Дәл қазір теңіздің құрғаған ұлтанына дронмен сексеуіл тұқымы себіле бастады.
Бұл тәжірибе экологиялық аумақта алғаш рет қолға алынды. Ерекшелігі сол, агродронмен тек сексеуіл ғана емес, өзге галофитті өсімдіктер де егіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Арал теңізінің құрғаған табанына тұқым себу жұмыстары кейінгі жылдары қарқынды жүргізіліп келеді. Дегенмен, агродрондар көмегімен шөлге төзімді өсімдік отырғызу бастамасы бірінші рет жүзеге асырылды.
Мамандардың сөзінше, әуеден тұқым себудің тиімділігі өте зор. Ең бастысы, артық жұмыс күшін қажет етпейді. Әрі өнімділікке де өзгеріс әкелмек. Биылғы меже – 100 мың гектар аумаққа әуеден тұқым себу.
"Арал теңізінің кепкен жеріне фитомелиоративті өсімдіктерді өсіру жоспарда бар. Осы мақсатта агродронды сынап көріп жатырмыз. Бұл құрылғы 50 келідей көтере алады. Біз кустарниктің тұқымдарын агродронмен жайып көрдік. Сарысазан және өзге де тұқымдарды сынап көреміз. Бұл бағдарлама 3 жылға арналған", — дейді "Ә. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС Алматы филиалының директоры Руслан Ахметов.
Жалпы, Арал теңізінің құрғаған ұлтаны – шамамен 6 миллион гектар. Оның 2 миллион 800 мың гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Мамандардың айтуынша, теңіз түбінен жылына 100 миллион тонна тұзды шаң ауаға көтеріліп жатыр. Тіпті оның ұшқыны Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жеткен. Сондықтан түйіткілдің түйінін тарқатуға халықаралық ұйымдар да қолғабыс етуге мүдделі.
"Іс-шара аясында 120 мың гектар алқапқа галофитті өсімдіктердің тұқымы себіліп, бүгінде 16 мың гектар алқапқа сексеуіл көшеттерін отырғызу басталды. Жоба біріншіден, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден, әлеуметтік маңыздылығы да ерекше. Яғни, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр", — деді "КАТКО" БК" ЖШС бас директоры Бастьен Паскаль.
Өз кезегінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев бұл жобаның басты мақсаты тұз бен шаңды борандардың алдын алу және Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру екенін айтты.
"2024 жылы Қазмұнайгаз компаниясының көмегімен 15 мың гектар жерге егу жұмыстары жүргізілді. 2024-2025 жылы Катко компаниясының көмегімен 120 гектар жерге себу жұмыстары және 2025 жылға арналған 16 мың түп сексеуілдің 11 800-і осы компанияның күшімен жүзеге асырылып жатыр", — деп атап өтті ол.
Мемлекет басшысы 2021 жылы 5 жылда теңіз ұлтанындағы 1 миллион 100 мың гектар жерге шөлге төзімді өсімдіктер егуді тапсырған. Қазірге дейін 780 мың гектарға мелиорациялық жұмыстар жүргізілді.
Әзірге межелі міндеттің 71 пайызға орындалды. Енді мамандар тың тәсіл арқылы жұмысты одан әрі ширата түспек.