What are you looking for?

ФАО ұйымы ауыл шаруашылығын дамытуға көмектеседі

06.03.2025

Қазақстан тұқым сұрыптарын асылдандыру мен тозған жерлерді құнарландыруды жаһандық Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымымен бірлесе атқармақ.

Бұл серіктестік егістіктегі өнімділікті арттырып, қамбаны астыққа толтыруға мүмкіндік береді. Бүгін елордада мүдделі тараптар бас қосып, жемісті жобаларды талқылады. Аталмыш бірлестік пен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында 2018 жылы негіздемелік келісім рәсімдеген. Әріптестік бағдарлама 10 жылға жоспарланды. Былтыр Қазақстан 2 млн долларға жуық алғашқы жарнасын аударды. Енді тұқым мен жер игеруге қатысты қос стратегиялық жобаны жүргізу міндеті шетелдік ұйымның мойнында. Қазіргі уақытта олар елімізде 55 түрлі жоба іске асырып жатыр.

Айта кетейік, Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексі бойынша Қазақстан 113 елдің ішінде 32-орында. Отандық шаруалардың өнімі 80 елге экспортталады. Былтыр саладағы өнім көлемі 13,7%-ке өсті.

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Іс-шараның аясында қосымша қандай жобалар қажет етеді, соны тиісті қоғам өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және тиісті депутаттармен бірлесіп, ақылдасуға жиналып отырмыз. Іс-шараның қорытындысы бойынша қосымша қандай бағытты дамытуымыз керек, қосымша қандай бағытта халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық арттыру қажет деген шешімге келетін боламыз.

Виорел Гуцу, ФАО бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі:

- Тұқым сұрыптары мен топырақ жағдайын жақсартудың басты бағыттары анықталды. Оған зиянкестермен күресті, шегірткелерді жатқызуға болады. Сондай-ақ екіжақты кездесулерде жануарларды және ірі қара малды сәйкестендіру, оларды бақылау жүйелеріне қатысты мәселелер талқыладық. Бұл тақырып та өте өзекті. Тағам қауіпсіздігі, жануарлар денсаулығы, ең бастысы, азаматтарымыздың саулығын жақсартуға тікелей әсер етеді.

Алдағы ықпалдастықтың да әлеуеті мол. Тараптар су саласындағы серіктестікке ашық. ФАО мен Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа әріптестік бағдарламасын әзірлемек. Негізгі бағыт – трансшекаралық өзендерге беріледі. Сондай-ақ Каспий теңізінің экологиялық ахуалына да назар аударылады.

Social Link

Follow Me On Social Media