0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Бүгін күллі Мұсылман қауымы үшін айтулы күн яғни Қадір түні. Діни наным бойынша, бұл Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде аталып өтетін мың айдан да қайырлы түн. Себебі, бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған делінеді. Бұл түні қандай амалдар жасаған жөн? Арнайы сюжетке назар салсақ.
Қасиетті түннің «қадір» аталуында өзіндік мән бар. Араб тілінен аударғанда қадірлі, қасиетті, құдіретті дегенді білдіреді. Ал шариғатта «Қадір» — ол «тағдыр» сөзімен мағыналас, яғни осы түні пенденің бір жылдық тағдыры, ризық-несібесі жазылады деп мысал келтіреді. Ғалымдар да «Қадір түні – шәраф яғни шапаратты, абыройлы түн» екенін айтады.
Хасан Аманқұлов, ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі:
Бұл ай мың айдан артық дейді. Бір әскер Құдай жолында мың ай күресіп жүреді екен. Мұндай сауапты ешкім таба алмаса керек дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жоқ, осы Рамазан айында кімде кім шын иманмен, шын ықыласпен осы Қадір түнін өткізетін болса, сол мың айдан артық деп, соны атап өтеді.
Иә, «осы түні жасаған ғибадат-құлшылықтың сауабы мың айға яғни 83 жылға татиды. Бұл мүмкіндер үшін үлкен нығмет» дейді ғұламалар.
Бұл түнді рухани дүниені байытатын діни кітаптар оқып, діни бейнефильмдер мен бағдарламалар көріп өткізуге болады. Діни басқарма өкілдерінің пікірінше, Қадір түніне дайындық тазалықтан басталса, құба-құп.
Хасан Аманқұлов, ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі:
Үйімізді тазалап, барлық бұйымдарды өз орнына қоямыз. Ең үлкен тазалық бұл – жан тазалығы, көңіл тазалығы. Араздасқандар болса, татуласып, өйткені айқай-шу бар жерде, періште болмайды. Отбасы қуанышта, шаттықта отырса, осындай үйге періштелердің келу мүмкіндігі жоғары болады.
Бұл түні еліміздің барлық мешіттерінде «Қадір түнім қасиетім» атты 5 сағаттық жоспарлы шаралар ұйымдастырылады. Рамазан айы басталғанда оқылған Құран Хатым дәл Қадір түнінде аяқталады. Әр сағат сайын имамдар мен ұстаздар уағыз айтады. Халықтың сауалдарына жауап береді. Осылайша Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы Қадір түнін рухани әрі мерекелік іс-шара ретінде атап өтуге ниетті.
Ағабек Қонарбайұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
Қадір түнінің бағдарламасы біткен сәтте, үйіне барып сәресін яғни ауыз бекітіп үлгермей қалады. Сондықтан демеушілердің көмегімен осы мешітте сәресі тамағы беріледі. Біз осы сәтте мешіттің жамағатымен, жергілікті әкімшіліктермен келісе отырып, мешіттерде арнайы қоғамдық көліктерді дайындап қойдық.
Қадір түнінде берген садақаның сауабы мол. Халқымыздың «Әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді Қадір біл!» дегені де осыдан болар. Қадір түніндегі дұға-тілектер қабыл болсын!
Ақниет Балтанова