What are you looking for?

Түркияда Рамазан айының символы – пиде мен гүллач

12.03.2025

Түркияда Рамазан айы – ерекше дәстүрлер мерекесі. Оразада мұсылман қауымы бір-біріне жақсылық жасап, дастарқандағы дәмді бірге бөлісіп, рухани тазалықты ұстанады. Сондай-ақ осы айда дайындалатын тағамдар да бар.

Рамазан айында түркия көшелерінде дауылпаз үнін естісеңіз таңғалмаңыз. Бұл қалың ұйқыдағы ел жұртты сәресіге ояту рәсімі. Осман кезеңінде басталған бұл дәстүр әлі күнге жалғасып келе жатыр.

Анкарада түнгі сағат 03:00. Дауылпазшы Али Маназ, жұмысқа кірісті. 40 мың тұрғыны бар мөлтек аудан көшелерін екі сағатта аралап шығуы тиіс. Жеңіл кәсіп болып көрінгенімен, бұл мамандықты кез келген адам атқара алмайды. Ол тек дабыл ғана қағып қоймай, «мани», яғни өлең шумақтарын оқиды. Бізше айтқанда жарапазан. Бұл ерекше дәстүрдің Рамазан айымен біте-қайнасып кеткені соншалық, бүгіндері дауылпазшы халық арасында үлкен құрметке ие.

Али Маназ, дауылпазшы:

- Дауылпаздың үнін естігенде адамда ерекше бір сезім пайда болады. Бұл бір аспаптың дыбысы ғана емес, Рамазан айының берекесін сезінуге шақырушы. Менің міндетім – халыққа нақты уақытты көрсетіп, сәресін ішуге шақыру. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Маған берілген мөлтек аудан үлкен болғандықтан, көлікпен аралап шығуға тура келіп отыр.

Түркияда Ораза дегенде жұртшылықтың есіне бірден түсетін тағам – Рамазан пидесі. 500 жылдық тарихы бар нанды пісіру әдісі бөлек. Тек қана қасиетті айда ғана әзірленеді. Бүгінде Түркияның кез келген қаласына барсаңыз, ауызашарға бірер сағат қалғанда пиде алуға кезекке тұрғандарды жиі кездестіресіз.

Рамазан пидесінің пішіні дөңгелек, ал қамыры әдеттегі наннан әлдеқайда жұмсақ және жабысқақ келеді. Бұл нан жоғары сапалы ұннан дайындалып, қолмен иленеді. Әдеттегі нандарға қарағанда әлдеқайда жоғары температурадағы шоқта пісіріледі. Бұл оған ерекше дәм береді.

Шит Аслан, наубайшы:

- Рамазан айы – біз үшін ерекше кезең. Иісін бұрқыратып пиде пісіру, оны тарату, ауызашарға дайындықтың бәрі де – керемет көрініс. Пиде пісіргенде көшеге тарайтын иіс, қасиетті айдың басталғанын сездіріп тұрады. Бұл мен үшін жұмыс қана емес, үлкен мәртебе. Халықтың пиделерге деген сұранысы жоғары. Күнделікті шамамен 5-6 мың дана пиде нанын әзірлеп жүрміз.

Альпер Балжы, тұрғын:

- Рамазан айында пиде пісіру — бүкіл отбасы үшін ерекше уақыт. Бәріміз бірге отырып, бөліп жейміз. Пиде – отбасы бірлігі үшін маңызды тағам. Біз осылай наубайханаға бір сағат бұрын келіп, кезекке тұрып, ауызашарға үлгеруге тырысамыз.

Жылына бір ай ғана дайындалатын ерекше әрі тәтті тағамның бірі – гүллач. Сүт, қант және тәтті дәмдеуіштер қосып дайындалады. Тарихта Осман сұлтандарына ғана тартылған ас. Асқазанға жеңіл болғандықтан, Рамазан дастарқанының төрінде тұрады.

Жансель Әлішероғлұ, аспаз:

- Гүллачтың ерекшелігі, құрамында раушан суы бар. Ал ішінде жаңғақ бар, беткі қабаты түрлі жемістермен жабылады. Әр Рамазан айында осы дәмге сұраныс артады. Сүтті десерт болғандықтан, басқа тәттілерге қарағанда қызығушылық басымырақ.

Сельда Йылдырым, тұрғын:

- Он бір айдың сұлтаны Ораза айын асыға күтеміз. Әсіресе осы кезеңдегі атмосфера ұнайды. Бұл айда адамдар бір-біріне жақсылық жасап, рухани тазалыққа ұмтылады. Биылғы Рамазан наурызбен тұспа-тұс келіп тұрғаны ерекше қуантады.

Түркияда Рамазан айы – тек ораза ұстап, дұға жасау ғана емес, дәстүрді дәріптеп, рухани тазалыққа ұмтылу, отбасындағы байланысты нығайту кезеңі. Дауылпаздың үні, пиденің дәмі мен гүллачтың хош иісі – Түркиядағы дәстүр мен діннің өзара үйлесімі.

Авторы: Меруерт Қанағат

Social Link

Follow Me On Social Media