Отан алдындағы әскери борышты өтеу – ер жігіттің парызы. Бүгінгі таңда осы парыздан жалтарып, әскерге барудан қашатын азаматтар аз емес. Соның салдарынан жастарды көшеден ұстап әкететін жағдайлар көбейді. Әскери міндетке жігіттерді еркінен тыс ұстап әкету қаншалықты заңды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетінде берген сұхбатында: «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз», деген болатын. Яғни Президент өз сөзінде жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнатудың жөні жоқтығын, қандай жағдайда болсын, заң мен тәртіпке бағынудың ізгілендіріп, демократияның тірегі болар құқықтық мемлекет құру керегін меңзеп отыр.
Осыдан-ақ әскери міндетін өтемеген жастарды аң аулағандай көшеден күшпен ұстап әкету «Заң мен тәртіп» қағидатына томпақ келетінін аңғаруға болады.
Ата заңымыздың 36-бабында мемлекетімізді қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті екені, олар заңда белгіленген тәртіп бойынша әскери парызын өтейтіні анық жазылған. Әскерге шақырту тәртібі «Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңымен реттелген. Ол заңда да Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті азаматтарды күштеп әскери комиссариатқа апару туралы ештеңе жазылмаған. Сондай-ақ әскери қызметке дайындықтан жалтарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 650-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Әскери қызметтен қасақана жалтарушылар Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, болмаса 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесіледі. Ал осы бабты бірнеше мәрте бұзған азаматтар 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлі әскерге міндетті азаматтарды әскери комисариатқа көшеден немесе жұмыс орнынан күштеп әкету заңға қайшы әрекет екенін алға тартып, жастардың әскерге баруға ынталандырудың ізгі жолын іздеу арқылы бұл проблеманы шешуге болатынын айтады.
«Әскерге барудан жалтару фактісінің астарында не жатыр? Біріншіден, бұл сұраққа әлі де кешенді жауап берілген жоқ. Жоғары оқу орнында сабақ беріп жүріп байқағаным, студенттердің дені дәрістің 70 пайызына қатысып, қалған 30 пайызына қатыспайды. Себебін сұрасаңыз, жанбағыс үшін жұмыс істеп жүргенін естисіз. Мүмкіндігі жеткенше оқуын да қалдырмай, жұмысын да ақсатпай жүрген сол студенттерге қарап отырып, жастардың уақытты қадірлейтінін, оларға әскерге баруға міндетті бір жыл тым ұзақ мерзім болып көрінетінін, қысқарта айтқанда, ашқарынға жалаң ұраншылдық жүрмейтінін байқайсыз. Сондықтан да әскери борышын өтегендерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаулар көрсетілуі керек. Мәселен, төмен пайызбен кредит беру немесе үй алу мүмкіндігі секілді қолдаулар болса, әр жас әскерге баруға құлшынып тұратын еді», дейді Қ.Дәуітәлі.
Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар еліміздің 70-тен аса жоғары оқу орнында университет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Олар 4 талаптан тұратын іріктеуден өту арқылы ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жинаған балдары есепке алынбай оқуға қабылданады. Ал іріктеуден өтпей қалғандар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ ақылы бөлімде оқи алады. Мұның сыртында әскер сапында жүрген сарбаздарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несиелерге «демалыс беру» атты бағдарламасы қарастырылған. Яғни міндетін өтеп жүрген сарбаздың несиесі 13 айға тоқтайды. 12 ай әскери борышын өтеу мерзімі болса, қосымша 1 ай жұмысқа орналасуға беріледі.
Сарапшылар бұл жеңілдіктердің жастардың әскерге бару құлшынысын арттырмағанын айтады. Қазір керісінше әскердегі әлімжеттік пен суицид секілді жағымсыз ақпараттар тым көбейіп барады. Мәселен, кейінгі он жылдықта 220-дан аса сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Демек, әр жылда жиырмаға жуық бозбала әскерден үйіне табытпен оралады деген сөз. Бұл жағдайлар ата-аналардың да наразылығын туғызып, Отан алдындағы борышты өтеу деген қасиетті парызға көлеңкесін түсіріп жатыр. Бұл аз болса, әлеуметтік желідегі әскери һәм ішкі істер органы қызметкерлерінің киіміндегі азаматтардың көшедегі жастарды күштеп көлікке отырғызып әкету оқиғалары көбейді.
Қоғамдық резонанс туғызған осы оқиғаларға қатысты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне бірнеше сауал жолдаған едік. «Әскерге шақырудың азаматтарды еркінен тыс қинап әкетуден басқа ізгі жолы жоқ па?» деген алғашқы жауабымызға министрлік өкілдері: «Қолданыстағы заңға сәйкес әскерге күштеп әкету көзделмеген. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 30-бабына сәйкес әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскери комиссияға келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. Егер де қорғаныс министрлігі өкілдерінің заңсыз әрекет жасағаны туралы деректер болса, ол туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн деп есептейміз. Сонымен қатар Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті екенін еске салғымыз келеді», деп жауап қатты.
Ал әлеуметтік желілердегі қоғамдық резонанс туғызған видеоларға қатысты сұрағымызға Қорғаныс министрлігі тарапынан: «Әскерге шақырудан жалтарушыларға қатысты іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде блогерлер мен әлеуметтік желінің жекелеген пайдаланушылары бұқаралық ақпарат құралдарына жағымсыз материалдарды жариялайды. Бұл қала тұрғындары арасында шақыру науқаны туралы теріс пікір қалыптастырады. Аталған проблемалар азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу жұмыстарын едәуір қиындатады», деп тіл қатты.
Қорғаныс министрлігі жауабынан түсінгеніміз, егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Біз министрліктің осы жауабына сүйене атырып, жастарды әскерге күштеп әкетудің қаншалықты заңды екенін сұрап, Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдадық. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен: «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV Заңына және «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы №620 қаулысына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға қатысты мәселе Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құзыретіне жатады», деген мәтінді хат келді. Яғни тиісті екі министрлік те жастарды көшеден аяқ-қолын қайырып әскери комисариатқа күштеп әкету фактісінен бастарын арашалап отыр.
Жуырда бұл мәселеге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қайырылып, студенттерді әскерге күштеп алып кету мәселесіне байланысты ойын білдірді. Министр жоғары оқу орындарының оқуға қабылдау мерзімі мен қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру мерзімі сәйкес келмейтінін, мәселен Назарбаев университеті талапкерлердің оқуға түскені туралы шешімді шілде немесе тамыз айларында жариялайтынын, осы аралықта әлі студент атанып үлгермеген жастарды әскерге алып кету фактілері тіркелетінін мәлімдеді. Министр Саясат Нұрбек жастардың оқуға түсу мен әскерге шақырту уақытын сәйкестендіру үшін Қорғаныс министрлігіне ұсыныс жасағандарын да тілге тиек етті.
Өткен аптада елді алаңдатқан даулы мәселеге Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев та пікір білдіріп, әскерге шақыру тәртібіне өзгерістер енетінін, болашақта әскерге шақырту қағаз түрінде емес, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы келуі мүмкін екенін, азаматтар ақпараттың шынайылығын eGov кабинетіне кіріп тексере алатынын, қазір тиісті заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Шайх-Хасан Жазықбаев аталған заң қабылданғаннан кейін жастарды көшеден күштеп әкету секілді жағдайлар болмайтынын, егер азамат шақыртуды елемеген жағдайда, Әкімшілік кодекс аясында жазаға тартылатынын да мәлім етті.
Ресми деректерге қарағанда 2025 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге 42 098 сарбаз алынуға тиіс. Бұл 42 мыңнан аса әскерді толтыру тиісті мекемелерге аз жүктеме емес. Сондықтан да әскерге шақырудың күштеп әкетуден басқа ізгі жолдарын қоғам болып іздеуге тиіспіз.