Мұндай түйткілдің туындауына бірнеше фактор түрткі болып отыр.
Әрі "демографиялық дағдарыс" атты дүмпудің жер-жаһанның дамушы елдерін де дүрліктіріп жатқаны бүгін басталған құбылыс емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Елдегі ахуал елең еткізетіндей ме?
Біз бүгінгі мақаламызда Азия елдеріндегі халық санының азаюы, зейнеткерлердің көбеюі, ауылдар мен қалалардың қаңырап бос қалуы, білім ошақтарының жабылуы сынды қорқынышты жайттарға тоқталамыз. Әлбетте, туу көрсеткішінің күрт төмендеуі, өлім-жітімнің айтарлықтай артуы және ел-жұрттың жапа-тармағай өзге елге көшуі бұған тікелей байланысты.
Ұлттық статистика бюросының Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің 2024 жылғы 1 сәуірдегі мәліметі бойынша, елдегі халық саны 20 095 963 адамды құраған. Бұл – тура бір жыл бұрынғы статистика.
– 2024 жылдың алғашқы үш айында 91,9 мың мың сәби дүниеге келді, қайтыс болғандар саны – 33,4 мың адам болды. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 58,4 мың адамды құрады.
Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1000 тұрғынға 25,10 адам), Түркістан (24,71) облыстарында және Шымкент қаласында (23,57) байқалды.
Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 12,05), Шығыс Қазақстан (11,98) және Қостанай облыстарында (10,51) тіркелді, бұл – осы облыстардағы халықтың жас құрылымымен ерекшеленетін фактор.
Сондай-ақ, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 26,7 мың неке және 8,8 мың ажырасу тіркелген, – деп хабарлаған еді Ұлттық статистика бюросы.
Ал 2025 жылғы 1 ақпандағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан халқының қазіргі саны – 20 300 618. Ресми статистика халықтың өсімі бар екенін нақтылай түседі. Негізінен Орталық Азия елдерінде демографиялық ахуал жақсы деп айтуға негіз бар. Бірақ, құрлықтағы кейбір мемлекеттер қазірден бастап мұндай қауіп-қатермен күресуге мәжбүр. Олардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея мен Жапония да бар.
Демографиялық дағдарысқа ұшырған елдің бірі – Жапония
Елде тоғызыншы жыл қатарынан халық санының азаюы қайталанып отыр. 2024 жылы Жапонияда қайтыс болғандар саны 28 181 адамға артып, жалпы саны 1 618 684 адамды құраған, бұл – рекордтық көрсеткіш.
Мұндағы табиғи халық санының азаюы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, шетелдіктердің балалары да қосылған жалпы туу саны 5%-ға азайған. Бұл туралы Kyodo News ақпарат агенттігі жазады.
– Аталған үрдіс кеш үйлену тенденциясымен және өмір сүру құнының өсуіне байланысты балаларды тәрбиелеуге деген алаңдаушылықтың артуымен байланысты, – дейді олар.
NHK World-Japan-ның хабарлауынша, Жапонияда туу көрсеткішінің серпілісі 1947-1949 жылдары ғана байқалған. Тек 1949 жылы 2,69 миллионнан астам бала дүниеге келген. Бұл – рекордтық сан. Бірақ шамамен 1974 жылдан бастап туу көрсеткіші төмендеп, 2016 жылы тіпті 1 миллионға да жетпей қалған. Содан бері бұл көрсеткіш жыл сайын құлдырауын жалғастырып келеді.
Жуырда Тохоку университетінің профессоры Хироси Ёсида өте-өте қорқынышты зерттеу қорытындысын жариялады. Оның сөзінше, елдегі демографиялық ахуал дәл осылай жалғаса берсе, 2720 жылдың 5 қаңтарына дейін елде 14 жасқа толмаған бір ғана бала болуы ықтимал. Есептеу жұмысы мен болжам балалар санының жыл сайынғы төмендеуіне негізделіп жасалған. Елде егде жастағы адамдар көбейген, некелесу азайған.
Екі қытайдың бірі зейнеткерге айналуы мүмкін
Ал, Қытайдың Ұлттық статистика бюросы ел халқының соңғы үш жылдықта кеміп бара жатқанын айтып дабыл қақты. Бұл жайтқа биліктің жан-жақты қолдауы да әсер етпей тұр.
– Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың қорытындысында Қытай халқы тағы 1,39 миллион адамға кеміді. Осылайша, бүгінде халқының жалпы саны 2023 жылғы 1,409 миллиардтан 2024 жылы 1,408 миллиард адамға дейін төмендеді. Халқының табиғи түрде азаюы Қытайда осымен үшінші жыл қатарынан тіркеліп отыр, – деп жазды Reuters агенттігі.
Ең қорқынышты дерек, ондағы адамдар қатты қартайып барады. Мысалы, жасы 60-тан асқан тұрғындардың саны бір жылда бірден 13,34 миллионға көбейген. 2023 жылы шал-шауқан, кемпір-сампырдың жалпы саны 296,97 миллион адам болса, былтыр 310,31 миллионға жеткен. Бұл жағдай қазірдің өзінде өте күрделі. Яғни, елдегі әрбір 4 қытайдың біреуі зейнеткер саналады.
"Зейнет жасындағы ҚХР азаматтарының (60 жастан асқандар – ред.) саны 2035 жылы 400 миллион адамнан асады" деген болжам бар. Егер бұл статистика осылай жалғаса берсе, Қытайдағы екі тұрғынның бірі кәрі адам атанбақ.
Көрші мемлекеттегі мұндай қорқынышты жайтқа 1980-2015 жыл аралығында белсенді жүргізілген "Бір отбасы – бір бала" саясатының зардабы көп тиді.
Қытай үкіметі халықты көбірек бала тууға ынталандыруды шама-шарқынша жүргізіп-ақ жатыр. Мысалы, былтырдың өзінде осы бағыттағы бірнеше жұмысты қолға алды. Оның бәрі – жастарды ерте жастан тұрмыс құруға, бала тууға шақыру. Сондай-ақ, шығыс көршіде бірінші баласын туған жас отбасыларға жеке салықтық жеңілдіктер, арзан баспана, ақшалай көмектер де беріледі. Мұндай қолдаудың түр-түрі кездеседі. Әйтпесе, елдегі бала туудың төмендеуі көптеген деревняның жабылуына әкеліп соқты. Мысалы, 1990 жылы Қытайда 1 001 272 деревня болған. 20 жыл бұрынғы статистикада, яғни 2004 жылғы деректе 625 147 деревняның ғана қалғаны белгілі болып отыр. Осыдан-ақ егесіз қалған аулаларды елестетіп, көп жайтқа көз жеткіземіз.
Оңтүстік Кореяда мектептер жаппай жабылып жатыр
Бұл мемлекетте де туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты бастауыш сынып оқушыларының саны күрт азайғаны байқалады. Биылдың өзінде 49 мектептің жабылуы жоспарланған көрінеді.
Оңтүстік Корея Ұлттық жиналысының білім беру комитетінің депутаты Ким Де Шиктің 28 ақпанда жариялаған деректеріне сүйенсек, 2025 оқу жылында бастауыш сыныптың 1-сыныбына қабылданатын оқушылар саны 356 258 болған. Бұл – 10 жыл бұрынғы сандардан 21,8%-ға төмен көрсеткіш.
Сарапшылар туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты көптеген мектепті біріктіру немесе жабу процесі жалғасатынын ашық айтуға мәжбүр.
Статистика агенттігінің мәліметтері елдегі туу көрсеткіші 2004 жылғы 476 958 баладан 2024 жылы 238 300 балаға дейін азайғанын көрсетеді.
Өңірлер бойынша туу көрсеткішінің ең көп төмендеуі Чоллабук-до (-60,6%), Кванджу (-59,3%) және Сеул (-58,3%) қалаларында байқалады.
Оңтүстік Кореяда 2020 жылдан бастап 4 жылда 137 мектеп жабылыпты. Осы демографиялық өзгерістер 2025 жылы тағы 49 мектептің жұмысын тоқтатуына себепкер болуы ықтимал болып тұр.
Осылайша, Азияның біз атаған бірнеше елі Қазақстанға әзір төнбейтін қауіп-қатерге тап келіп отыр. "Әзір төнбейтін" деп сенімді айтуымыздың себебін жоғарыда жаздық. Бірақ, қауіптің қайдан және қашан келетінін болжау мүмкін емес. Сондықтан, барлығын алдын ала бажайлап отырған да жөн.