Сазсырнай аспабы желдің гуілі, қасқырдың ұлуы болып жер бетіне жетпес бұрын жүзжылдықтар бойы жер астында көміліп жатты . Түркі аспаны астындағы табиғаттың жұмбақ тілі музыкасына жасырылғанын сардаланың сағынышындай болған сазсырнайдың сиқырлы үні арқылы сезінді. Музыканың күшімен жел шақырып, жаңбыр жауғызатын түркі жұртының сазды аспабының қоңыр үні көне Отырар қазылмағанда саусағына ілікпек түгілі тамырын да танымаған күйі кетер еді.
Қолындағы бала күнінен жан серігі болған жалт-жұлт еткен күміс түстес жылтыр флейтасын топырақтан иленген қаздың жұмыртқасындай қоңыр үнді сазсырнайға алмастыру ойына да келмеген. Кеңестің билігі үстем тұрған заманда, мәдениет пен өнерге қазақы танымымен төңкеріс жасаған Өзбекәлі Жәнібеков ағасы келіп: «Мына флейтаңмен сен кімді таңғалдырам деп жүрсің? Флейтаны іздейтін, жоқтайтын Еуропада өз адамдары бар. Міне, сенің қолыңа сазсырнай беремін. Кімнен үйренесің, қалай үйренесің, білмеймін, бірақ мұны үйренуің маңызды. Мен енді флейтаның дыбысын естімейтін болайын», деді салмақтап тұрып.
Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның халық музыкасы факультеті көне аспаптар кафедрасының доценті, Мәдениет саласының үздігі Гүлфайруз Далбағайдың қолынан қырық жылдан бері сазсырнайы түспей келе жатса, ол ең алдымен, тұтас ұлт өнері үшін құрбандыққа барған аманат алдындағы адалдықтан...
Табиғаты көздің жауын алатын Жетісу жауһарларының бірі Бөрлітөбе-Лепсі аумағында туған музыка бәйтерегі Мұқан Төлебаевтың ауылында дүниеге келген Гүлфайруздың бала күнінен өнерден құралақан қалуға хақысы жоқтай. Баянды құлаштай тартып, ән бастайтын әкесімен бірге қосыла кетіп шырқай жөнелгенді жаны сүйетін. Әсіресе он бір бала өскен отбасы жаздың кешкі тымырсық ауасын қақырата тіліп, есіктің алдына шығып ән шырқайтын осы бір шақ мынау дүниенің қайта айналып келмейтін шырынды шағы болып мәңгі есте қалды.
Ауыл мектебінің 8-сыныбында оқып жүрген кезінде анасы қолынан жетектеп Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға алып келді. Баян ойнап жүрген Гүлфайрузды училище мамандары музыкалық қабілетін, дауысын мың қайтара тексеріп, үрмелі аспаптар бөліміне, флейта сыныбына қабылдайды. Училищені тәмамдаған соң «ата-анама, бауырларыма көмектесуім керек» деген ойды арқалап туған жеріне оралады. Өмірде де, өнерде де жол көрсетіп, өнермен айналысуына ықпал еткен училищенің халық аспаптар бөлімінің оқытушысы Жамағат Темірғалиев ауыл музыка мектебінде сабақ беріп жүрген Гүлфайрузды көріп, Алматыда Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның жанынан Ө.Жәнібековтің қолдауымен «Адырна», «Сазген», «Алтынай» деген ансамбльдердің құрылып жатқанын айтып, «бәрін таста да, Алматыға кел» деп ақыл береді.
Алматыға келген бетте филармонияға жұмысқа қабылданып, әдемі флейтасын ұстаған күйі жаңадан құрылған «Адырнаның» бір мүшесі ретінде ансамбльдің құрамына жайғасады. Бұл – 80-жылдар. Қобыз, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, жетіген сынды фольклорлық аспаптарды жинақтап ансамбль құрып, бұрын таңсық болып келген аспаптарда ойнайтын адамды өзі тауып, оқытып, ансамбльге «Адырна» деп атау беріп, төңірегіне талантты мамандарды топтастырған Өзбекәлі Жәнібеков еді. «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, атқан оғы Еділ-Жайықты тең өткен» деген Махамбеттің жырында айтылғандай, адырна дегеннің садақ тектес аспап екенін алғаш сонда Өзағаңның аузынан естиді. Жиырманың ішіндегі жас Гүлфайруздың қолындағы сүйікті флейтасын ұлттық өнердің жолына құрбан етіп, сазсырнайға айырбастағаны да осы жылдар еді.
14-15 жасынан флейтада ойнап, классикалық шығармалар орындап келе жатқан Гүлфайрузға сазсырнай салған жерден ұнай қоймады. Рас, дыбысы әдемі, қоңыр, желмен, жаңбырмен үйлесім тапқан табиғатқа тән дыбыс екенін жоққа шығармайды. Бірақ бастапқыда басқа аспаптармен үйлесуі қиынға соқты. Үйрететін ұстаз да жоқ. Өзінше ізденіп, «сазсырнай қалай пайда болған, кім тапқан, қалай тапқан?» деп тарихына үңіле бастағаны да осы кез. Бұл кезде Н.Тілендиевтің бастамасымен «Отырар сазы» ансамблінде сазсырнай орныға бастаған. Мұндағы сазсырнайшының өзі де енді үйреніп жүргендіктен, біреуге үйрететін халде емес еді. Ізденіп жүріп, Болат Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» деген кітабын тауып алып, аспаптың әліпбиімен танысады. Сондықтан Гүлфайруз «сазсырнай өнерін меңгерудегі ұстазым» деп алдымен аспапты қолына ұстатқан Өзбекәлі Жәнібековті, екінші Болат Сарыбаевты атайды.
Бүгінде Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда сазсырнайдан сабақ беретін өнертану доценті Гүлфайруз Далбағай сазсырнайдың «окарина» тектес аспаптар қатарына жататынын айтады. Мұндай аспаптар арыға бармай-ақ, берідегі кеңестің құрамында болған кішкентай халықтардың біразында кездеседі: марийлер шун мушпык, чуваштар там чахлыча, там шахран, эстондар сави пиилу, латыштар свилуе, литвалықтар молинукс, армяндар пепук, грузиндер булбуль дейді. Бұл аспаптарды саздан жасап, кейін отқа күйдіреді. Сарыбаевтың сипаттауынша, кейде құстың дауысына салып ойнаған кезде, жан-жақтан қанатын қағып құстар ұшып келетін болған. Тіпті «Отырар сазы» ансамблінің атауы көне қаладан табылған сазсырнай үніне байланысты қойылған деседі.
Сексенінші жылдары қолына алғаш сазсырнайды алғанда бұл аспапқа арналған шығарма жоқ-тын. Көне аспап болғаннан кейін, концерттерде сазсырнайды ойнайтын әртісті ансамбльдің алдына шығарып, төл дыбысымен таныстыру басты мақсат болды. Бұған қоса, репертуар да қат еді. Ең алдымен «Қоңыр» атты халық күйін сазсырнайға түсірді. Алғаш рет жеке орындауда ел алдына шықты. Сөйтіп, сазсырнайға көптің құлағы үйрене бастады. Композиторлар сазсырнайға арнап шығармалар жазуды қолға алды. Музыкант үшін көрерменнің алдына шығып қолынан не келетінін көрсетуден асқан мұрат болмас. Оркестрдің сүйемелдеуіне арнап жазылған Ермұрат Үсеновтің «Көңілді арбакеші» өмірге келді. Алғаш ойнап шыққаннан-ақ тамылжыған табиғат баурайында бөшкелерге су құйып алып, арбамен ауылдарға су тасып жүрген әзілге әуес, көңілді адамды көргеннен кейінгі әсермен жазылған шығармаға да, оны орындаған Гүлфайрузға да жұрттың қошеметі жауып кетті. 1988 жылы қазақ телевизиясынан Оралбек Сарыбасов жазып алған «Играет Гульфайруз Далбагаева» атты 20 минуттық алғашқы фильм концерт түсірілді. Бұл бір жағы, көнеден жеткен сазсырнайды ел ішіне кеңінен насихаттау мақсаты болса, екінші қыры, оның алғашқы орындаушыларының өнерін бағалау, дәріптеу іспетті еді.
1991 жылы Г.Далбағай П.Чайковский атындағы колледжге ұстаздыққа шақырылды. 2006 жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық Эстрада және цирк колледжінде сазсырнай аспабы дербес оқыту бағдарламасына ие болып, өз алдына жеке мамандық ашылды. Ал 2010 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда жеке мамандық ретінде оқытыла бастады. Консерваторияға түскен алғашқы шәкірті 2014 жылы үздік бітіріп шықты. Мәскеуден мемлекеттік емтиханның төрағасы болып Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясы Осипов атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері, профессор Александр Цыганков келді. Цыганков шәкіртінің орындауындағы сазсырнайдың үнін естіп: «Қазақтар, сендер мынандай қазынаны сақтап қалған не деген мықты халықсыңдар. Мынау аспап диапазонының ықшам болғанына қарамастан, қандай керемет шығармаларды орындауға қауқарлы» деп таңғалып, басын шайқады. Мемлекеттік сынаққа кірмей тұрып қанаттанып алған шәкірті сахнада өнер көрсетіп, жоғары баға ады.
«Сазген» ансамблімен Францияға, Италияға, Түркияға, Қытайға барды. Мұхит асып, Мексикаға барған сапарында жеке солоға шыққаннан кейінгі сәт ешқашан ұмытылмақ емес. Кішкентай мексикалық қыз қуыршаққа арнап тоқыған киімін сыйлап тұрып, «сазсырнайды ұстап көрейінші» дегенде, жүрек түбінен жып-жылы ағыс жүгіріп өтті. Тілі де, түрі де басқа тыңдаушысына қазақтың қоңыр даласының үнін жеткізе алғанына шексіз қуанды.
1974 жылы Б.Сарыбаевтың «Лениншіл жас» газетінде: «Шіркін-ай, көрші өзбек елінің чангистер ансамблі, белорустардың бандуристер ансамблі, ұйғырлардың нәйшілер ансамблі бар. Бізде қашан жетігеншілер ансамблі, сазсырнайшылар ансамблі, сыбызғышылар ансамблі болар екен?» деп армандап жазып кеткен мақаласы бар. Осы мақала түрткі болып, Б.Сарыбаевтың 90 жылдығына орай Гүлфайруздың ұйтқы болуымен 2017 жылы консерваторияда Орта Азияда алғаш рет «SazArt» атты сазсырнайшылар ансамблі дүниеге келді. Оған арнайы репертуар түзіліп, әрқайсына қыштан жасалған аспаптың көне атауы қойылды: «бас сазсырнайды» уілдек, одан кейінгі жоғарылау дыбысты «тастауық», «сазсырнай», содан кейінгіні «үскірік», «құссайрауық», ең төменгісін «шыңырау» деп атады. Диапазонды толығымен қамтып, ансамбльде тек осы дыбыстар ойналған кезде әдемі әуен туды. Г.Далбағай әріптес шәкірттерімен бірге Астанада өзі кіндігін кескен «SazArt» ансамблімен, «Сазген» ансамблімен былтыр жазда түркітілдес мемлекеттердің 16 президентінің алдында сазсырнаймен жер-жаһан тамашалаған ауқымды концерт берді.
Б.Сарыбаевтан кейін сазсырнай аспабы толыққанды зерттелмеген еді, арнайы еңбектер де жазылмады. Оны зерттеп-зерделеу үшін магистратураға түсіп, бар саналы ғұмырын шәкірт даярлауға арнап келе жатқан ұстаздық жолын ғылыммен ұштастыруға ден қойды. Бүгінде Гүлфайруз Далбағай – сазсырнай тарихын жүйелеген «Сазсырнай аспабына арналған хрестоматия», «Сазды мұра», тағы басқа төрт-бес ғылыми еңбектің авторы.
– Менің бір кітабым «Қазақтың сазсырнайы және окарина тектес аспаптар» деп аталады. Окарина тектес аспаптардың ішіндегі ең көнесі 8000 жылдан аса тарихы бар қытайдың цүн аспабы. Көлемі қаздың жұмыртқасындай ғана көне аспаптың қандай материалдан жасалғанын, құмын, топырағын зерттеп қараған кезде, археологтер оны V-VI ғасырларға апарып тіреген. Эрмитаждың ғылыми қызметкері, музыкатанушы Тамара Вызго «Музыкальные инструменты Средней Азии» деген кітабында сазсырнай тарихын одан арғы ғасырларға апарып тірейді. Көне аспаптарымыздың тарихын Отырардан табылды деп, біз орта ғасырлармен ғана шектеліп жүрміз, ал тереңіне үңілетін болсақ, Афросябқа барамыз. 1905 жылы неміс ғалымы әрі саяхатшысы Рихард Карутцтың «Маңғышлақтағы қырғыздар мен түрікмендер арасында» атты ғылыми танымдық еңбегінде «экспедицияда жүрген кезімде мал бағып жүрген баланың дорбасында құран кітабы, қамыстан жасалған сыбызғы, балшықтан жасалған окарина тектес аспап жататынын көрдім» деп сазсырнайды тұспалдайды. Сазсырнай бірталай мемлекеттің өнерінде бар, бірақ желдің уілі, жәндіктің ызыңы секілді табиғи сазын сақтап қалған қазақ аспабы ғана, – деп кәсіби музыкант қазақ сазсырнайының ерекшелігін атап көрсетеді.
Ұстаздың үздік шәкірттерінің қатарында Айсұлу Ниязова, Әйгерім Өтеген бар. Шәкірттерінің бірі сазсырнайдың репертуарын зерттесе, бірі сазсырнайдың жасалу техникасын, енді бірі сазсырнайдың акустикасын, тембрін зерттеп жүр. Қалай болғанда да, көне аспаптың музыкалық мүмкіндігі жан-жақты ашылып, дәріптеліп, өнер ретінде өркендеп келе жатса, бұл ізгі мақсатты жүзеге асыруда Гүлфайруз Далбағай сияқты кәсіби мамандардың сіңірген еңбегі ұшан теңіз.
– Қайбір жылы «Бір ел, бір жол» жобасы аясында консерваторияның қылқобыз, домбыра, сазсырнайды үйрететін үш оқытушысы Бейжіңге бардық. Қытай халқы еңбекқорлығының арқасында ұлттық өнерін биік дәрежеге көтеріп отыр. Скрипкашылар, флейта, габой, контрабас сияқты классикалық аспаптардың басын қосқан 120 музыкант отырған симфониялық оркестрде біздің қылқобызға ұқсас ұлттық аху деген аспабына аккомпонент жасатып, арнайы бағдарлама түзген. Бұдан артық мемлекеттік қолдау бола ма? Біздің ұлттық аспаптарымыз мұндай қолдауды сезіну үшін әлі қанша уақыт керек? Әлгі ахуды ойнаған музыканттың өнері, таланты, оның ахумен үйлесімі, біте қайнасқан аспапқа іңкәрлігі есімізден тандырып тастады. Ал елімізде сазсырнайдың дұрыс шеберханасы да жоқ. Бұл үлкен мәселе. Аспап жасайтын адамның музыкант болуы өте маңызды. Әйтпесе құлақкүйін келтіруі қиынға соғады. Астананың түбіндегі Қосшы қаласынан консерваторияны бітірген түлегіміз Азамат Бақия өзі жасаған ұлт аспаптарының музейін ашты, қазір Азаматтың жасаған аспабымен ойнап жүрміз. Ал Қытайда ұлттық аспаптар үкіметтің қолдауымен арнайы фабрикада жасалады. Мемлекеттен қолдау сезінсе, айналасында аспапқа деген қастерлі көзқарас болса, Болат Сарыбаев ағамыз да соншама мезгілсіз бұл дүниені тәрк етіп кетіп қалмас па еді? – дейді сазсырнай өнерінің көшбасында келе жатқан кәсіби музыкант қамыққан үнмен.
Даланы бусандырып, табиғатпен бірге түлеп, ұлттық салт-дәстүр ұлықталатын наурыз айы туғанда, домбыра дүбірі, қобыз сарынымен бірге құлаққа сазсырнай сазы келіп, түркілікпен тамырласқан тағдырдың мәңгілік екеніне меңзейді. Мұнда жұмыр жердің тынысын жұдырықтай сазсырнайына сыйғызып, күмбірлеген күй мен саз төккен Гүлфайруз Далбағайдың қайталанбас музыкалық мәнері дараланып ерекше естілетініне бұл күнде ешкім дау тудыра алмайды. Өйткені өнерді өмірінің темірқазығы еткен асқақ биіктікке тылсым көктен тыныштық бермеген адалдық пен аманат қос қанатына қондырып алып жеткізген...
АЛМАТЫ