Кәсіби спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгіленеді.
Сенат дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты түзетулерді екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты сенатор Әсем Рахметова таныстырды.
"Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік реформаның 2-кезеңін іске асыру шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттердің аражігін ажырату мақсатында әзірленген", — деді ол.
Заңмен 2 Кодекске, 5 заңға келесі жаңалықтарды қамтитын түзетулер енгізіліп отыр:
- басым спорт түрлерін олардың рейтингі негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарында ұлттық құрама командалардың өнер көрсету нәтижелері бойынша қалыптастыру;
- республикалық және өңірлік спорт федерацияларын ұлттық спорт федерацияларына өзгерту;
- жоғары жетістіктер спортына жататын басым спорт түрлерін бірінші кезектегі тәртіппен қаржыландыруды жүзеге асыру;
- спорттың ойын түрлері бойынша кәсіби спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгілеу;
- Қазақстан азаматтары болып саналмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу;
- спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты талаптар белгілеу;
- аккредиттелген спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау міндетін белгілеу;
- бірыңғай оператордың қаржысына спорттық инфрақұрылым объектілерін салуға мүмкіндік беру;
- уәкілетті орган республикалық мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшыларын, жергілікті атқарушы органдар жергілікті мемлекеттік дене шынықтыру спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды іске асыру.
Сондай-ақ, спорттық іс-шараларға және халықаралық спорттық жарыстарға жіберу кезінде бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін адамның шығындарын өтеу жөніндегі заңнамалық талап белгіленді.
Бұдан басқа, спорттық медицинаны дамытуға бағытталған нормалар көзделген. Спортшылардың мамандандырылған медициналық көмегін қамтамасыз ету, сондай-ақ спорттық медицина және оңалту саласында заманауи технологияларды енгізу мақсатында ұлттық спорттық медицина және оңалту ұйымын мемлекеттік кәсіпорын нысанында құру ұсынылады. Заңмен спортшылар мен жаттықтырушыларға Мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне де өзгерістер енгізілді.
"Бұл ретте, Қазақстан азаматы болып есептелетін және еліміз аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшылар, Қазақстан азаматы болып есептелетін және еліміз аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде 20 жыл еңбек өтілі бар, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушылар материалдық қамтамасыз етіледі", — деді сенатор.