What are you looking for?

Ішкі көші-қон: Заң талабы неге бұзылады?

01.07.2025

Тәуелсіздік кезеңінде еліміздің солтүстік және шығыс облыстарында әртүрлі себеппен нашарлап кеткен демографиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы сегіз жылдан бері жүзеге асырлып келеді. Әйткенмен осы әлеуметтік жобаның нәтижесі көңіл көншітерліктей емес.

Ауызекі тілде «Оңтүстіктен – солтүстікке» деп аталып кеткен бағдарлама аясында 2017 жылдан бері теріскей және шығыс өңірлерге 63 мыңдай адам қоныс аударған. Бірақ бұл игі бастаманың жүзеге асырылуы жеткіліксіз болып, аталған аймақтардан басқа жақтарға көшіп кетушілердің ойсыраған орнын толтыра алмай тұр. Салдарынан олардың бәрінде көші-қонның теріс сальдосы сақталып, тұрғындар саны жылдан-жылға азайып барады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, әсіресе елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) қалып­тасқан демографиялық ахуал алаң­датарлықтай. 2017 жыл­дың басында Қызылжар өңірінде 562 583 тұрғын болса, арада өткен сегіз жыл ішінде олардың саны 40 412-ге кеміп, 522 171 адам қалған.

Осы уақыт ішінде Қостанай облысы тұрғындарының саны 878 415-тен 825 569-ға дейін құлдыраған, яғни 52 846 адамға азайған. Абай облысындағы жағдай да мәз емес. Оған қарайтын аудандар мен қала­лардың жұртшылығының қатары 48 946 адамға селдіреп, осы жыл басында 602 832 тұрғын қалған. Халық саны Шығыс Қазақстанда – 12 842 адамға, Павлодар облысында 5 581 адамға кеміген.

Бұл ретте бір көңіл жұба­тарлық жайт – кейінгі жылдары солтүстік және шығыс өңірлер тұрғындарының этностық құра­мында оң өзгерістер болды. Қазір қазақтардың үлесі Абай (79,2 па­йыз), Павлодар (56,8 пайыз), Шығыс Қазақстан (51 пайыз), Қостанай (44,7 пайыз) облыстарында өзге этностардың қайсысынан болсын едәуір басым. Алайда тек СҚО-дағы ағайын әлі де азшылық (37,8 пайыз) болып отыр. Олардың осы жылдың басындағы саны – 197 131 адам. 2009 жылғы халық санағы бойынша Қызылжар өңі­рінде 198 641 қазақ тұрғандығын ескерсек, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кенжелеп қалғандығы ондағы мемлекет құраушы ұлт өкілдері қатарының да селдіреуіне әкеліп соққандығы анық. Сондықтан да теріскейдегі күрделі демографиялық жағдай ерекше көңіл бөліп, қосымша шара қолдануды тілейді.

Шынын айтсақ, Еңбек және әлеумет­тік қорғау министрлігі қоныс аударушылар туралы таратып жүрген мәлімет жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Өйткені былтыр Бас прокуратура оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасын іске асыру­ға бөлінген бюджет қаржысының жұм­салуына жүргізілген талдау барысын­да жалған құжаттар жасау арқылы азамат­тарды жалған қоныс аудару жолы­мен 1 млрд теңгеден аса қаражат жымқы­рылғанын және теріс пайдаланылғанын анықтаған. Қоныс аударушылар болып өздерінің бұрынғы тұрған жерлерінде өмір сүріп жатқан адамдар есепке алын­ған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған, тұруға жарамсыз немесе апатты тұрғынжайларға рәсімделген. Кей азаматтар өздерінің қағаз жүзінде «қоныс аударғанынан» бейхабар болып шыққан.

Мысалы, Павлодар облы­сының Успен ауданының «Еңбек мобильділігі орталығы» ком­муналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері арзан үйлерді өзі іздеп тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өз қалтасына басып отырған. Шығыс Қазақстанда қоныс аударушылар мен үй иелері өзара сөз байласып, мемлекеттің қаржылық көмегін алу үшін жалған шарттар жасасқан, ал түскен қаражатты бөлісіп алған. Бірақ өздері бұрынғы мекенжайларында тұра берген. Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында бір қоныс аударушы сатып алған үйінің нақты бағасы мен мемлекет төлеген қаражат­тың арасындағы айырмашылық­ты «олжалаған». Ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілген.

Жуырда әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Тимирязев ауданына Қызылорда облысынан көшіп келген бір азамат мемлекет тұрғын үй сатып алуға берген 4 млн теңгенің 2,5 млн-на баспана сатып алып, артылған 1,5 млн теңгені бұрын алған несиесін жабуға жұмсағаны үшін қылмыстық қудалауға ұшырап отырғаны жайлы жанайқайын ортаға салды. «Еш кінәм жоқ. Мойнымда 6 млн теңге несием бар. Маған үйін сатқан кәсіпкер әйел менің қарызға батып қиналып жүргенімді әрі отбасым көпбалалы екенін ескеріп, жаны ашығандықтан берген ақша еді», деп ақталуға тырысты. Осы орайда қоныс аударушыларды тұрғынжаймен қамтамасыз ету мәселесі әу бас­тан жете ойластырылмай келе жатқанын айтқан жөн. 2023 жылға дейін демографиялық жағдайы қиын Солтүстік Қазақстан облысында ғана қанатқақты жоба жүзеге асырылып, қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салынған еді. Бірақ олардың көбі сапасыз салынып, қыста суық болғандықтан, тұрғындардың көптеген арыз-шағымын туғызған. Сол себеп­ті қоныс аударушылардың тұр­ғ­ын­жай мәселесін оңтай­лы ше­шу үшін бұрнағы жылғы 1 шіл­деден бас­тап олар көшіп барған өңірлер­дегі елді мекендерден сатып ала­тын тұрғын үйлердің құнының 50 па­йызына дейінгі, бірақ 1 160 ай­­­лық есептік көрсеткіштен (биыл – 4 561 120 теңгеден) аспайтын мөл­шер­де экономикалық мобильді­лік сертификаты енгізілген. Өкініш­ке қарай, осы жаңашылдық та сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызып отыр. Себебі оңтүстік өңірлер­ден теріскейке қоныс аударуға келісім берген азаматтардың көбі қарызға белшесінен батқан жандар екені ескерілген жоқ. Енді мойындарындағы берешектерінен мемлекет есебінен оңай құтылу­ды ойлаған қоныс аударушылар­дың қулықтары әшкереленіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

Міне, осылайша, қоныс аудару бағдар­ламасының тиімділігі шамалы болып, тартымдылығы төмен­деп тұр. Сондықтан да еліміздің ұлт­тық қауіп­сіздігімен астасып жат­қан әлеуметтік жобаны әлі де жетілдіре түсу қажет. Мәселен, экономика­лық мобильділік сертификатының шарттарын қайта қарап, тұрғын­жай сатып алуға берілетін қаражат­ты қоныс аударушылардың өз қалауынша жұмсауына рұқсат еткен жөн сияқты. Сонда теріскейге қоныс аударуға ниет білдірушілер қатары қалыңдап, бұрын алған несиесін өтеу үшін қылмысқа ұрынатындар болмас еді.

Social Link

Follow Me On Social Media