Сотталғандарға көрсетілетін медициналық қызмет түрі кеңейді , деп хабарлайды 24KZ. 2 жыл бұрын түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды медициналық қызметпен қамтамасыз ету денсаулық сақтау жүйесіне жүктелген еді. Бұған сәйкес бұрын қылмыстық атқару жүйесінің дәрігерлерінде ғана қаралып келген сотталушылар енді мемлекеттік емханалардан ем-дом ала бастады. Бұл өз кезегінде жазасын өтеушілердің заманауи диагностика мен тың емдеу тәсілдеріне қол жеткізуіне мүмкіндік берді.
Бұрын жазасын өтеушілерге қажетті ем шараларын қылмыстық атқару жүйесі штатындағы дәрігерлер ғана көрсететін. Алайда түзеу мекемесінде қызмет етуге ерікті түрде көбісі келісе бермейтіндіктен, уақыт өте мекемеде медицина мамандарының тапшылығы туындады. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында екі жыл бұрын бұл қызметтің барлығы денсаулық сақтау министрлігіне берілді.
Елімізде 40 мыңнан астам жазасын өтеуші бар
Ерлан Әбдібай, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тобының бас маманы:
- Қазақстанда 78 қылмыстық атқару жүйесінің мекемесі жұмыс істейді. Онда 40 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Барлық мекемеде өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына қарасты дәрігерлік амбулаториялар бар. Егер науқастарға күрделі ем қажет болса, олар азаматтық ауруханаларға немесе арнайы медициналық мекемелерге жіберіледі.
Сотталғандарды азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарына қаруланған Ұлтық ұлан мен қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері апарады. Жазасын өтеуші тиісті ем-дом шарасын толық алып біткенше, қауіпсіздік қызметкерлері үнемі олармен бірге болады. Былтыр сотталған азаматтардың 15 мыңға жуығы емханаға барып қаралған.
Сотталғандар емханаға барғанда үнемі қарулы күзеттің бақылауында болады
Ерлан Әбдібай, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау тобының бас маманы:
- Егер де ол сотталғандарды дәрігерлердің кеңесімен ауруханаға жатқызу қажет болса, ондай жағдайда әрбір ауруханада, 90% ауруханада сотталғандарды ұстауға арналған арнайы палаталар бар. Ол палаталар темір торлармен және бейнебақылау жүйесімен дабыл тетіктерімен жабдықталған және де сол тордың ішінде отырады. Басқа азаматтардың қасында бір палатада жату рұқсат етілмейді.
Елімізде 40 мыңнан астам жазасын өтеушінің 15 мыңы арнайы медициналық бақылауға алынған. Екі жыл ішінде 2 мыңға жуық сотталушы стационарлық ем алып, клиникалық-диагностикалық тексерістен өткен жазасын өтеушілер саны 19%-ке артқан. Оның 26%-і қан айналымы, ал 11,5%-і тыныс алу аурулары бойынша қаралған.
Сергей Пенков, жазасын өтеуші:
- Бостандықта жүргенде ауыр атлетикамен, бокспен айналысып, аяққа қатты күш түсіріп алдым. Салдарынан аяқ тамырларым кеңейіп, варикозға айналды. Сөйтіп, мән бермей біраз уақыт жүре бердім. Кейін сотталған соң осындағы дәрігерлерге көрсеттім. Ол кезде аяғым қарайып, кесуге шақ қалған еді. Бірақ дәрігерлердің арқасында операция жасатып, денсаулығым түзеліп кетті. Аяғым бұрынғыдай ауырмайды. Спортпен де айналысып жүрмін, жұмыс та істеп жүрмін.
Сотталған азаматтарға аурудың 8 түрі бойынша скрининг жүргізіледі
Әлия Бекжан, ҚР ДСМ ҚАЖ ұсталатын адамдардың медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету басқармасының басшысы:
- Сотталған адамдарға скрининг 8 аурудың түрі бойынша жүргізіледі. Сәйкесінше динамикалық байқау, дәрілік қамтамасыз ету сияқты медициналық көмек көрсетіледі. Одан басқа қашықтан медициналық көмек көрсету, яғни телеконсультация, телемедицина сияқты қызметтер қолжетімді. Қазіргі таңда осы телеконсультация мен телемедицинаға қатысты сотталған адамдарға аз болса да, жақсы пікірлер жетіп жатыр Е-өтініш арқылы.
Дәрігерлік көмекті жақсарту мақсатында 2 жыл ішінде 46 медицина нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2027 жылға дейін тағы бірнеше дәрігерлік амбулатория мен медицина бөлімшелерін салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Назым Қайрат, Мұрат Әріпханов