What are you looking for?

Елімізде жаңа шектеулер мен айыппұлдар енгізілді

01.07.2025

Ауыл шаруашылығы министрлігі ең көп ауланатын балық түрлеріне қатысты аулау лимитін төмендетті.

Бұл талапты бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда балық пен басқа да су жануарларын аулауға қатысты жаңа лимиттер күшіне енеді. Тиісті нормалар Ашық НҚА порталында жарияланған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы жобасында көрсетілген. Қандай балық түрлеріне шектеу қойылды, қай жерде балық аулауға рұқсат етілді және ереже бұзушыларға қандай жаза қолданылады? Бұл сұрақтарға АШМ Балық шаруашылығы комитетінің балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ілияс Махметов жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нені шектеу көзделіп отыр?

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, балық аулау лимиттері ең танымал әрі маңызды түрлерге қатысты. Олардың қатарында сазан (тұқы), табан, көксерке, шортан және басқа да балықтар бар. Бұл балықтар балықшылар арасында ғана сұранысқа ие емес, бұдан басқа экожүйенің сақталуында да маңызды рөл атқарып отыр. Сонымен қатар шектеулер кейбір шаянтәрізділер мен 2015 жылы АШМ бұйрығымен бекітілген тізімге кіретін басқа да су жануарларына қатысты қолданылады.

Лимиттер барлық су айдындарына емес, тек экологиялық тұрғыдан қажет деп танылған нақты учаскелерге белгіленеді. Мәселен, бұл Іле, Ертіс, Сырдария сияқті ірі өзендерге, сондай-ақ жекелеген көлдер мен су қоймалары болуы мүмкін. Лимиттерді бекіткенде аймақтардың климаты мен географиясы ғана емес, балық популяциясының қазіргі жағдайы да ескеріледі. Шектеулер ең әуелі балық қоры азайған немесе қалпына келтіруді қажет ететін су айдындарында енгізіледі.

"Лимиттер кәсіптік балық аулау үшін де, әуесқой (спорттық) балық аулау үшін де белгіленеді. Бұл – балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулау мақсатына қарамастан кешенді түрде реттелетіндігіне байланысты. Сондықтан да су ресурстарын пайдаланушылардың бүкіл санаты тиісті лимиттерді сақтауға тиіс",– деді Ілияс Махметов.

Лимиттер барлық жерде бірдей емес

Жаңа маусымда балықшыларға көбірек балық аулауға рұқсат берілді. Жалпы лимит 2,4 мың тоннаға артты. Былтырғы лимит 87,5 мың тонна болса, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап бұл көлем 89,9 мың тоннаға жетті. Балық шаруашылығы комитетінің түсіндіруінше, жыл сайын лимиттер ғылыми деректерге сүйене отырып қайта қаралады. Кейбір аймақтарда балық популяциясы қалпына келіп, су айдындарының жағдайы жақсара түсті, осылайша бұл лимитті аздап ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бірақ та, балық саны азайған су айдындарында, керісінше көлем төмендетілді.

Балық түрлері мен өңірлер бойынша лимиттер тізімі 2024 жылғы 26 маусымдағы №223 АШМ бұйрығында көрсетілген. Құжат adilet.zan.kz құқықтық порталында пайда болды. Құжатта рұқсат етілген балық аулау көлемі, мерзімі және шектеу қойылған су айдындары нақты жазылған.

Комитеттің хабарлауынша, лимиттердің сақталуын облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары бақылайды. Олар жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, балық кәсіпорындарының есептерін қадағалайды және бұзушылықтарды тіркейді. Кейбір өңірлерде бұл жұмысқа табиғатты қорғау полициясы мен қорықшылар да жұмылдырылады. Барлық деректер жинақталып, балық шаруашылығы комитетіне жіберіледі.

Лимитті бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?

Қазақстанда балық аулау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілікпен қатар, қылмыстық та жауапкершілік көзделген.

"Белгіленген балық аулау лимитінен асып түсу әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 383-бабына сәйкес, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар көзделген. Кейбір жағдайларда, мысалы, келтірілген зиян айтарлықтай көп болса, онда қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Аулау мақсатына қарамастан (кәсіпшілік, әуесқой немесе спорттық) жауапкершілік бәріне бірдей", – деді Ілияс Махметов.

Балық шаруашылығы комитетінің хабарлауынша, егер рұқсат етілген көлемнен аз ғана асып түсетін болса, айыппұлдар салынады: жеке тұлғаларға – 10 АЕК, шағын бизнеске – 30 АЕК, орта бизнеске – 50 АЕК, ірі бизнеске – 100 АЕК. Құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері көбейеді: азаматтар үшін – 20 АЕК-ке дейін, кәсіпкерлер үшін – (бизнес көлеміне қарай) 150 АЕК-ке дейін. Бұдан басқа заңнамада заңсыз ауланған балық пен пайдаланылған құралдарды тәркілеу де көзделген.

"Егер келтірілген зиян айтарлықтай деп танылса немесе тыйым салынған әдістер қолданылса, мәселен, электр тогы, жарылғыш заттар немесе химиялық заттар, онда жауапкершілік қылмыстық сипатқа ие болады. Осындай жағдайларда: 3000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе

3 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 4000 АЕК-ке дейін барады, ал бас бостандығынан айыру жазасы – 4 жылға дейін", – деді бас сарапшы.

Ауырлататын мән-жайларға уылдырық шашатын жерлерде балық аулау, қорғалатын табиғи аумақтарда аулау, қызмет бабын пайдалану, ірі залал келтіру жатады. Мұндай жағдайда 6000 АЕК-ке дейін айыппұл, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал аса ауыр жағдайларда, мысалы, рецидив немесе қылмыстық топтың әрекеті кезінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу, бұл салада жұмыс істеуге тыйым салу сияқты жазалар қарастырылуы мүмкін.

Social Link

Follow Me On Social Media