бәсекелестік болуға тиіс.

«Банктердің жағдайы әртүрлі. Сондықтан бәрінен бірдей белсенділік күтудің қажеті жоқ. ЕДБ экономиканың нақты секторын белсенді несиелеу үшін макроэкономика ғана емес, реттегіштік орта да жетілдірілуге тиіс. Несие берудің нарықтың тетігін қалыптастырмайынша, оң өзгерістер болмайды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы индикаторлық рөлі айқындалмайынша, жағдай өзгермейді. Банктер де мұны түсінеді, сондықтан шағын бизнесті несиелеуге мүдделі емес. Мемлекет жеңілдетілген несие бағдарламаларын тоқтатып, коммерциялық банктерге осы нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік беруі керек. Сондай-ақ банк несиесі – бизнестің өзі үшін де тәуекелді бастама. Инфляцияның және базалық мөлшерлеменің жоғарылығынан коммерциялық кредиттердің құны 20–24%-ға дейін жетеді, яғни банктерге осы пайыздарды беру үшін бизнестің рентабельділігі жылдық таза кірістің шамамен 30%-ын құрауға тиіс. Ұлттық банк бірінші кезекте банктердің несие функциясын дамытуға назар аударуы керек. Содан соң институционалдық ортамен байланысты біраз кедергі бар. Бұл қарыз алушылардың мүддесін көбірек қорғайды. Біздің елде төлем қабілеті сын көтермейтін қарыз алушылар үшін институционалдық орта жақсарып келеді. Несиелерді қайтармай қою ұят емес», дейді Ғ. Құсайынов.

«Visor» инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин жеңілдетілген салық режімі де, жеңілдетілген несие жүйесі де шағын бизнеске арналғанын, ал оны орта және ірі кәсіпкерлік те пайдаланып кеткенін айтады.

«Банк экономикаға несие беру үшін экономика тұрақты болуы керек. Ұлттық валютаның тұрақтылығына алтын немесе интервенция емес, экономикалық ресурстар ықпал етуі керек. Ұлттық банк тарапынан қадағалаудың негізгі принциптері тек тыйым салу мен шектеу қою, ал дамытуға қатысты ешқандай жаңа құрал жоқ. Бюджеттің теңгерімсіздігі мен экономикалық өсім – Ұлттық банктің емес, Үкіметтің мандаты. Корпоративтік секторды несиелеу деңгейі экономиканың құрылымдық проблемаларына тәуелді. Ішкі жалпы өнімдегі ШОБ үлесі қазіргідей 27% емес, 50-60% болуға тиіс. Банктердің айналымындағы қаржының 80%-ы – салымшылардың депозиті. Үкімет банктің немесе бизнестің нарықтық сипатын ұмыта береді. Банк – әлеуметтік қор емес, бизнес – балалар бақшасы емес. Мықты жобаны қаржыландыруға банктің өзі мүдделі болуы керек еді. Үкімет пен Ұлттық банк осыны түсінген кезде ғана несиелендіру нарығы реттеледі», дейді Чукин.

АЛМАТЫ

Social Link

Follow Me On Social Media