«Матлан Саъдайн ва Мажман Бахрайнда » Барақ (Бурак, Борак) хан туралы деректер кітаптың әр тұсында кездесіп отырады.
Мысалы кітаптың Ұлықбек заманына арналған бөлімінде «1419 жылдың 25 мамырында (түпнұсқада- Рабиъ ал-охир айының соңғы күні) Өзбек ұлысынан Бурак (Барақ) оғлан жүз көрсетіп Мырза Ұлықбек көрегеннің панасына бас ұрып келді..., шахзадалардың қатарынан орын алды, біраз уақыт Самарқандта тұрды» делінеді.
Бұдан әрі кітап мазмұнына қарағанда Мырза Ұлықбек Барақтың қару-жарақтарын дайындауға бұйырған және қайтуына рұқсат берді.
Бұл мәтіннен аңғаратынымыз- Абд-ар раззақ Самарқанди теріскей алқапты тұтас Өзбек ұлысы (Ақ Орда, Алтын Орда) деп отыр. Ол кезде Барақ Ақ Орданың билеушісі. Автор Барақты «оғлан» деп атайды, яғни Ұлықбек ордасындағы Шыңғыс хан әулетіне көзқарасты қолданып отыр, бұл Тимуридтер идеологиясы тұрғысынан түсінікті.
Келесі бір дерек: «1420 жылы 8 қыркүйекте Барақ оғланның құзырынан Сопы оғлан келіп, Ұлықбекке аңшы құс, ат және басқа да сауғалар тапсыру бақытына ие болды» делінеді.
Келесі бір деректе: «1423 жылы сәуірдің соңына қарай Хорезм аймағының әмірі Шахмәліктің нөкері келіп Барақ оғлан Мұхамедханның ордасын басып алыпты және Өзбек ұлысының көпшілігі оған даусыз (түпнұсқада- мүте, яғни дыбыссыз, сөзсіз) бойұсыныпты» деген хабар әкелгені айтылады. Бұл жерде Мұхамедхан деп Ұлық Мұхамед ханды айтып отырғаны даусыз, яғни Барақ хан Алтын Орда тағы үшін күресте жеңіп шыққан.
Келесі бір дерек хижра бойынша 829 (1425-1426) жылы Барақ ханның Сығанақ уәлайатына және Мырза Ұлықбек мемлекетінің шекарасына келгені айтылады: «Буроқ уғлон... саккиз юз йигирма туққизда (1425-1426) Сиғноқ вилоятига ва Мирзо Улуғбекнинг мамлакати чегараларига келди... Унинг бобоси Урусхон би қача вахт Сиғноқда турди ва бир иморат курдирди» (Самарқандий, 2008, 482 б.).
Алғашқы бетте бейбіт басталған қарым-қатынас жаугершілікке ауысты. Барақ хан 1426 жылы Сығанақты өзінің бабасы Орыс ханның билегенін, ғимараттарын салғанын жазады: «Сығанақ жайлауы шариат пен әдет-ғұрып бойынша маған тиісті, яғни менің бабам Орыс хан Сығнақта ғимарат құрған». 1427 жылы Үлықбек мырза бастаған Самарқанд әскеріне Хорасан әскерін басқарып Мұхаммед Жүгі Сығанақ шекарасына жақындаған жерінде қосылды. Барақ оғланның жанындағы әскер тым аз болатын. Абдураззақ Самарқанди «жуда кам сонли душман сипохини сира хам назарга илмас... ғофилда эдилар» дейді, яғни бұлар арқаны кеңге салып жүргенде, өзбек азбыз деген жоқ, лап берді, Ұлықбек қолы қапы қалды, жеңілді. Осы себепті «Бутун Мовароуннахр мамлакати шундай тус-туполонга учрадики, бир гурух калтабин кишилар Сармарқанднинг рвозаларини беркитип калъадорлик қилмоқчи булдилар» (Самарқандий, 2008, 486 б.).
Бұл соғыс Сығанақ түбінде басталып Самарқандта жалғасты және бүкіл Мәуреннахр тас –талқан болды, яғни Абд-ар раззақ тілімен айтқанда «тәртіпсіздікке ұшырады».
***
Барақ ханға қатысты соңғы дерек тимуридтерге 1429 жылдың ортасында келгенге ұқсайды, дәл уақытын анықтау қиын, оған бір себеп Барақпен соғыс барысында Мәуреннхар бүліншілігінен соң Ұлықбек биліктен кетті. Абд-ар раззақ Самарқанди 1429 жылдың ортасында Мырза Ұлықбектен (әкесі Шахрухқа ?) елші хабар әкелгенін, ол хабарда Моғолстанда Сұлтан Махмұт оғлан мен Барақ оғлан арасында қатыгез соғыс болғанын және Сұлтан Махмұттың Барақты өлтіргенін хабарлайды.
Біраз уақыт өткен соң Мәуреннахр тарапынан және бір елші жетіп Сұлтан Махмұт оғланды Моғолстанда Мұхаммед Қазидың өлтіргенін жеткізді.
***
Сонымен Барақ ханның қайтыс болған жылы 1429 жыл болып отыр. Біздің оқулықтарымыз бен анықтамалықтарда кейде 1427, кейде 1428 жылдар көрсетіледі. Қателік хижра есебін григорианға қате аударғаннан кеткен. Қадырғали Қосымұлы шежіресінде Барақ хан Сарайшық қаласына жақын маңайда қайтыс болды делінеді: «Ұрыс...Құйыршақ...Оның ұлы Барақ сұлтан еді. Атасынан соң ол патша болды. Барлық ұлыстарды өзіне бағындырды. Құйыршақ ханнан соң оны хан көтеріп Барақ хан атады. Оның өзі алып тұлғалы, ірі, нағыз ер, батыр еді. Тез арада әр тараптартағы ұлыстарды өзіне бағындырды. Ақыр аяғында Еділ төңірегінде, Жайық бойында, Сарайшық қаласына жақын жердегі Қас Наурыз өңірінде опат болды. Оның ұлы Кіші Жәнібек хан деп атанған. Осы Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі...» (114 б.). Абд-ар раззақ Самарқанди мен Қадырғали Қосымұлы жазбаларында келіспеушілік бар. Қай вариантты қабылдағанымыз дұрыс? Біздің ойымызша Барақпен заманы бір Абд-ар раззақ Самарқанди нақтырақ болар.
***
Екінші бір мәселе- атасы Орыс (Ормамбет) хан сияқты Барақтың өмірі де империяны сақтап қалу мақсатында күресте өтті. Орыс (Ормамбет) хан Жырқұтлыны, Той қожа оғланды, Едігенің әкесі Құтлы Қияны өлтірді. Барақ хан өзінің жиені Едіге баласы Мансұрды, Қажы Мұхаммед ханды өлтірді. Мансұр Едігедан қалған елді биледі, ал Қажы Мұхаммед солармен одақтас Шайбан әулетінің жауынгер өкілі еді. Алтын Орданың ыдырауына Едіге мырза мен оның билікқұмар әулеті көп себеп болғаны жоғарыдағы тізімнен көрінеді.
***
Үшінші мәселе- Барақ хан Қазақ хандығының негізін салушы, алғашқы ханы Жәнібек ханның әкесі. Бұл жерде Қадырғали Қосымұлы нұсқасы күмән туғызбайды: «Оның (Барақ ханның-Ж.А.) ұлы Кіші Жәнібек хан деп атанған. Осы Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі...». Бұдан шығатын қорытынды біреу, Қазақ хандығы тікелей Алтын Орданың мұрагері. Шоқан Уәлихановтың «Не слышно больше «плача на падение Золотой орды» -свобода их кончилась» деген сөзінің мағынасы да осы екі арадағы жалғастықты көрсетеді. Қазақ хандығы осы Барақ ханға берілген аста 1430 жылы ту көтерді.
***
Осы күнге дейін Барақ хан біздің ғылыми тарихнамада, көркем дүниелерде өзіне тиесілі орнын алған жоқ. Ұлытау мен Торғайдың арасында Барақтың көлі бар, Сығанақта ізі бар, бірақ бізге қатысы жоқ, бөтен, өгей біреу сияқты қараймыз. Өкінішті.
Проф. Ж.О.Артықбаев