What are you looking for?

Қазақстан Республикасы Президенті мен Словения Республикасы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

31.03.2025

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Словения Республикасының Президенті Наташа Пирц-Мусар 2025 жылғы 31 наурыз -1 сәуір кезеңінде Қазақстанға ресми сапармен келді.

Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Словения Республикасының Президенті келесі мәселелерді мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап.

1. Қазақстан мен Словения арасындағы достық, өзара құрмет және тиімді ынтымақтастыққа негізделген 30 жылдан астам уақыт бұрын орнаған дипломатиялық қатынастарды атап өтіп, тараптар осы серіктестікті одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға деген берік ұстанымын растады. Бұл екі ел арасындағы қолданыстағы құқықтық негіздер аясында жүзеге асырылады.

2. Екі президент экономика, сауда және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісіп, әсіресе орнықты бизнес тәжірибелерді ілгерілету мен шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға ерекше назар аударды. Олар бизнес арасындағы іс-қимыл мен нарықтарды өзара насихаттау арқылы фармацевтика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар, жасанды интеллект, инженерия және озық өндірістік инновациялар салаларында ынтымақтастықты күшейтуге міндеттенді.

Осы орайда, олар Қазақстан-Словения бизнес-форумын өткізуді құптап, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның белсенділігін арттыру және Іскерлік кеңес құрудың маңыздылығын атап өтті.

3. Екі президент Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, оны Азия мен Еуропа арасындағы ең тиімді және тікелей сауда жолы ретінде мойындады.

4. Президенттер туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдап, бұл бағытта білім мен тәжірибе алмасуға, соның ішінде орнықты туризм, жасанды интеллект, цифрландыру және адам ресурстарын дамыту салаларындағы үздік тәжірибелерді қолдануға баса назар аударды.

5. Президенттер жоғары білім, ғылым және зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерделеуге уағдаласты.

6. Тараптар көрмелер, концерттер, фестивальдер мен фильм көрсетілімдерін ұйымдастыру арқылы мәдени ынтымақтастықты жандандыруға және екі халық арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуге ниет білдірді.

7. Словения Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы реадмиссия туралы келісім, сондай-ақ визалық жеңілдіктер туралы келісім бойынша келіссөздерді мүмкіндігінше ертерек бастауды қолдауға дайындығын білдірді.

8. Қазақстан мен Словения президенттері климаттың өзгеруіне бірлесіп қарсы тұру жолдарын іздеуге, әсіресе су ресурстарын басқару, шөлейттенумен күресу және табиғи апаттардың алдын алу шараларын күшейтуге келісті.

9. Екі президент әйелдердің құқығын ілгерілету және әлеуметтік-экономикалық секторлар мен шешім қабылдау үдерістерінде гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күш-жігерді қолдайтындарын растады. Олар әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі және азық-түлік қауіпсіздігі сияқты жаһандық сын-қатерлерді шешудегі маңызды рөлін атап өтті.

10. Екі президент көпжақтылық қағидаттарына, оның ішінде БҰҰ-ның негізгі рөліне адалдықтарын тағы да растады. Олар жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің маңызды рөлін мойындай отырып, Словенияның 2024-2025 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі үлесін жоғары бағалады. Астана Люблянаның осы беделді ұйым аясындағы бастамаларын құптайды. Тараптар халықаралық құқық қағидаттарын, егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеуге және дауларды бейбіт жолмен шешуге деген ұстанымдарын растады, дипломатия мен инклюзивті диалогтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

11. Қазақстан Люблянаның 20 мамырды Дүниежүзілік аралар күні ретінде белгілеу жөніндегі бастамасын қолдағанын ескере отырып, Словенияның «Жас аралар – бейбітшілік үшін» көрмесін ұйымдастыруға қатысты күш-жігерін толық құптайтынын білдірді. Бұл бастама аралардың экожүйедегі маңызды рөлін және оларды қорғау қажеттілігін көрсетеді, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, білім беру және мәдени алмасу салаларындағы екі елдің ортақ ұстанымдарын айқындайды.

12. Словения Қазақстанның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын құру бастамасын құптайды.

Өз кезегінде, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Словенияға бастаманы қолдап, БҰҰ қарарының тең демеушілерінің бірі болғаны үшін шынайы ризашылығын білдіре отырып, екі елдің орнықты дамуды, аймақтық тұрақтылықты нығайту және көпжақты ынтымақтастық арқылы жаһандық сын-қатерлерді шешуге деген ортақ міндеттемесін атап өтті.

13. Президенттер осы ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

14. Словения Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Президентін жақын арада Люблянаға сапармен келуге шақырды. Бұл сапар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді.

Social Link

Follow Me On Social Media