Наурыз мерекесі жақындағалы ел іші қауырт күйге енген. Кеше ортаншы немерем WhatsApp арқылы хат жолдапты. Түйгенім, мектепте өтетін Наурыз тойына киіп баратын ұлттық киім керек екен. Өзі бұйымтайын жиі айтады. Атасын шынымен жақсы көре ме, әлде әке-шешесі үйінде «атаңнан сұра» деп үйретіп отыра ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір, бір жақсысы өтінішін ата деп бастайды. Ата деген сөзге ішің уылжып кетпей ме, аспандағы айдан басқаның бәрін әперуге бейімсің.
Демалыс күні ұзынды-қысқалы болып тіркесіп, орталық базарға бардық. Ұлттық киім үйіліп жатыр, не жоқ дейсіз. Желетке, белдемше, өңірі мен жаға жиегі және омырау тұсы көз жауын алатын түрлі жіппен кестелеген кәжекей, барқыттан тігілгендіктен жұп-жұмсақ екен. Астары болса да жүн мен мақта салынбай, ықшамдап тігіліпті. Жеңсіз кеудеше. Өзге де өңі жақсы киім жетіп артылады. Сатып тұрғанның бәрі айыр қалпақ ағайынның қыз-келіншектері.
– Өздері пысық-ақ, – дейді бір ақсақал, – бұрын кісі қайтқанда жыртыс есебінде жұмсайтын тең-тең мата сатушы еді. Қазақ одан тыйылғаннан кейін қыз жасауына көшті. Енді, міне, ұлттық киімдерімізді осылардан сатып алатын болдық. Мен төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынды жек көрмеймін, қайта осы пысықтығын жақсы көремін. Осы базарда білетіндердің айтуына қарағанда, екі жүзден астам қырғыздың қыз-келіншегі сауда жасап жүр. Тіксін, сатсын. Бірақ өзіміздің қолөнер шеберлері қайда қарап отыр?
Осы әңгіме әрі қарай сабақталып жүре бергені.
– Әлдебір мерекелерде қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді, – дейді бір әжей, – былай қарасаң бар сияқты ғой. Неге солар өздері тігіп, неге ұсынбайды екен? Біздің ұлттық киіміміздің ою-өрнегі, пошымы өзгеден гөрі өзімізге жақын емес пе?
Немереме кеудеше әперемін деп жүріп, талай нәрсе естідім. Шынында да, Алатаудың арғы бетінен келген қырғыз ағайын болмаса, иінімізге ілер жібі түзу ұлттық киім таба алмай жұтап жүреді екенбіз ғой.