What are you looking for?

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы $1,8 млрд жетті

04.07.2025

Биыл алғашқы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд долларға жетті, деп хабарлайды 24kz.

Қазір ресми Астана Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде тұр. Енді көрші мемлекеттер өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

Екі елдің үкіметаралық комиссиясы агроөнімдер тасымалына берілетін квота мен шектеулерді алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясын құру мәселесі де басты назарда тұр.

Дулат Нуркин, тілші:

- Өзбекстанның негізгі сауда серіктестер көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналым 5,3 млрд доллардан асты. Одан кейін сауда-саттықтың 15,4% көрсеткішімен Ресей тұр. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 4,8 млрд доллар шамасында. Ал үштікті Қазақстан түйіндейді. Біздің елмен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 212 млн долларға көп. Айта кетейік, ресми Астана мен Ташкент өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Ол үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылмақ. Сарапшылардың пайымынша Өзбекстан бюджетінің бүйірін толтырып отырған көгілдір газбен мақтаға сенетін заман артта қалды. Тағы бір табыс көзі шетелде, оның ішінде Ресейде жұмыс істейтін азаматтардың аударымдары еді. Ол да геосаяси жағдайларға байланысты соңғы үш жылда күрт азайған. Демек, Үкімет үшін басқа секторларды дамыту маңызды. Әсіресе, туризм саласына ерекше ден қойылып жатқанын аңғару қиын емес. Ауылшаруашылық секторына да басымдық берілген. Себебі елде қазір ет бағасы арзан емес. Мысалы былтыр Қазақстаннан экспортталған ірі-қара етінің 96%-ін Өзбекстан сатып алған. Бауырлас елге 20 мың тоннаға жуық ет импортталып, біздің шаруаларға 70 млн доллардан астам табыс түскен. Өзбекстан 2030 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 200 млрд долларға, ал Қазақстан 450 млрд доллардан асыруды мақсат етіп отыр. Қос елдің шикізаттық сектордан, өңдеуші, өнеркәсіптік және жоғарғы технологияға басымдық беруі, олардың аймақтағы экономикалық қуатты мемлекет болуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Авторы: Дулат Нуркин

Social Link

Follow Me On Social Media